Дәрігерлерге арналған үйлер салынады
Көпбалалы отбасылардың мектеп формасымен, аяқ киіммен және кеңсе тауарларымен қамтылуы жіті қадағалануы тиіс. Бірқатар маңызды мәселе талқыланған кеңейтілген аппараттық кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов қала-аудан әкімдеріне осындай міндет жүктеді.
Проблемалардың бірі – медицина кадрларының тапшылығы, айталық, бұл салаға 243 маман қажет, дәрігерлер Өскеменде, Риддерде және кей ауылдарда жетіспейді. Сондықтан аймақ басшысы қала-аудан әкімдеріне дәрігерлер үшін үй салу, ауылдарда ғана емес, қалаларда да көтермеақы төлеу мәселесін қарауды тапсырды.
Айта кетерлігі, жақында 13 дәрігер жаңа гематология орталығында жұмыс істеу үшін оқуға барады. Сондай-ақ облыс әкімінің айтуынша, аудандық мамандардың біліктілігі арттырылады, олар өз ауруханаларында наркозбен кей зерттеулер жүргізе алуы керек.
Қаралған тағы бір мәселе – қысқа дайындық. Әлеуметтік және білім нысандары 100%, медициналық мекемелер 99% дайын. Халықтың 69 пайызы көмір алып үлгерді. Өскеменге жақын аудандарда қыркүйекке дейін бұл көрсеткіш 100%-ға жетуі тиіс. Қалалық теміржол тұйықтарында 5 мың тонна қатты отын бар.
– Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы гидравликалық режимді тексеріп, тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығын бақылауы тиіс. Тағы да айтайын, барлық үйлерде дайындық паспорттары болуы керек, – деп ескертті облыс әкімі.
Биыл 20 мәдени-әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр, отыз жылда алғаш рет Риддерде жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Артта қалған спорт нысандарын ілгерілетуге мүмкіндік туды, жұмыстар кестеге сай жүруде.
– Қала-аудан әкімдері білім мекемелерінің оқу жылына дайындығын тексеруге, көпбалалы отбасылардың мектеп формасымен, аяқ киіммен, кеңсе тауарларымен қамтылуын қадағалауға міндетті. Өңірге оқулықтар жеткізу ерекше бақылауда болады, – деді аймақ басшысы.
Ержан Әбіш