«Дидардың» қонағыСпортСұхбатТОП

Дәурен Нұралинов, «Қазақстан барысы»: Ақшадан атақ маңызды

 

«Қазақстан барысы» турнирінің биылғы жеңімпазы Дәурен Нұралинов бұған дейін осы жарысқа үш рет қатысса да, жалпы халық үшін «жаңа есім» болды. Айбек Нұғымаров, Руслан Әбдіразақов, Бейбіт Ыстыбаев, Мұхит Тұрсынов сынды танымал балуандардан бөлек, басқа жеңімпаздың аты шыққанын бұқаралық ақпарат құралдары «жаңа чемпион шықты» деп екпін бере жазды. Дәл осы сәтте әлеуметтік желілер де дүр сілкініп, онда белгілі ақындар мен қарапайым интернет қолданушылары спортшының руы мен жеріне қатысты дауласып жатты. Қысқаша айтсақ, бір жыл үзілістен кейінгі (коронавирус пандемиясына байланысты былтыр жарыс өткен жоқ – авт.) турнир нәтижесін ел кішігірім сенсация ретінде қабылдады. Біз жеңімпаздың өзімен сұхбатымызды ұсынамыз.

 

«Туысының үйіне қондыратын»

 

– Сіз қай жерденсіз, өзіңіз айтыңызшы?

– Аягөзде тудым. Қазір онда ата-апам тұрады. Жыл сайын барып тұрамын. Біз, мен бір жасқа толғанда Семейге қарасты Приречное деген ауылға көшіп келіппіз. Сонда есейдім. Ауылда бес көше, бір футбол алаңы, бір мектеп бар. Арғы жағындағы Мұздыбай, Гранитное деген ауылдардан балалар келіп оқитын. 500-600-дей бала болды мектепте. Ауыл халқы егін егіп, мал ұстайды. Ертістің жағасындамыз. Ертіске шомылып өстік. Ауылымызға Ербол аға (Ербол Игенбаев – Дәурен Нұралиновтың алғашқы бапкері – авт.) көшіп келіп, күрес үйірмесін ашты. Күрес өзіме ұнады. Солай спорт жолым басталды. Ербол аға мені Асқар Арқабаев, Аман Шариповтерге берді. Олар барын үйретіп, астанаға интернатқа, Мұрат Матышовтың қоластына жіберді. Ол кісі мені дайындап, ұлттық құраманың бапкерлеріне тапсырды.

– Бала кезіңізде біраз жарысқа бара алмай қалған екенсіз…

– Ауылда, қарапайым отбасынан шыққан соң өз қаражатыңмен баратын жарыстарға жете алмай қалған кездеріміз болды. Бапкерлерім демеушілер іздестіріп, шамасы жеткен жерге алып баратын. Тым болмаса жолға ақша тауып, барған жерде туысының үйіне қондыратын. Туыстары бізді баласымен бірге тамақтандырып, жарыстан соң ауылымызға жолға салып жіберетін. Құрамада жүргенде облыстан ақша бөлінбей, шетелге оқу-жаттығуларға барарда қиындықтарға тап болған кездер болды. Ондайда тағы да бапкерлеріміз анда-мұнда жүгіретін, өз қалтасынан ақша қосатын. Баланың өсуі мен жетілуі үшін ештеңені аямау керек дейтін олар. Бізді солай тәрбиеледі.

Бертінірек спортшының баршасы секілді жарақаттың зардабын көрдім. Иығым мен аяғым сынды, сіңірім созылды. Бұл дәруменнің жетіспеуінен болған қиындықтар.

 

«Тәуекел ет те – таза жеңіл»

 

– «Қазақстан барысы» турниріне келсек. Сіз бұған дейін әдемі әдіс-тәсілдеріңізбен көрерменнің көңілінен шығып келдіңіз. Алайда бұл жарыста басқа жолды таңдаған секілдісіз.

– Бұрын шабуылға көп шығып, қарсыласты әдемі әдіспен лақтырып тастауға әрекеттенетінмін. Бұл халыққа ұнайтын. Эмоцияға беріліп, қателіктерге бой алдыратынмын. Жаттықтырушыларымызбен осы жолғы турнир алдында ақылдасқанда бір бүк ұпайымен болсын жарыста жеңеміз деп мақсат қойдық. «Ұпай алып тұрғанда оны барған сайын арттыра бермей, сақтап қалуға күш сал» деді ағайлар. Маған қойылған тактика сол болды. Аз ұпаймен де чемпион болуға болады екен.

