Қоғам

Дәуренбектің көмегіне мұқтаж жандар көп

Өзі екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан бола тұра, өзі сияқты ерекше қажеттілікке мұқтаж жандарға көмек қолын созып жүрген Дәуренбек Қауысқановтың есімі өскемендіктерге жақсы таныс. Дәуренбек облыс орталығындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы көрсететін мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға жәрдемдесіп жүрген азамат. Сонымен қатар ол орталықтағы бірге істейтін әріптестерінің алдында да зор беделге ие.

Бәсекелестік қатты дамыған бүгінгі таңда мамандығыңа сай, көңіліңнен шығатын жұмысты бірден табу оңай шаруа емес. Оның үстіне денсаулығына қатысты проблемасы бар адамдарға бұл тіптен қиын. Сондықтан олардың көпшілігі жылдар бойы алтын уақыттарын үйде төрт қабырғаға қамалып өткізуге мәжбүр.

Орталықтарда мүмкіндігі шектеулі 61 адам жұмыс істейді

Статистикаға сүйенер болсақ, Қазақстандағы адамдардың үштен бірі мүгедектігіне байланысты жұмысқа орналаса алмайды екен. Шыны керек, жекеменшік жұмыс берушілердің көпшілігі олардың жұмыс істеуі үшін мекемесінде қосымша әлеуметтік жағдайлар жасауы қажет болғандықтан, жұмысқа алуға құлықсыз. Осыдан бес-алты жыл бұрын облыстық әкімдіктің талап етуімен аймақтағы жекеменшік мекемелер мен кәсіпорындарға мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алу бастамасы көтеріліп, біраз адам жұмыспен қамтылған болатын. Осынау сәтті бастама қазіргі кезде қайта жалғасын тапса дейсің.

Бір қуаныштысы, біздің қоғам тарапынан мүгедектерге деген көзқарас оң. Олардың көпшілігіне мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеулеріне мүмкіндігінше жағдай жасалуда. Мысалы, жақында өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы барысында мәслихат хатшысы Владимир Головатюк мұндай жандарды үнемі көтермелеп, қолдау керектігін, олардың қызметін мерзімді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тиісінше әйгілеп отыру қажеттігін атап айтқан болатын.

Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ баспасөз қызметінің мәліметіне жүгінсек, бүгінде облыстағы ХҚКО-ларда мүмкіндігі шектеулі 61 адам қызмет етуде. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер аптасына 36 сағаттан аспайтын көлемде жұмыс істейді әрі жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша алты күн қосып алуға құқылы.

Орталықта жұмыс істейтін жандардың көпшілігі негізінен операторлар. Олар суретке түсіреді, құжаттарды қабылдап, өңдейді. Сондай қызметкерлердің бірі, біздің кейіпкеріміз – Дәуренбек Қауысқанов. Ол талай жылдан бері жеке өзінің өмірлік мысалында мүмкіндігі шектеулі жандар да  қол-аяғы сау өзгелер секілді толыққанды жұмыс істей алатындығын, денсаулықтағы кінәрат қоғамның қайнаған өмірінен өзіңді шектеп тастауға еш себеп еместігін дәлелдеп келе жатқан, рухы биік азаматтың бірі.

Осыдан 22 жыл бұрын Дәуренбек омыртқасынан жарақат алуына байланысты мүгедектікке шыққан. Бірнеше жыл жұмыс таба алмай қиналғаны да есінде. Қазіргі күнде мұның бәрі артта қалған. Ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының №3 филиалында өзге мамандармен тең дәрежеде тұрғындарға қызмет етуде. Мұнда істеген алты жылдың ішінде өзін жақсы қырынан танытып, үздік қызметкер ретінде  клиенттер арасында да, әріптестерінің ортасында да үлкен беделге ие болып үлгерді.

Енді кейіпкеріміздің өткен өмір жолына сәл шегініс жасап өтсек. Дәуренбек Тоқтарбекұлы Бесқарағай ауданының тумасы. 1998 жылы құрылыс техникумын тәмамдаған соң, ел қатарлы әскери борышын өтеп қайтуға ниеттенеді. Алайда омыртқасынан жарақат алып қалған соң, бұл жоспарының күл-талқаны шығып, ол жайында мүлдем ұмытуға тура келеді. Дегенмен, қайсар азамат басқа түскен қиындыққа мойымай, келесі жылы Шығыс гуманитарлық институтының сырттай бөліміне түсіп, құқық және экономика негіздерін меңгеріп шығады.

 

Мекемелердің бәрі бас тартқан

 – Диплом алған соң өз мамандығым бойынша қызмет істеуге  құлшындым. Бірақ мен хабарласқан ұйымдардың барлығы да мені мүгедектігіме байланысты жұмысқа алудан бас тартты. Біраз уақыт жұмыспен қамту бөлімімен келісімшартқа отырып, қоғамдық жұмыстарды атқардым. 2014 жылы ХҚКО мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдап жатыр дегенді естіп, бірден осында хабарластым. Мұндағы кадр бөлімінің қызметкерлерімен сөйлесіп, тест тапсырып, әңгімелесуден өттім. Олар мені жұмысқа алуға шешім қабылдады. Бұл мен үшін өте қуанышты жағдай болды. Ұжым өте ұйымшыл, үнемі барлық жағынан қолдап отырады, – дейді Дәуренбек Қауысқанов.

