Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан көмек келді
Өскеменге Ресей Федерациясы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус инфекциясы тараған елдерге жолдаған гуманитарлық көмегі жеткізілді. Шекарасып келген жәшіктердің ішінде коронавир препараты, бетперделер мен қорғаныс киімдері бар екен.
Бұған дейін елімізге жанашыр мемлекеттерден жіберілген осындай гуманитарлық көмектің науқастарға дер кезінде жетпей, қоймаларда тығулы жатқаны, тіпті, кейбір препараттардың дәріханаларда қымбатқа сатылғаны әшкереленіп, ыңғайсыз жағдай болған еді. Осындай келеңсіздікке жол бермеуін, көмектің медицина қызметкерлері мен науқастарға шашау шықпай жетуін бақылау үшін облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің және облыстық прокуратураның қызметкерлері, арнайы мониторинг топ өкілдері, қоғам белсенділері, «Шығыс – адалдық алаңы» жобасының, «Лидер.kz» қозғалысының еріктілері бірлесіп гуманитарлық көмектің бөлу барысына мониторинг жүргізді.
– Медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен және вирустан қорғау құралдарымен қамтамасыз ету мемлекеттік органдардың алдына қойылған бірінші кезектегі міндеттер болып табылады. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұртшылықпен бірлесіп гуманитарлық көмекті ұрлауға жол бермеу, тиімді бөлу және тұтынушыға дер кезінде жеткізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Ренат Набиев.
Ресей Федерациясынан аймағымызға тегін гуманитарлық көмек ретінде жолданған 2600 дана тоқылмаған материалдардан жасалған қорғаныш киімдер жиынтығы, 21 750 дана бір реттік үш қабатты медициналық маска, 230 қорап коронавир таблеткасы денсаулық сақтау басқармасының қоймаларына жеткізілді.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 25 000 дана бетке арналған қорғаныш қалқанша, 3 600 дана көзілдірікке арналған қорғаныш, 6700 дана медициналық халат, 18 мың дана медициналық және хирургиялық маска, 51 мың дана респираторлық маска жіберіпті.
Тегін гуманитарлық көмекті жымқыруға және сатуға жол бермеу мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен ауруханалар мен стационарларға бөлінген жеке қорғану құралдарына «Тегін» деген мөртаңба басылды. Өңірге жеткізілген гуманитарлық көмек түгелдей облыстың денсаулық сақтау мекемелеріне теңдей бөлініп берілуде.
Айна Ескенқызы