COVID-19 

Дәріні қымбатқа сатқан

Облыс орталығында коронавируспен ауырғандарға тағайындалатын, қанды сұйылтатын ксарелто препаратының  бекітілген бағадан қымбатқа  саудалануы тіркелді. Бұл кемшілік  «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері мониторингтік топ мүшелерімен Өскемен қаласындағы бірқатар дәріханаларға мониторинг жүргізген кезде әшкереленді.

Тексерушілер Назарбаев даңғылы, 1 мекенжайында орналасқан Signatura дәріханасында BAYER фирмасы өндірген ксарелто (ривароксабан, 10 мг №30) дәрілік препараты бекітілген шектен қымбатқа сатылып жатқанын анықтаған. Нақтырақ айтсақ, осы дәріханада препараттың құны – 32 550 теңге. Оның көтерме саудадағы бекітілген құны – 24 105,60 теңге, бөлшек саудада сату  бағасы – 26 516,16 теңгені құрайды. Сонда дәріханадағы баға бөлшек саудада өткізу үшін бекітілген шекті бағадан 6 033,84 теңге жоғары.

Осы дерек бойынша Өскемен қаласы Үлбі полиция бөлімшесіне аталған дәрілік заттың бағасын көтеру фактісін анықтау және жолын кесу бойынша шаралар қабылдау бойынша ұсыным хат жолданды.

Естеріңізге сала кетейік, Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 15 шілдедегі бұйрығымен көтерме және бөлшек саудада сатылатын дәрілердің шекті бағалары бекітілген болатын.

Облыс тұрғындары дәрілік препараттардың шектік бағадан қымбатқа сатылуына куә болса, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне және аймақтағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңселеріне хабарлай алады. Байланысу үшін: 8 (7232) 71 33 06, 8 (778) 474 6935 WhatsApp.

Камал Естай

Осы айдарда

Back to top button