
Облыста қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім артқан. Атап айтқанда, жылдың бірінші жартысындағы өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 353-тен келеді, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 34,4%-ды құрап отыр. Бүгінде бұл аурулар тіпті онкология дертінен де көп кездеседі.
Бұл туралы денсаулық сақтау саласының мәселелері талқыға салынған облыс әкімдігінің мәжілісінде айтылды.
Өзекті проблемалар қатарында кардиология, неврология, нейрохирургия және онкология бағытындағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру да бар.
– Қан айналымы жүйесі ауруларына маманданған дәрігерлер бізде жеткілікті ғой. Ал көрсеткіштер неге жоғары? Әлде мамандардың біліктілігі төмен бе? Олай болса, дәрігерлерді шетелде оқытуды жандандыру керек. Жыл басынан оқуға бірде-бір кардиолог жіберілмеген. Мықты кадрларсыз қолда бар заманауи жабдықтардан еш пайда жоқ, – деді бейінді басқарманың жұмысын сынға алған аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков жақын арада мамандар шетелдің жетекші клиникаларына біліктілік арттыруға аттанатынын айтты. Бұл мақсатқа 841 миллион теңге бөлінген екен.
Бұдан басқа, Өскеменде салынып жатқан бірегей гематология орталығы да қан айналымы жүйесі аурулары мәселесін шешуге мүмкіндік бермек, онда диагностикалаумен және емдеумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстары да жүргізілетін болады.
Сонымен қатар облыс әкімі медицина кадрларының тапшылығы мәселесін шешуді де тапсырды. Мәселен, бүгінде облыста 323 медицина маманы жетіспейді, оның 78-і ауылдарға қажет.
Аудан әкімдерінің мамандар тарту бойынша атқарып жатқан жұмысына көңілі толмаған аймақ басшысы өңірге келген дәрігерлерді «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы арқылы үймен қамтуды тапсырды.