Экономика

Дағдарысқа қарсы жоспар орындалады

Дағдарысқа қарсы жоспар орындалады

Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Жиында Елбасы Жолдауын іске асыру аясындағы 2016-2018 жылдарға арналған экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарының орындалуы және Семей қаласындағы онкологиялық диспансерге қарасты радиологиялық орталық құрылысының барысы талқыға салынды.

Су қоймаларының деңгейі бақылауға алынды

Жиын басында облыс әкімі соңғы елу жылда алғашқы рет облыс аумағындағы Бұқтырма және Шүлбі су қоймалары өздерінің жобалық деңгейлеріне дейін толғанын жеткізді. Бұл жауын-шашынның көптігінен Қытай тарапынан келетін Қара Ертіс суының молаюына байланысты болып отыр. Десек те, облыс басшылығы жағдайды толық бақылауда ұстауда.
– Қауіптің алдын алу мақсатында аталмыш су қоймаларындағы суды арнайы кестеге сәйкес түсіру көлемі көбейтілген. Яғни, Бұқтырма су қоймасынан секундына 2 400 текше метрге, ал Шүлбі қоймасынан 3 мың текше метрге дейін су ағызу көзделіп отыр. Мамандардың есебінше, мұндай жағдайдың өзінде Ертіс өзенінің деңгейі қатерлі шегіне жетпеуі тиіс. Тұрғындарға еш қауіп жоқ, – деді осы ретте аймақ басшысы.
Жиында облыс әкімі Сібе көлдеріне дейінгі жолды жөндеуге қазынадан 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп отырғанын атап өтті. Алайда, аймақ басшысы аталмыш демалыс орындарына қатысты біраз түйткілді мәселелердің басын ашты. Атап айтсақ, бірінші көл толық жекешелендірілген, екінші және үшінші көлдердің жағасы да жекеменшікке сатылып, демалыс үйлерінің құрылыстары бейберекет жүріп жатыр. Яғни, қарапайым қала тұрғыны үшін көл жағасында демалуда кедергілер бар. Осыған байланысты аймақ басшысы орынбасары Жақсылық Омардың жетекшілігіндегі комиссияны құруды, ол комиссияға Ұлан ауданының әкімімен бірлесе аталмыш рекреациялық аумақтағы жерлердің қашан, қалай және кімдерге үлестірілгенін, оның заңдылығын түбегейлі тексеруді, нәтижелерді тамыз айында баяндауды тапсырды.
Облыс әкімі сондай-ақ, жуырда облыстың медициналық мекемелеріне табысталған «УАЗ» маркалы жедел жәрдем көліктеріне қатысты интернет желісінде тарап жатқан пікірлерге байланысты да жауап берді. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде кейбір азаматтар неліктен шетелдік заманауи көліктердің алынбағанын айтып, өз наразылықтарын жазған екен.
– Облыс аумағында 14 мың шақырымнан астам асфальт төселмеген қара жол бар. Ал аудан орталығынан шалғай елді мекендер қаншама. Сондағы тұрғындарға тез жету үшін жол талғамайтын осындай машиналар қажет. Әлбетте, біз немістің немесе жапонның көліктерін де алар едік, бірақ олар біріншіден, 17 есеге қымбат, екіншіден, әлгі жырақтағы ауылдарға жете ала ма, әсіресе, қарлы қыс пен батпақты күндері?! Сонымен қатар, бәзбіреулер айтқандай аталмыш автокөліктер – ресейлік емес, жекелеген бөлшектерінің Ресейден әкелінетіні болмаса, өзімізде құрастырылған отандық өнім, – деді облыс әкімі.