Турнирде кіммен белдесу қиын болды?

– Нұрдәулет Жарылғапов турнирде мықты өнер көрсетті. Әдіс-тәсілдері қиын, ыңғайсыз қарсылас. Мен онымен кездескенде қолым сіресіп, қатып қалды. Сескеніп қалдым. Жалпы «бүк ұпайымен ұтылғанша, тәуекел ет те – таза жеңіл» деген ұстанымым бар. Нұрдәулетпен тең түсіп жатқанымда, оны шиырып лақтырғаным сондықтан. Бүк ұпайы деген – кішігірім ғана айырмашылық қой. Бұлай жеңілгенше тәуекелге барғанды құп көремін. «Құласаң, нардан құла» демекші, сонда таза жеңесің, не таза жеңілесің. Есесіне, артынан өкініш болмайды.

 

«Все или ничего»

 

– Жеңімпаз болғаннан кейінгі сұхбатыңызда «маған ақшадан атақ маңызды» дедіңіз. Атақ сізге не береді?

– Қазақ күресімен 15 жылдан бері шұғылданамын. Жарыстардың бәрі елдің көз алдында, телеарнадан тарап жатыр. Менің қатардағы балуан болып қалғым келмейді. Өзімнің тек жүрмегенімді дәлелдеуім керек. Күресте өзімнің жолымды қалдырып, үлес қосқым келеді. Алдымдағы ағаларым секілді кейінгі жасқа мен де өнеге беруге тиіспін. Бізден кейінгілер «ағаларымыз ештеңе қалдырмады» деп айтқанын қаламаймын. Ертең мектеп ашсам да, көптің бірі болып емес, биікке жеткен адам ретінде балаларды тәрбиелесем деймін. Атақ маған осы үшін керек.

– Турнирде бірінші орынға 25 миллион теңге, екінші орынға бес жарым миллион теңге береді. Бұл әділетсіз емес пе?

– Қазір осы сұрақ төңірегінде көп талқылау болып жатыр негізі. Өз басым, жүлдеге қатысты әділетті-әділетсіз деп кесіп айта алмаймын. Орыстарда «все или ничего» деген сөз бар. Сол айтпақшы, бұл жарыста не ұтасың, не бәрінен ұтыласың. Ал жалпы, маған ақшаңды екінші орын алған адаммен бөліс десе, бөлісе салар едім. Бұл сұраққа ұйымдастырушылар жауап беруі керек шығар.

– Ұтқан ақшаңыздың қаншасы өзіңізге тиді? Оны қандай да бір белгілі мақсатта жұмсауды жоспарлап отырсыз ба?

– Ұтқан ақшаны әлі алған жоқпыз. Қолыма тисе, бала кездегі арманымды жүзеге асырғым келеді. Ол қандай арман? Басында айтқанымдай, ауылымызда күрес кілемі болмады. Гимнастикалық бес-алты матыда көп бала арпалысып, дайындалатынбыз. Қалаға барғанда үлкен залдарда, үлкен татамиді көріп, бізде де болса ғой деп армандайтынбыз. Ауылға екі татами алып беріп, бір сәтте 30-40 бала қысылмай-қымтырылмай дайындалатындай жағдай жасағым келеді. Балаларға кимоно мен құрал-жабдық алып берсем жақсы болар еді. Болашақта жас спортшыларды жарысқа апаратындай шағын автобус сатып алсам деймін. Ауылдан Олимпиада чемпионы шығатынына сенемін.

 

«Чемпион болған соң ешқайда кетіп қалған жоқ»

 

– Шығыста қазақ күресі мектебі жақсы дамыған. Бірнеше «Қазақстан барысы» шықты. Осы деңгейге жетуге кімнің еңбегі сіңді?

– Бізде қазақ күресін Шалқар Жоламанов, Айбек Нұғымаров, Думан Қыздарбеков, Мұхит Тұрсыновтар бастады. Үлкен жүлделерді алған соң оның бәрі бір-бір төбе болып бір жақтарға кетіп қалмайтын, Семейдегі №17 мектептің залында жаттығып, өнерлерін дамытып жүрді. Облыстың деңгейін көтерді. Серік Сәпенұлы бастаған бапкерлеріміз мұқым республика біздегі қазақ күресі мектебімен санасатындай дәрежеге жеткізді. Біз сол кісілермен бірге аптасына екі рет дайындалдық. Үйрететінін үйретіп, түзететін жерді түзетіп жіберетін. Осы жігіттердің арқасында жақсы спортшылар жетіліп келе жатыр деп айта аламын.

