Руханият

Дәстүрлі әннің дүлдүлдері

Шығыстағы келер жылы болатын мерейлі мерекелердің бірі Қазақстанның халық әртісі Мәдениет Ешекеевтің 85 жылдық тойы. Осыған орай биыл алдын ала дәстүрлі әншілер арасында  «Шығыстың жезтаңдайы» атты облыстық онлайн байқау өтті. Бородулиха ауданының мәдениет бөлімі мен Мәдениет үйі ұйымдастырған байқауға облыстың әр өңірінен 16 үміткер қатысты.

Эстрада елді жаулаған заманда дәстүрлі әннің дүлділдерін ұмыт қалдырмаған абзал. Сондықтан да Бородулиха аудандық мәдениет бөлімі мен Мәдениет үйінің бұл бастамасы дәстүрлі әннің әлемінде жүрген жастарға серпін бергені анық. Мерейлі тойға орай алдын ала байқау ұйымдастырудың ұтымды жоспары да бар екен. Жерлестері  әнші Мәдениет Ешекеевтің еңбегін елеп 85 жылдық тойы қарсаңында Мәдениет үйіне атын беруді жоспарлап отырғандарын айтады.

– Байқауды өткізудегі мақсатымыз келер жылы болатын  Мәдениет Ешекеевтің  85 жылдық мерейтойына дайындық жасау. Әзірге онлайн  өткізіп, келер жылға   кем-кетіктерімізді түгендеу. Басты  мақсатымыз – аудандық Мәдениет үйіне осы Бородулиха ауданының тумасы Мәдениет Ешекеевтің есімін алу. Келер жылы дәстүрлі әннің ашық байқауын әншінің  мерейтойына арнап ұйымдастырып, дүлдүлдерді  дүбірлі тойда көрсек деген ниет те бар, – дейді Бородулиха аудандық Мәдениет үйінің директоры Гүлмира Бақдәулетқызы.

Ән байқауының өзіндік шарттары мен талаптары бар. Байқау шарты бойынша Қазақстанға еңбек сіңірген дәстүрлі әншілер, колледж, университетте дәстүрлі ән өнерінен сабақ беретін ұстаздар қатыса алмайтындығы алдын ала хабарланған. Ал облыс көлеміндегі қазақтың дәстүрлі әндерін айта алатын өзге талапкерлерге қатысуға мүмкіндік берілген. Әншілер байқаудың бірінші кезеңінде «Халық қазынасы» деген айдармен халық әндерінен бір ән орындаса,  екінші кезеңінде «Сұржекей» айдарымен Мәдениет Ешекеевтің орындаған әндерінен бір ән шырқады. Осылайша елге танымал дәстүрлі әншілер Еркін Шүкімән, Толғанбай Сембаев бастаған қазылар алқасы шын жүйріктерді бағалап, байқаудың қорытындысын шығарды.

Байқаудың бас жүлдесін аягөздік Елдос Жақсылықов еншіледі. Ал бірінші орын тарбағатайлық Талант Мәжитовке, екінші орын үржарлық Дарын Шаяхметов пен  ұландық Хадыхан Манайға бұйырды. Жүлделі үшінші орынды ұландық Амангелді Смағұлов, курчатовтық Маман Қайратұлы, бородулихалық Жандос Қажыбеков қатарлы өнерпаздар қанжығалады.

Байқау барысында Мәдениет Ешекеевтің туыстары  бірінші және үшінші орын алған жүлдегерлерге  Ешекеевтер әулетінің арнайы сыйлықтарын табыс етті.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button