«Даңқ полкі» шеруіне он мыңнан астам адам қатысты
Ұлы Жеңістің 73-ші көктемі облыс орталығында «Сіздерге бас иеміз!» атауыменайрықша аталып өтті. «Қаһарман ұлт – Даңқ полкі» акциясына он мыңнанастам өскемендік қатысып, бейбіт күнді сыйлаған әкелері мен аталарының, аналары мен әжелерінің рухына тағзым етті.
Мереке Өзен вокзалы жанында жалпыхалықтық «Даңқ полкі» шеруімен басталып, қатысушыларға аспан түстес Жеңіс ленталары таратылды. Мыңдаған өскемендіктердің шеруі береке-бірліктің үздік үлгісін танытты. «Ұлы Жеңіс құтты болсын!», «Жеңіс күнімен!» деп ұрандатқанқалың жұртшылықтуысқан майдангерлерінің фотосуреттерін алып жүрді.Бір жарым шақырымға шақталған шеру екі сағатқа жалғасты.
Облыс орталығының тұрғыны Зарина Кәрімова бұл шараға алғаш рет қатысып отыр. Оның атасы Кәрім Қамысбаев соғыс басталған алғашқы жылы майданға аттанған екен. Жаумен шайқаста «Ерлігі үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін» медальдарымен және «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталыпты.
Өскемен қаласының тұрғыны Азамат Ыдырышев өзінің атасы Ахат Ыдырышевтың ерлігі туралы айтып берді. Атасы 1941-1945 жылдар аралығында соғысқа бастан-аяқ қатысқан екен.
– Атам Берлинге дейін барып, бүкіл Еуропаны жаяу шарлап қайтыпты. Оның ерлігін біз жанұямызбен мақтан тұтамыз. Жыл сайын атамыздың суретін көтеріп, осы шеруге қатысатын болып жүрміз. Ұлымның да есімі – Ахат. Міне, оның кеудесіндегі медальдар сол атамыздан қалған. Енді үлкен атасының медальдарын кішкентай Ахат тағып жүр, – деп Азамат өз ұлының кеудесіндегі медальдарды көрсетті. – Міне, мынау – «Берлинді алғаны үшін», екінші медаль – «Ерлігі үшін».
Шеруге отбасымен бірге келген Анастасия Шевченко арғы аталарының суретін зор мақтанышпен алып өтті.
– «Даңқ полкі» шеруіне биыл тұңғыш рет қатысып отырмыз. Өкінішке қарай, ата-бабаларымыз туралы қолымызда көп мағлұмат жоқ. Бар білетініміз, атамыз Михаил Михеев танкші болған. Ал арғы атамыз Петр Бекреев туралы мүлдем ештеңе білмейміз. Десе де, оларды еске алып, шараға қатысуды жөн санадық, – дейді Анастасия Шевченко.
Бұл күні Ертісте жүзген кемелер көк байрағымызды желбіретіп, жиналған жұртшылықты Жеңіс күнімен құттықтаса, облыстық драма театрының актерлері тірі ескерткішке айналып, шерушілер мен қонақтар назарын өздеріне аударды.
«Даңқ полкіне» қатысушылар Стрелка ауданындағы Даңқ мемориалы орнатылған «Жеңіс» саябағына келіп жеткенде, аспанға бейбітшілік шарлары ұшырылып, майдан тақырыбындағы театрландырылған көріністер басталып кетті.
Жиналғандарды Жеңіс күнімен облыс әкімінің бірінші орынбасарыЕрлан Аймұқашев құттықтап, майданға 108 мың шығысқазақстандық шақырылғанын атап өтті. Олардың 109-ы Кеңес ОдағыныңБатыры, 24-і Даңқ орденінің толық кавалері атақтарын иеленді.
–Бүгін біз Ұлы Жеңіс мейрамын тойлаудамыз. Әрбіріміз үшін қадірі мен қасиеті зор күнді ерекше құрметпен қарсы аламыз. Халықтардың бірлігі мен келісімінің арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткізілгені ақиқат. Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері!Сұм соғыстың бар қиындығы мен қатыгездігін көрген Сіздер – ел мақтанышысыздар. Бүгінде ортамызда өскелең ұрпаққа өнеге болып жүргендеріңіз үшін алғыс айтамыз! Қазақстанның жетістігіне бірге қуанып, марқая беріңіздер. Біз Отан үшін, Жеңіс үшін жан қия күресіп, маңдай тер төккен батыр бабаларымызды ешқашан ұмытпаймыз. Зор құрметпен мәңгі жадымызда сақтаймыз!–деді Ерлан Аймұқашев.
Мұнан соң бір минут үнсіздік жарияланып, «Мәңгілік алауға» гүл шоғын қою рәсімі өткізілді. Дәстүрлі шарағаоблыс әкімдігі мен мәслихатының, құқыққорғау органдарының басшылары, әскерилер, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындар мен мекемелер, оқу орындарыныңжетекшілері қатысты.
Бұдан бөлек,көпшілікке «Азия Авто» компаниясы ұйымдастырған соғыс жылдарындағы әскери техникалардың көрмесі ұсынылды, қала тұрғындары солдат ботқасынан дәм татты. Тұрғындар Алғыс айту тақтасына өздерінің лебіз-тілектерін жазып қалдырды.Жеңіс саябағындағы мерекелік іс-шаралар, театрландырылған көріністер, түрлі спорттық сайыстар мен жастар акциялары күні бойы толастамады.
Ал кешкісін «Өз шырағыңды жақ» акциясы өтіп, майдан даласынан оралмаған өскемендік боздақтардың құрметіне 7199 шырақ жағылды. Мерекелік шараларды түйіндеген Жеңістің 73-ші отшашуы көпшілікке керемет әсер сыйлады.
Жеңіс мерекесі облыстың барлық қала-аудандарында кеңінен аталды.
Ержан Әбіш