Қоғам

Дәрі-дәрмек сатқаны үшін сотталуы мүмкін

Үржар аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне ауыл тұрғыны дәрілік заттарды жоғары бағамен заңсыз сататыны туралы жедел ақпарат келіп түсті. Әйел адам індетке байланысты қазір халық арасында үлкен сұранысқа ие қызу түсіретін дәрі-дәрмектерді алыпсатумен айналысқан.

– Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру мақсатында іскер әйелден бес мың теңгеге «Парацетамол», «Зитмак 125» дәрі-дәрмектерін жасырын сатып алды. Нәтижесінде дәрі-дәрмектерді үйде жоғары бағамен заңсыз сатқаны үшін Үржар ауылының 59 жастағы тұрғыны ұсталды, – деп хабарлады  облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиевтің айтуынша, жедел-іздестіру шараларының арқасында полиция қызметкерлері анықтағандай, ауыл тұрғыны дәріханаларда вирусқа қарсы құралдар мен антибиотиктердің тапшы болуына байланысты, материалдық баю мақсатын көздеп, дәріханадан тапшы дәрі-дәрмектерді алдын ала сатып алған. Кейін үйден жоғары бағамен сатқан.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 214-ші бабы 1-ші тармағы (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Әйел адамға екі мың айлық есептік көрсеткішке (5 миллион 556 мың теңге) дейін айыппұл, түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Тәртіп сақшылары дәрі-дәрмектерді заңсыз сатуға тап болған азаматтарды 102 арнасына немесе жақын жердегі полиция бөліміне хабарлауға шақырады.

Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button