СұхбатТОП

Дәурен Тұрсағұлов, футзалшы: Аягөзді «футзалдың отаны» дейді

«Тәуелсіздіктің 30 перзентімен сұхбат»

Ұлттық құрама мен «Қайрат» командасында Аягөз спорт мектебінің түлектері доп теуіп жүргенін жерлестері мақтаныш етеді. Алайда «Неге ылғи аягөздіктер құрамаға алынады? Мұның қандай да бір құпиясы бар ма?» деп, түсінбей жүргендер де баршылық. Біз осынау сырды спортшылардың өзінен сұрағанды жөн көрдік.

Бүгінгі қонағымыз – футзалдан ұлттық құрама мен «Қайрат» командасының мүшесі Дәурен Тұрсағұлов.

Айта кетейік, Тәуелсіздік мерейтойына орай «Тәуелсіздіктің 30 перзентімен сұхбат» атты жаңа жоба бастадық. Бұл айдарда егемендік жылдары дүниеге келіп, бүгінде әртүрлі салада маңдай терін төгіп жүрген үздік жас шығысқазақстандықтармен сұхбаттасамыз.

«Шығыстан команда шыққанын қалаймын»

Аягөзде шағын футбол мектебі бар ма? Әлде бала кезіңізде үлкен футболмен айналыстыңыз ба?
– Аягөз қаласында бір спорт мектебі бар. Алайда ондағы үйірме футзал немесе футбол деп бөлінбейді. Жаздыгүні көгалда доп тебеміз, ал қыста, біздің жақта қыс ұзақ қой, спортзалда дайындалатын едік. Алты айдай сонда жүреміз. Сондықтан болар, паркетте ойнау біздің жақтың жастарына мүлде таңсық емес. Әсет Мейрамханұлы деген кісі жаттықтырушымыз болды. Бізді үлкен футболға да, футзалға да баулыды.
Одан кейін Алматыға келдік. Энергетика және электронды технологиялар колледжіне оқуға түстік. Колледж директоры – Төлеуғали Тайтөлеев деген ағамыз. Сол кісі қала ішіндегі жарыстарға алып барып жүрді. Он-он бірінші сыныпқа дейін туған жерден футбол әліппесін үйреніп келсек, оны осы Энергетика колледжінде жалғастырып, дамыттық. Одан берідегі үлкен командалардың құрамына колледжде жүріп іліктік қой.
Өскемен мен Семейде доп теуіп көрдіңіз бе?
– Иә, оқушы кезімізде облыстың үлкен қалаларында талай ойнадық. Аягөздің атынан жарысқа баратынбыз. Үлкен футболдан да, шағын футболдан да орындар алып жүрдік.

Біздің анықтама:

Туған жылы: 16.01.1996
Туған жері: Аягөз қаласы
Алаңдағы номері: 12
Алаңдағы позициясы: шабуылшы
Ойнаған командалары: «Ұшқын-Искра», «Жетісу», «Қайрат».
Жетістігі: ҚР спорт шебері, Қазақстан чемпионы, ҚР Суперкубогының иегері. 2018 жылы студенттер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Аталған чемпионаттың үздік шабуылшысы.
Сүйікті фильмдері: «Достать ножи», «Семь жизней» және «Форсаж».

Қазір республика чемпионатында футболдан да, футзалдан да Шығыс Қазақстан командасы жоқ. Бұл туралы не ойлайсыз?
– Бұйыртса, алдағы уақытта Шығыстан команда шығады деп үміттенеміз. Біраз уақыт бұрын футзалдан бір команда шығады екен деген сыбыс болған. Бірақ әлі «шығады, шығадымен» созылып келе жатыр. Сол ойдың іске асқаны дұрыс қой. Біз қатты қуанар едік. Негізі, расымен, құрылса, бір жақсы команда болады деп ойлаймын өз басым. Өйткені Шығыстың жастары спортзалда жақсы ойнайды. Семей мен Өскемендегі жарыстардың деңгейі де біршама жоғары.
Ал үлкен футболға ауа райы кері әсер етеді дейсіз ғой? Кейбір сарапшының пікірінше, Шығысқа жабық кешендерді көптеп салу керек, өйткені жасыл алаңда доп тебетін маусым тым қысқа.
– Иә, ауа райы суық қой. Сондықтан футзалды дамытып, осы спорт түріне көңіл бөлінсе жақсы болар еді.

Кака Аягөзге келмек пе?