Көрсететін қызмет түрінің көптігінен және барлығын уақытында орындау керек болғандықтан, басында жұмыс қиын болғанын ол өзі жасырмайды. Табандылығының арқасында барлық шаруаны тез меңгеріп, қазір енді өзі де жаңа келген қызметкерлерді үйретіп жүр. Кейде мамандар тапшылығы туындап жатса, арнайы ХҚКО-дағы әріптестеріне де көмектесіп жібереді.

Дәуренбектің айтуынша, ол өзінің өмір тәжірибесінде мүмкіндігі шектеулі жандарға дәл осы орталықтағыдай жылы қарым-қатынасты бұрын-соңды кездестірген емес. Бұл жерде тек қызметкерлерге ғана емес, сонымен бірге келушілерге де барлық жағдайлар жасалған.

– Мүгедек жандарға қызмет кезектен тыс көрсетілетінін де айтқан жөн. Олар үшін қажетті жағдайдың бәрі бар. Үйде қызмет көрсетуге де жиі шығып тұрамыз. Азаматтардың өтініші 1414 нөмірі бойынша Coll-орталыққа түсіп отырады, сол бойынша қызмет көрсетеміз, – дейді ол.

Дәуренбектің лауазымдық міндетіне көрсетілетін қызметтерге өтініштерді қабылдау, өтініштердің дұрыс толтырылуы мен құжаттарды қалыптастырудың дұрыстығын тексеру, сонымен бірге, өтініш берушіге дайын құжаттарды беру кіреді.

 

Кез келген адамның тілін табуға тырысады

Айта кетейік, аталған орталық мамандарының жұмысы бірінші кезекте адамдармен тіл табыса білуге бағытталған. Ал бұл өз кезегінде қызметкерден жауапкершілік, байланысқа бейімділік, мәмілеге келушілік секілді ерекше тұлғалық қасиеттерді талап етеді. Орталық мамандарының айтуынша, дәл осы қасиеттер көбінесе әрдайым өзгелерге көмектесуге дайын тұратын ерекше қажеттіліктегі адамдарға тән болып келеді екен.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы фронт- кеңсесінің жетекшісі Еркежан Ибрайымова Дәурен Қауысқанов өзіне тапсырылған жұмыстарды әрқашан өте жауапкершілікпен және уақытында сапалы орындайтындығын айтады.

– Бұл санаттағы адамдар – өте жауапты қызметкерлеріміз. Себебі, олар өз жұмыстарын толықтай жан-тәнімен беріліп атқарады. Өмір болған соң, жұмыс болған соң не түрлі жағдайлар болып жатады ғой. Кейде келушілер құжаттарын уақытында бітіре алмай, сабырсыздық танытып, шулап жатады. Мұндайда шыдамдылық танытып, жанжалды ушықтырмай реттеу қажет. Дәуренбек осындай жағдайларды әрқашан сәтті реттеп отыратын қызметкеріміз. Оның атына алғыс айтып, ризашылығын қалдырып кететін адамдар да жетерлік, – дейді Еркежан Ибрайымова.

Дәуренбектің өзі де бұл ретте тым жоғары талап қоятын клиенттер аз кездеспейтіндігін атап өтті.

– Адамдардың мінезі әртүрлі ғой. Көптің бәріне бірдей ұнай беру мүмкін емес. Бірақ сонда да тілін табуға, өзімнің жұмысымды сапалы атқаруға тырысамын. Себебі, өзімнің жұмысым маған өте ұнайды. Кейбір тағдырластарым секілді күн ұзақты үйде қамалып отыруға мәжбүр болмай, күні бойы адамдарға қажетті, пайдалы іспен айналысамын. Өзгелерге көмегімді тигіземін. Ал бұл мен үшін өте маңызды, – дейді Дәуренбек Қауысқанов.

Біз де Дәуренбектей адамгершілігі мол азаматтың көп жылдар бұрын қиын жағдайға тап болса да, еш қайыспай өмірден өз орнын тапқанына іштей разы болдық. Ал осындай жауапкершілігі мол жандарға тұрақты жұмыс көзін тауып беріп отырған облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының игілікті бастамасынан өзге кәсіпорындар мен ұйымдар үлгі алса игі…

Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ баспасөз қызметінің мәліметіне жүгінсек, бүгінде облыстағы ХҚКО-ларда барлығы мүмкіндігі шектеулі 61 адам қызмет етуде. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер аптасына 36 сағаттан аспайтын көлемде жұмыс істейді әрі жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша алты күн қосып алуға құқылы. Сонымен қатар аталған орталықтарда барлық мүгедек жандарға қызмет кезектен тыс көрсетіледі.   

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button