Дәрігерлердің ерен еңбегі бағаланды
COVID-19 вирусымен табанды күрес жүргізгені үшін өңірдегі медицина қызметкерлері марапатқа ие болды. Марапаттарды Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов табыс етті.
Жұмыс сапары барысында елордалық делегация бірнеше нысанға, соның ішінде Алтай ауданының ауданаралық ауруханасына да барды.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, коронавирусқа қарсы күрестегі қазіргі жетістіктеріміз – ең алдымен, медицина қызметкерлерінің еңбегі.
– Мемлекет басшысы айтқандай, пандемия жалғасуда. Алда әлі көп жұмыс бар. Бақытымызға орай, COVID-19 вирусының елімізде пайда болуына дейін бізде дайындыққа уақыт болды. Басқа елдердің тәжірибесін бағалай отырып, біз медицина қызметкерлерін оқытып үлгердік, – деп атап өтті Елжан Біртанов.
Өңіріміздің медицина саласының қызметкерлеріне ерен еңбегі үшін зор алғыс айтып, оларды марапаттады. «Денсаулық сақтау саласының үздігі» марапатына Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының дәрігер-инфекционисі Нәзигүл Сапарғалиева, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының жедел жәрдем фельдшері Ернұр Нұрекенов және Ана мен бала орталығы провизорлық бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Ділдәбекова ие болды.
Облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Оралбек Әбілмәжіновке «Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үлесі үшін» марапаты тапсырылды. Сонымен қатар облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың медбикесі Назым Игісінова Грамотамен, ал Ана мен бала орталығының медбикесі Сәбира Сексенбаева Алғыс хатпен марапатталды.
«Didar» ақпарат