Жыл басынан бері 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы іс-әрекеттер жоспарының орындалу барысы туралы кең көлемді баяндама жасады.
Әлемдік қаржы дағдарысының әсеріне қарамастан облыстағы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштер оң қарқынға ие болып отыр. Мәселен, жыл басынан бері облыстағы өндіріс орындары 544,1 миллиард теңгенің өнімін өндірген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 139 пайызға көп. Өңірдегі 41 ірі және орта кәсіпорын осы жылдың қорытындысы бойынша 1 триллион 38 миллиард теңгенің өнімін өндіреді деп күтілуде. Яғни, былтырға қарағанда 32 пайызға артық. Ауыл шаруашылығы саласында ет өндіру 5,8, сүт өндіру 4,3, жұмыртқа өндіру 2 пайызға көбейген. 12 мыңнан астам сауынды сиыры бар 37 шаруашылық сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына қатысуда. Өткен жылы 24 сүт қабылдау бекеті ашылса, биыл тағы 12-сі іске қосылмақ. Аягөз ауданында жылына 11 мың тонна, Көкпекті ауданында жылына 6 мың тонна ет өнімін шығаратын комбинат салынып жатыр. Осы жылы 15 мың бас ірі қараға арналған 25 бордақылау алаңы жаңғыртылуы тиіс.
Құрылыс саласына келер болсақ, ағымдағы жылы облыста жалпы ауданы 606 мың шаршы метрді құрайтын 99 көппәтерлі үй пайдалануға беріледі. «Бәйтерек Девелопмент» АҚ арқылы дағдарысқа қарсы қосымша шаралар аясында тағы 5 үй салу жоспарланған. Концессиялық келісімдер бойынша биыл Өскемен мен Семейде 11 балабақшаның құрылысы басталмақ.
Дағдарысқа қарсы ең тиімді шаралардың бірі тұрғындарды жұмыспен қамту екені белгілі. Осы орайда облыс басшылығы өңірдегі 35 мыңнан астам жұмыссыз азаматтың 24 мыңға жуығын, яғни 70 пайыздайын еңбекпен қамтуды көздеп отыр. 1 маусымға дейін 12111 адам жұмысқа тартылған, оның ішінде «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Индустриялық-инновациялық даму» бағдарламаларының қосып отырған үлестері қомақты. Ал жұмыс күшіне деген қажеттілікті оқу орындарының түлектері (7 мыңнан астам адам) және еңбек мигранттары (2 мың адам) арқылы толтыру көзделуде.
– Аталмыш дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарының орындалуын алдағы уақытта да жіті бақылауды ұстауды қатаң талап етемін. Айына екі рет тиісті органдардың жетекшілері жоспардың атқарылу барысын бірлесе қарастырып отыруы керек. Негізгі деген салалардағы өсім, көрсеткіштердегі оң динамика, әрине, қуантады. Десек те, бізге баспана құрылысының қарқынын әлі де ширату қажет. Бұл іспен мықтап шұғылдануды орынбасарым Димитрий Гариковке тапсырамын, – деді мәселені түйіндеген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Жиында, сондай-ақ, Семей қаласындағы радиологиялық орталықтың құрылысына қатысты мәселе талқыға салынды. Бұл жөнінде есеп берген облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков нысанның мердігері «ИртышГЭСстрой» ЖШС құрылыс барысында жобаға сай емес сұйық радиобелсенді қалдықтарды жинау және сақтау жүйесін орнатқанын мәлім етті. Осы ретте атап өтерлігі, облыс әкімі жыл басынан бері құрал-жабдықтың жобаға сәйкестігін тексеру туралы орынбасары Димитрий Гариковке және құрылыс басқармасының басшысы Мәди Отарбаевқа 6 мәрте хаттамалық тапсырма берген. Алайда, жүйенің жобаға сәйкес еместігі туралы акт 21 маусымда ғана жасалыпты.
– Неліктен менің тапсырмам жыл бойы орындалмады? Хаттамалық міндеттердің орындалуы неге дұрыс тексерілмейді? Бұл сұрақтарға қатысты тексеру жүргізіледі. Өз істеріне салғырт қараған басшылар қатаң жауапкершілікке тартылады, тиісті шешім жуырда қабылданбақ. Ал халыққа аса қажетті аталмыш нысан толық аяқталып, пайдалануға берілетін болады, – деп қорытындылады аймақ басшысы.
Қазіргі кезде «ИртышГЭСстрой» ЖШС-нің директоры А.Изотовқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Енді осы істің ақ-қарасын сот шығармақ.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button