РуханиятТОП

Дәстүр – болашақтың берік іргетасы

Қазақстанкөпұлтты, көп мәдениетті ел. Бейбітшілік пен келісімде 130-дан астам этнос пен 18 конфессияның өкілдері тұрып жатыр. Олардың әрқайсысы өз дәстүрлерін аса құрметтейді және ортақ мәдени құндылықтарды мұқият сақтайды.

Салт-дәстүрлер – кез келген этностың мәдениеті мен өмірінің маңызды құрамдас бөлігі. Олар халықтың бүкіл мәнін, ойлау тәсілі мен негізгі сенімдерін сақтайды. Адамдарға өз тарихымен, ата-бабаларының өмір салтымен байланысуға көмектеседі және туғаннан өлгенге дейін өмір бойы бірге жүреді. Олардың арасында уақыт өте келе, қазақ халқының ұлттық мінезінің ерекшеліктеріне айналғандары ерекше орын алады. Бұл – қазақстандықтардың қазіргі өмірімен тығыз байланысты үлкендерге деген қонақжайлылық пен құрмет дәстүрлері.

Түрлі өзіндік ерекшелікті мәдениеттердің өзара кірігуі – қазіргі Қазақстанның шындығы. Елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, достық, сенім және өзара сыйластық ахуалы баяғыдан-ақ қалыптасқан.

Біздің елде барлық мемлекеттік және діни мерекелерді бірге атап өту әдетке айналған. Соның жарқын бір мысалы, жақында өткен әз Наурыз мейрамын мерекелеу болды. Онда түрлі конфессиялар, діндер мен этностардың өкілдері көктем мерекесі мен табиғат жаңаруын бірге қарсы алып, осы салтанатқа байланысты барлық салт-дәстүрлерді әйгілеп, тағы да бір жаңғыртты. Он күн бойы аталып өткен мерекеде қазақстандықтар бір-бірін Наурыз мерекесімен құттықтап, ақ тілектерін білдірді.

Сонымен қатар Наурыз мейрамы мен Масленица сияқты мерекелердің белгілі бір ұқсастықтары бар. Мысалы, Наурыз – көктемгі жаңару мерекесі болса, Масленица да қысты шығарып салумен және көктемді қарсы алумен байланысты. Екі жағдайда да ересектер де, балалар да мерекені өткізуге қатысады. Ән шырқалып, би биленіп, халықтық ойындармен және дәстүрлі тағамдармен айшықталған жаппай мерекелер өткізіледі. Сондай-ақ аталмыш мерекелерде көршіден кешірім сұрау, өкпе-ренішті ұмыту, басқаларға сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсету әдеттегі жағдайға айналады. Ең бастысы, Наурыз мерекесі мен Масленица ежелгі дәстүрлердің сабақтастығын сақтап, қазіргі болмысты ескере отырып, үйлесімді түрде өзгергенін айтқан жөн.

Мұнымен қатар, осыған ұқсас жағдайлар Пасха, Рождество, Құрбан айт сияқты діни мейрамдарды атап өту кезінде де болады. Аталған мереке күндері қонақ шақырып, төрге шығарып, оларды ұлттық тағамдармен төредей күту – бұрыннан қалыптасқан игі дәстүр.

Сондықтан қазақ жерінде бір дастарханнан құймақ пен бауырсақты бірге көру ешқандай таңғаларлық дүние емес.

Қазақстан халқы ежелден өзінің қонақжайлығымен, бейбітшілік сүйгіштігімен және салт-дәстүрінің беріктігімен әйгілі болған, олардың көбісі бізге өзгеріссіз жеткен.

– Қазақстанда түрлі этнос өкілдері тұрады. Бұл – бүкіл әлемге белгілі шындық. Бұл – біздің тағдыр жазған құндылығымыз. Біздің елде әртүрлі мәдениеттер бірге дамуда. Осының арқасында біздің әлеуетіміз артып, бірлігіміз нығайып келеді, – деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғалымдардың айтуынша, салт-жоралғылар мен әдет-ғұрыптардың маңыздылығын, сондай-ақ олардың мемлекет пен жалпы халықтың қалыптасуындағы рөлін асыра бағаламау мүмкін емес. Өйткені дәстүр бойынша адамдар өздерінің дүниетанымын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді, ал жастар олардан құнды тәжірибе алады, өз тұжырымдарын жасайды және өз халқының ұлы мәдениетінің бір бөлігіне айналады.

Қорытындылай келе айтсақ, Қазақстанның әрбір азаматының өз этносының мәдениетін, тілін және дәстүрін дамытуға мүмкіндігі бар екенін атаған жөн. Бұл үшін елімізде барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Фото: Тілеубек Шаяхмет;

Д.Қасенов

(Мақала Шығыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді)

Осы айдарда

Back to top button