Қоғам

Дәрігерлер баспаналы болды

Семейге жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Даниал Ахметов қаладағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірқатар нысанды аралап, жергілікті әкімдікте жиын өткізді. Жаңадан бой көтерген Қарағайлы ықшам ауданынан дәрігерлерге пәтер кілттерін тапсырды.

Шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы тілге тиек болған жиынға облыстық басқармалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттар қатысты.

– Құрметті қауым, ертең еліміз бойынша ерекше күнді атап өтеміз. БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күні болып бекіген еді. Елбасы Семей сынақ полигонын сақтап қалуға әу бастан үзілді-кесілді қарсылық көрсетіп, ядролық полигонды тарихи Жарлығымен жапқан көреген басшы. Бұл ұстаным әлем елдерінде қолдауға ие болды. Енді міне, халықты сауықтыру бағытында оң қадамдарға баруы құптарлық іс, осыған орай біздің облыста ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, – деді өңір басшысы Даниал Ахметов.

Халықтың денсаулығын жақсарту, полигон зардабын тартқан тұрғындарды кешенді түрде емдеу бойынша істеліп жатқан жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова ақпарат берді. Оның айтуынша, Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасында ашылған гибридті операция залы хирургия саласындағы аса маңызды қадам болып отыр. Аталмыш залда жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтар, ашық және шағын инвазивті лапароскопиялық магнитті-резонанстық томография, хирургиялық рентген жүйелері, бейнебақылау жүйесі арқылы күрделі операцияны сапалы жасауға болады. Мұндай кешен елімізде жалғыз және ол өңір тұрғындарын жоғары медициналық көмекпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Абай аренаны» сегіз компания салып жатыр

Жиын барысында қала әкімі Ермак Сәлімов Семейдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Шаһар басшысы Қарағайлы ықшам ауданында «Абай арена» мәдени-спорттық кешенінің құрылысы қызу жүріп жатқанын айтты.Үш блоктан тұратын нысанның бір блогында әрлеу жұмыстары жүріп жатса, үшінші блоктың қасбеті дайын болып қалыпты. Нысанның құрылысына 8 компанияның 200-ден астам адамы тартылған екен.

Көптеген салада ілгерілеу бар екенін атап өткен қала әкімі Ермак Сәлімов:

– Тұрғын үй құрылысында да даму байқалады. Қалада осыған дейін 67 көппәтерлі тұрғын үй салынса, биыл тағы 32 үйдің құрылысы басталады. Қарағайлыда 20 көппәтерлі тұрғын үй бой көтерді. Оған қоса білім беру мекемелері мен спорттық нысандар бой көтереді. Бобровка кенті мен Ұшақтар шағын ауданында жаңа мектептер салынып, халық игілігіне берілді. Степной және Шығыс кенттері бойынша мектеп салуға жоба-сметалық құжаттар жасалып жатыр, – деп нақтылады.

Ресми ақпаратқа сенсек, алдағы жылдары қалада 133 көпқабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілуі тиіс. Бұл екі мыңнан астам семейлікті баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Орталықтандырылған сумен қамту жүйесі қаланың бес ауданында: Комсомол, Степной, Ұшақтар, Восход, Лодочная тартылады. 301 шақырым жылу желісі жөндеуден өтеді. Атап айтқанда, Ғаббасов жылу қазандығы, Орталық, 35 квартал, Зооветинститут қазандықтары. Бұл жұмыстарды қазірден бастап жүргізіліп жатыр.

Осы ретте облыс әкімі Даниал Ахметов қала шетіндегі саяжайларда тұратын жұрттың жағдайын қаперден шығармауды ескертті.

– Саяжай кооперативтерінің жұмысын қараңыз. Онда қарапайым адамдар тұрып жатыр. Су, электр энергиясы, жолға қатысты мәселелер бар. Бұл мәселелерді тез арада шешіп, жағдай жасау керек. Сол сияқты облыс көлемінде 375 мың шаршы метрге қосымша тұрғын үй салуды тапсырдым. Оның тең жартысы Семейде салынуы тиіс, – деді өңір басшысы.

Жиында сөз алған Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Талғат Молдағалиев  атқарылып жатқан шаруалар жайлы баяндады.

– Біздің институтқа қарасты аурухана мен диагностикалық кеңес бөлімі бар. Онда радиациядан зардап шеккен халық емделеді. Біз көптеген елдің ғылыми зерттеу институттарымен байланыс орнаттық. Бұл жұмыс енді жалғасын таба беретін болады. Әсіресе, Хиросима, Нагасаки университеттерінің радиацияны зерттеуде көп көмегі болды. Халықаралық қауымдастық біздің жұмыстарға  қызығушылық танытуда. Ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттің ғылыми интитуты ретінде сынақтардың зардабын жан-жақты көрсетуге ұмтыламыз. Институт бұл күндері Жапония, Англия, Германия, Ресей елдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп тұр, – деп түсіндірді Талғат Молдағалиев.

 

Жайлы өмір сүруге жағдай жасалып жатыр

Бұдан кейін облыс басшысы Даниал Ахметов қаладағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасында болды. Бұл аурухана таяуда халықаралық JCI стандарты сертификатына тапсырған. Соның арқасында әлемдегі ең үздік мекемелер қатарына өткен. Сондай-ақ бұл ауруханада гибридті операция залы ашылған. Гибриді залды аралап көрген аймақ басшысы мекеменің соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталуына оң бағасын беріп, кейінгі екі-үш жылда медициналық құрал-жабдықтар алу үшін 23 млрд теңге қаржы бөлінгенін, озық технологиялар қолданысқа енгізіліп жатқанын, соған сәйкес медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында дәрігерлерді шетелдің алдыңғы қатарлы клиникаларына арнайы курсқа жіберіп, оқытуға басымдық берілгенін атап өтті.

Семейдегі жұмыс сапары аясында облыс әкімі Қарағайлы ықшам ауданындағы жаңа тұрғын үйлерден 15 медицина қызметкеріне пәтер кілттерін табыс етті.

– Қарағайлы шағын ауданы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қолға алынып, Елбасының тапсырмасымен халықтың әл-ауқаты төмен, көпбалалы отбасыларын үймен қамту үшін арнайы жасалып жатқан, инфрақұрылымы жақсы әрі қолайлы өңір. Бұл жер Семейдің тамаша бір ауданы болары сөсзсіз. Бүгін міне, дәрігерлер қауымы көптен күткен қуаныштарын бізбен бөлісуде. Пәтерлеріне кіріп, баспаналы болып жатыр. Қарағайлы шағын ауданында «Нұрлы жер»  бағдарламасы арқылы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар жалғаса беретін болады. Баспаналарыңыз құтты болсын! – деді өңір басшысы Даниал Ахметов.

Осы шараға арнайы келіп қатысқан денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров та Қарағайлыда халықтың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыстар істеліп жатқанын жеткізді.

Баспаналы болған отбасылар облыс басшысына өздерінің ризашылықтарын білдірді.

Раушан Нұғманбекова

Семей

Осы айдарда

Back to top button