Дәулескер күйші туған ауылына келді

Берікхан Тайжігіт,
Үржар ауданы.
Қоңыршәулі ауылдық округінің орталығы Таскескенде елге үлгі боларлықтай іс-шара өтті. Мәдениет үйіндегі күйші Сапаржан Торсықбаев атындағы домбыра кабинетіне осы жердің тумалары, белгілі өнерпаздар келіп, жұртшылықпен кездесті.
Мәселен, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, көрнекті күйші – ғалым Біләл Ысқақов пен Сапаржан ағамыздың қарындасы, Астана университетінің профессоры Биғамила Баяхметқызы келді. Олар өздерінің тай-құлындай тебісіп бірге өскен достарымен Мәдениет үйінің ішін аралап, С.Торсықбаев атындағы домбыра кабиетіне аялдап, өткен өмір жолдарынан сыр шертті.
– Жалпы, мен ұстаздан кенде болмаған адаммын, – дейді профессор Біләл Ысқақов. – Мәселен, Сергиопольде (Мамырсу) тұрған Тәттімбеттің немересі Шайқы Мұсатайұлын, Таскескенде Ысқақ ата мен Сапаржан Торсықбаевты, нағашы ағам Қасқырбайды, Уәли Бекеновті, Төлеген Момбековты, Тілеш Бәділовті, Айтқали Жайымовты, Мәлғаждар Әубәкіровті, Нұрғиса Тілендиевті өзіме ұстаз тұттым.
Іс-шара соңынан дәулескер күйші Біләл Ысқақов ағамыз Төлеген Момбековтің күйшілік мұрасы туралы «Төлеген толғаулары» атты кітабын ауылдастарына сыйға тартты. Сондай-ақ “Бозінгеннің бүлкілі” деген күйді жерлестері алдында нақышына келтіріп, орындап берді.