– Біздің ұлттық спортымыз жиын-той мен астың ауқымында ғана қалып қойған секілді көрінбей ме?

– Иә, бізде көп ас беріліп, жүлдеге мәшине мен қаржылай сый-сыяпат тігіледі. Оның жөні бөлек. Той болған соң, халық ел назарындағы спортшылардың өнерін тамашалауды армандайды. Той сонымен көрікті болады. Ал былай алып қарасақ, әлемде қазақ күресімен айналысатын балуандар пайда болып жатыр. Балуандарымыз 32 елге барып, күрестің әдіс-тәсілдерін үйретіп жатыр. Әр жерде әлемдік жарыстар ұйымдастырылып жатыр. Қазақ күресі – жас спорт, дзюдомен салыстыруға келмейді. Бірақ дзюдо да бірден дзюдо болған жоқ қой. Уақыт керек.

– Кейбір көрерменнің айтуы бойынша, ірі балуан мен жеңіл балуанның күресі қызықсыз, баламен ойнап күресіп жүрген секілді көрінеді. Өзіңіз ірі денелі спортшысыз. Бұған қалай жауап берер едіңіз?

– Салмағы аз адаммен күресу қиынырақ болады. «Қазақстан барысына» ереже бойынша 90 келіден жоғары салмақтағылар шығады. Біздің жанымызда кіші көрінгенімен, олар да ірілер санатында. Біз секілді аса ауыр балуандардың артық салмағы болады. Ал олардың бізден басымдығы: шымыр, энергиясы мол, жылдам. Егер қазақ күресін үзбей көріп жүрсеңіз, жеңіл балуандардың көбірек жеңгенін көрер едіңіз.

 

«Дәл осы жолы жеңуім керек болды, өйткені…»

 

– Сіз жеңімпаз болғаннан кейін әлеуметтік желіде жерлестеріңіз Аягөз бен Абай ауданы немесе арғын мен найман елі болып дауласып жатты. Жалпы осы секілді дау ұлттық спорттың айналасында көп бола ма?

– Әлеуметтік желідегі осы сарындағы пікірдің бір-екеуі көзіме түсті. Мені екіге бөліп тартқылаудың қажеті жоқ. Бөлінуге түбегейлі қарсымын. Менің арғын да, найман да достарым бар. Бәріміз бірге өстік, ешқашан ел-жерге бола төбелеспедік.

– Жарыс басталмай тұрып не ойладыңыз?

– Бір жыл карантинде уақытымыз бос өткендей болды. Бапкерім спортты қойғалы тұрған жерімнен тоқтатып, «Қазақстан барысына» қатысуға көндірді. «Бауырым, сен не істеп жатырсың? Екеуіміздің еңбегіміз еш кетті ме? Қаншама жарақатты бекер жеңдің бе? Арманымыз қайда қалды?» деді. Содан кейін ойландым. Осының алдында «Қазақстан барысына» үш рет Алматының атынан қатыстым ғой. Онда тауда дайындалдық. Маған жақпады-ау деймін. Туған жеріме келіп, орман ішінде жүгіргенім жақсы болған секілді. Достарыммен дайындалғанымда уақыт та көңілді өтті.

– Психологиялық тұрғыда өзіңізді қалай қайрадыңыз?

– Осыған дейін халықаралық, әлемдік жарыстарда күрестім. Жалпы алғанда мен психологиялық тұрғыда дайын спортшымын. …Содан ақыры қатысатын болған соң жеңуді ғана ойладым. Өйткені жыл өткен сайын жасармаймыз. Оның үстіне Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Руслан Әбдіразақов секілді мықтылар бозкілемде жүргенде «барыс» атануым керек болды. Олар спортты қойғаннан кейін жеңсем, өзіме ауыр болар еді.

– Балуан болмасаңыз кім болар едім деп ойлайсыз?

– Жақсы жүзе аламын, шахмат ойнаймын, футбол, баскетбол, волейболға да жаман емеспін. Балуан болмасам, бәрібір де спортшы болар едім және қай спорт түрімен айналыссам да жақсы нәтижеге жетер едім деп ойлаймын.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button