COVID-19 

Дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды

 Облыс аумағында 870-тен астам фармацевтикалық бағыттағы нысан бар. Оған дәріханалар мен дәрі қоймалары да кіреді. Үкімет тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмектің екі айға жететін қоры жинақталуда. Бұл туралы «Antikor live» жобасы аясында өткен тікелей эфирде облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұргүл Кұнапиянова айтып берді.

Нұргүл Кұнапиянованың айтуынша, көтерме және бөлшек сауда субъектілеріндегі дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға апта сайын мониторинг жүргізіледі. 16 қазандағы мәліметтер бойынша облыс аумағында 377621 дана қаптамадағы ыстық түсіретін препарат, 57972 дана қаптамадағы антикоагулянт, 57980 дана қаптамадағы бактерияға қарсы препарат, 25657 дана қаптамадағы вирусқа қарсы препарат, 1881632 дана бір реттік медициналық бетперде, 73679 дана бірнеше рет қолданылатын гигиеналық таңу материалдарының қоры бар.

Сонымен қатар облыс әкімі аппараты «СҚ-Фармация» компаниясына облыстың дәріхана желісі бар бөлшек сауда субъектілерінде кейін шекті бағамен  өткізу үшін екі айлық қажеттілік көлемінде дәрілік заттарды сатып алу жөнінде жалпы сомасы 19 452 993,0 теңгенің өтінімін жолдады. Дәрілік заттардың 33 атауына тапсырыс берілген.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бөлшек саудада жоғалып кетуіне, бағасының қымбаттығына байланысты айтылған сын-ескертпелерден соң облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының  бұйрығымен бақылау жүргізу үшін мониторингтік топ құрылған-ды. Қала, аудандардағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері дәріханаларға тексерулер жүргізіп тұрады.

Егер дәрі-дәрмектердің бағасын көтеру фактілеріне  куә  болсаңыздар, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне – 8 7232 61 81 00 нөміріне немесе «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің + 7 778 474 69 35 WhatsApp-нөміріне хабарлау қажет.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button