ЕУРО-2022 іріктеу кезеңі аясында Беларусь командасын жеңдіңіздер. Сол ойында маңызды голдардың бірін сіз соқтыңыз. Бұл туралы Іnbusiness.kz сайты «Қазақ фтуболының дәурені жүрді» деп жазды. Жалпы, Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Қайрат» командасында, салыстырмалы түрде, Аягөздің мектебінен шыққан аяқдопшылар көп. Мұның қандай да бір құпиясы бар ма?
– Аягөздіктердің қандай құпиясы бар екенін білгіңіз келе ме? Бәрінің білгісі келеді. (Күлді). Ұлттық құрамадағы болсын, басқа командалардағы болсын жаттықтырушылар, жалпы футзалды білетін үлкендердің бәрі осы сұрақты қояды. «Немене, Аягөзде футзалдың мектебі бар ма? Мына балалардың бәрі қайдан жүр?» деп күледі олар. Ұлттық құрамада бес аягөздік бар. «Қайрат» командасының негізгі құрамында да, U-19 құрамында да біздің жерлестеріміз жетерлік. Алғаш үміткерлерді қабылдарда жаттықтырушылар мән-жайды сұрайды ғой. Келушілердің көбі Аягөзден болып шығады, соны естіп таңғалады, бір жағынан, қызығады. «Аягөз – футзалдың отаны» деп қалжыңдап жатады.
Бапкерлер ішкі чемпионатты қадағалайды ғой. Біздің бапкер әрбір ойынды қарайды. Сонда аягөздіктер өз командасында жақсы, құлшыныспен ойын ойнайтынын айтады.
Айтпақшы, жоғарыда айтқан Энергетика колледжінің директоры Төлеуғали ағамыз да Аягөздің тумасы. Ол кісі біздің бас бапкермен араласады. Бір күні оны «Аягөзге алып барамын, өзінің шәкірттері шыққан жерді көрсетемін» деп айтқан. Бапкеріміз бұл ұсынысқа келіскен.
Сіз бас бапкер Кака туралы айтып жатырсыз ғой, иә?
– Иә.
Тамаша жаңалық болғалы тұр екен.
– Жазда барып қалатын шығар, бұйырса.

Бразилиялық спортшылармен бірге доп тебу сіздерге қалай әсер етіп жатыр?
– Олар өте тәжірибелі спортшылар. Әлем чемпионатын, Чемпиондар лигасын жеңгендер бар арасында. Бірге ойнай жүріп көп нәрсені үйреніп жүрміз. Соларға қарап бой түзеп, ары қарай өскіміз келеді. Өздері білгендерін жасырмай айтып, көрсетіп те береді.
Олардан үйреніп, жас аягөздіктерді дағдыландырасыздар…
– Әлбетте, ұлттық құрамаға жастар алынғанда бас бапкер әдіс-тәсілдерді көрсетіңдер деп нұсқау береді. Алғаш келген адам ұялады ғой. Біз оларды ортаға тартуға тырысамыз. Тіпті тамақтың үстінде де дастархан бетіне қасықтың сабымен алаңды нобайлап сызып, комбинацияларды тәптіштеп түсіндіріп жібереміз.
Қазір осы спорт түрінде қазақ жастары көп. Тәуелсіз еліміздің туын әлемдік додаларда ұдайы желбіретеміз деп үміттенеміз.

«Қарсыласпен жиі түйісіп қаламыз»

Жуықта болған Израиль құрамасымен, «Аят» командасымен қарымта кездесулерде өзіңізді алаңнан көрмедік.
– Израильмен бірінші кездесуде аяғымды ауыртып алдым. Қазір тәуірмін. Бұйырса, «Аятпен» үшінші ойынға шығатын шығармын.
Жалпы, паркетте жарақат алу ықтималдығы жоғары секілді. Футбол мен футзалдың айырмасын айтып беріңізші.
– Екеуінің айырмасы өте көп. Футзалда тез-тез ойлануың керек. Шапшаң қимылдауың керек. Қарап тұруға болмайды. Өте жылдам ойын. Қарсыласың ұзаса бір-ақ метр қашықта аңдып жүреді. Одан бөлек, сіз айтқандай, жарақат та көбірек болады. Себебі қарсыласың жақын тұрған соң итерісіп, тіресіп, допқа физикамен таласасың. Қарсыласпен жиі түйісіп қаламыз. Жалпы, ойында ерік-жігер, күш-қуатың мол болуы керек.
Сіздің алаңдағы позицияңыз қандай?
– Бас бапкер ойын алдында бәрімізге тапсырма жүктейді ғой. Менің көбіне қарсылас қақпасының маңында жүруімді талап етеді. «Алдыда жүр, шабуылдарға қатыс, гол соқ» дейді.
Ал өзіңіздің үйдің ауласында кешкілік доп ойнайсыз ба?
– Жақын маңдағы бір мектептің артында футбол қорабы бар. Сонда жас балалар доп теуіп жүреді. Демалыс кездерінде мектеп ауласында жүгіремін. Кейде қызық көріп олармен ойнаймын. Достарым, Аягөздің футболшылары кейде жиналып ойнайтын. Сонда да баратын едім.
Ал таныстарыңыз «біздің командада ойнап берші» деп, жарыстарға шақырған кездер болды ма?
– Иә, неше түрлі турнирге шақырады. Бұрын тіпті көп шақырған. Қазір «Қайрат» және ұлттық құрамамен келісімшартымыз бар. Артық жерде ойнауымызға болмайды. Соны айтып түсіндіремін. Бәрі түсінеді. Ал жазғы демалыста қалпымызды сақтау үшін Алматыдағы әуесқойлар лигасында Энергетика колледжінің командасында ойнаймыз. Әрине, оған басшылықтың арнайы рұқсатын алып барып бірақ барамыз.
Болашақта қай командада ойнағыңыз келеді?
– Испания мен Ресейдің чемпионаты өте мықты. Бұйырса, солардың бірінде доп тебуді армандаймын.
– Бәрекелді! Іске сәт!

Сұхбаттасқан – Тасқын Болатұлы

 

Осы айдарда

Back to top button