Қоғам

Дәстүрлер дәріптелді

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінде «Бір шаңырақ астында» атты шығармашылық фестиваль өтті.

Қазақстан халықтарының бірлігі күні – еліміздегі жарқын мерекелердің бірі. Тарихқа зер салсақ, 1920 жылдардан басталған депортация кезінде елімізге Беларусь, Украина, Ресей, Армения, Грузия және басқа да кеңестік елдерден миллиондаған адам қоныс аударғаны белгілі. Ал соғыстан кейінгі 50-ші жылдары тың игеру кезінде тағы да шамамен 600 мыңдай өзге ұлт өкілі елімізге қоныстанды. Олардың көпшілігі осында тұрақтап қалып, ұрпақ өрбітіп, бүгінде Қазақстанды өз Отаным деп санайды.

Халықтар достығына арналған шара барысында өңірдегі 19 колледждің студенттері елімізде ынтымақ пен бірлікте тату-тәтті өмір сүріп жатқан әртүрлі ұлт пен ұлыстың мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстырып, талантты жастар өнерлерін ортаға салды.

Фестивальге қатысушыларды Риддер қаласындағы аграрлық-технологиялық және көпсалалы колледждің студенттері қазақтың қонақжайлығына сай шашу шашып қарсы алды.

Өскемен қаржы-экономика колледжінің өнерпаздары қыз ұзату, беташар, бата беру сияқты ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып келе жатқан қазақтың тамаша салт-дәстүрлерін сахналады. Өскемен политехникалық колледжінің студенттері қысты шығарып салуға арналған орыс ұлтының Масленица мерекесінен көрініс қойды.

Қазақстан-Американдық еркін университеті колледжінің мың бұралған өнерпаз қыздары көрермендерге өзбек биін тарту етті.

Өнер байқауын жалғастырған Техника-экономикалық колледж студенттері украин халқының, Самар мен Күршім колледждері беларусь халқының «Көктемді шақыру» дәстүрімен таныстырды. Шемонайха гуманитарлық-техникалық колледжі тау халқы – грузиндердің ұлттық биі лезгинка мен үйлену тойын сахналады. Ал Глубокое аграрлық колледжі мен техникалық колледжі армян халқының, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі мен «Квансон» Қазақ-Корей колледжі корей халқының, Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі неміс халқының, С.Аманжолов атындағы ШҚУ жоғары колледжі ұйғыр халқының, Бородулиха ауыл шаруашылығы колледжі мен Серебрянка технологиялық колледжі еврей халқының өнерін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін көрсетті.

Шара барысында ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесі мен «Гармония» орталығының өнерпаздары әннен шашу шашып, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

– Бұл дәстүрлі фестиваль биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Мұндай шаралар студент жастардың шығармашылық қабілетін дамытып, өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен әдет-ғұрпына, өнеріне деген қызығушылығын арттырады. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Елімізде көптеген ұлттың өкілдері ынтымақта өмір сүріп жатыр. Сондықтан ұлтаралық келісімнің маңызы зор. Елімізде тыныштық болып, бірлігі жарасқан ел болайық, әркез ынтымақта, достықта болайық! – деп игі тілегін білдірген облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Гүлмира Мамырбекқызы фестиваль соңында қатысушыларға Алғыс хаттар тапсырды.

Айжанат Бақытқызы

 

Осы айдарда

Back to top button