Дәрі-дәрмек тапшылығы неден?
Семей тұрғындары «дәріханаларда дәрі тапшы» деп шағымданып жатыр. Әсіресе вирусқа қарсы дәрі-дәрмектерді қала бойынша таба алмай жүргендерін айтады.
Жуықта осындай арыз-шағымдар бойынша депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері рейдке шықты. Олардың анықтауынша, дәріханаларға қажетті дәрілік препараттар апта сайын жүйелі түрде келіп жатыр. Ал олардың сөрелерден тып-типыл жоғалуына сатып алушыларға белгілі шектеу мен бақылау қойылмауы себеп болған. Кейбір қала тұрғындары қорап-қорабымен көптеп сатып алып кетіп жатыр екен.
– Біздің бас ғимарат Алматыда орналасқан. Ол жақтан антибиотиктер, ыстық түсіруге арналған және вирусқа қарсы дәрілер уақытында келіп тұр. Сондай-ақ келген заттар қаланың әр түкпіріндегі дәріханаларға теңдей бөлініп жеткізіледі, – деді «Медсервис Плюс» фармацевтика компаниясының қаладағы филиалының директоры Галина Курбатова.
Айтуынша, «Восточный», «Цемпоселок» аудандары, 72-квартал, Сеченов, Докучаев көшелері мен орталықтағы дәріханаларға дәрі-дәрмек ұдайы жеткізіледі.
Бұдан былай тексеру мен бақылау жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіліп тұрмақ.
Тасқын Болатұлы,
Семей.