COVID-19 

Әдістемелік көмек көрсетеді

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай оңалар емес. Әсіресе Шығыс Қазақстандағы ахуал ушығып тұр. Жалпы, 1 тамыздан бері республика бойынша коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 40 488 жағдайы тіркеліп, қауіпті індеттен 421 адам көз жұмған.

Тағы бір статистикалық мәліметке көз жүгіртсек, қарашаның 9-ы мен 15-і аралығында республика аумағында коронавирустық инфекциядан 46 адам қайтыс болыпты. Антирейтингтің көшін Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласы бастап тұр. Сарапшылардың пікірінше, аурушаңдық пен өлім-жітім санының күрт өсуіне коронавирустық инфекцияны емдеу және оның алдын алу бойынша қолданыстағы клиникалық хаттамаларда көрсетілген талаптар мен ұсыныстардың нақты орындалмауы себепші болуы мүмкін.

Облыс дәрігерлерін қайта даярлау мақсатында Семей медициналық университетінің жұқпалы аурулар және иммунология кафедрасының қызметкерлері Ербол Смайыл мен Сәуле Маукаева 2020 жылдың 15 шілдесіндегі «Коронавирустық инфекция» клиникалық хаттамасы және жеке қорғаныш құралдарын пайдалану ережелері бойынша оқыту семинарын өткізді. Бұл туралы Семей медициналық университетінің баспасөз қызметі хабарлайды.

– Елімізде қабылданған клиникалық хаттамалар коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастарды емдеуде және медициналық қызметкерлердің қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие, – деп атап өтті Сәуле Маукаева. – Бұл хаттамалар өзге мемлекеттер мен өз еліміздің тәжірибесін, сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деректерін ескере отырып жасалған. Негізі, осыдан біраз бұрын бұл бағытта тиісті семинарлар өткізген болатынбыз. Дегенмен, елдегі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты осы тақырыпқа қайта оралуға мәжбүрміз.

Семинар барысында дәріскерлер аурудың патогенезі, клиникалық классификациясы және жаңа коронавирустық инфекция клиникасы туралы сөз қозғады. Әсіресе инфекцияны зертханалық зерттеу және науқастарды емдеу мәселелеріне баса назар аударды.

Университет ұжымы үнемі эпидемиялық ошақтарда, сонымен қатар, қала мен облыстың медициналық мекемелерінде жұмыс істейтін дәрігерлерге күндізгі және онлайн режимде медициналық-әдістемелік көмек көрсететінін атап өткен жөн. Олардың арасында жұқпалы аурулар кафедрасының қызметкерлері Ербол Смайыл, Алма Тоқаева мен Сәуле Маукаева, фармакология кафедрасының меңгерушісі Райхан Түлеутаева, факультеттік терапия кафедрасының меңгерушісі Ардақ Жұмағалиева, эндокринология кафедрасының меңгерушісі Жанар Заманбекова, шұғыл медициналық көмек кафедрасының ассистенті, бас пульмонолог Жанар Оразалина, неврология, офтальмология және ЛОР аурулары кафедрасының ассистенті Дмитрий Брыжахин, клиника департаментінің директоры, жоғары санатты кардиолог Жамиля Мансурова сияқты тәжірибелі мамандар бар. Осы ретте, жоғарыда аты аталған қызметкерлердің көбі КВИ орталықтарында жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.

Мария Щетинина

Семей.

Осы айдарда

Back to top button