Қоғам

«Дала дидарын» айшықтайтын фестиваль

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде «Дала дидары» атты өнер фестивалі бастау алды. Өлкеміздің бейнелеу өнерін дамытуды, ел ішіндегі танылмай жүрген таланттар мен жастардың жолын ашып, өнерін шыңдауды, шалғай ауылдардағы өнер иелері мен суретшілерді қолдауды көздеген үлкен шараның шымылдығын Көкпекті ауданы ашып берді.   

 

Бұл жобаның Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында өтіп отырғаны әсте тегін емес. Отыз жылда еліміз экономикалық және қоғамдық-саяси өмірде ғана емес, мәдени салада да көптеген табысқа жетті. «Дала дидары» жобасының түпкі мақсаты да – осы. Облыстық мәдениет басқармасы мен  Өнер музейі бірлесіп қолға алған бұл фестиваль – бір күндік шара емес. Ұйымдастырушылар, сәуірде бастау алған дүбірлі доданың желтоқсан айына дейін жалғасатынын айтады.  Желтоқсанның соңында өтетін қорытынды көрмеде фестиваль жеңімпаздары анықталып, марапатталмақ. «Дала дидары» фестивалі – ауылдағы өнер адамдары үшін үлкен мүмкіндік. Шараға облыстың барлық аудандарындағы суретшілер мен өнер шеберлері, жасына, кәсібіне және бейнелеу өнері саласындағы кәсіби дәрежесіне қарамастан қатыса алады. Әр ауданның көрмесі музейде бекітілген кесте бойынша өткізіледі.

Үлкен шараның шымылдығын Көкпекті ауданы түріп берді. Облыстық мәдениет басқармасы мәдениет бөлімінің бас маманы Гүлжан Қазымова, музей директоры Бекайым Ұябаева, Көкпекті ауданы мәдениет бөлімі басшысының міндетін атқарушы Маржан Тәжікова құттықтау сөз сөйледі.

Ержүрек батырлар мен айтулы ғалымдарды, ақын-жазушыларды дүниеге әкелген киелі өлке әлі де тұғырынан тайған жоқ. «Ел іші – өнер кеніші». Көкпектілік өнерпаздардың дайындаған шағын концерті қатысушылардың көңіліне шуақ сыйлады. Алдымен көкпектіліктердің әнұранына айналған «Көкпекті вальсі» әні шырқалды. Айтыс ақыны Фархад Маратұлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап жырдан шашу шашты. «Інжу-маржан» әжелер ансамблі  орындаған «Жанай керім» әні де шараға қатысушылардың құлақ құрышын қандырды.

Көкпекті ауданының бейнелеу өнері туындыларының көрмесі де көңілге көрік сыйлайтын көркем дүниелерге бай екен. Көкпекті ауданының экскурсия жетекшілері Айнұр Сабырбекқызы мен Зура Махамбекқызы әрбір жәдігерді келушілерге мұқият таныстырып, әңгімелеп берді.

– Бұл өнер фестивалінің берері көп. Кейде болашақ ұрпақ қандай тәлім-тәрбие алуы керек, нені көріп өсуі тиіс, немен рухани дүниесін байытуы қажет деген сауалдар әрқайсымызды мазалайтыны рас қой.  Осындай сауалдарға жауап алу мақсатында біз осы өнер фестивалін өткізуді шешкен болатынбыз. Әрине, бастамамызды қолдап, қомақты үлес қосып отырған облыс әкімдігіне, мәдениет басқармасына айтар алғысымыз шексіз, – дейді музей директоры Бекайым Ұябаева.

Көкпекті ауданының көрмесі сәуірдің 7-сіне дейін жұмыс істейді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button