COVID-19 

Әділет болуға шақырды

Облыс кәсіпкерлері палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесі аймақтағы  санитарлық дәрігерлерді әділетті болуға шақырды.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің отырысында  пандемия кезінде кәсіпкерлерге карантин тәртібін бұзғаны үшін салынып жатқан айыппұлдардың шектен тыс көптігі жайлы мәселе көтерілді.

Кеңеске қатысушылар қалалар мен ауылдарда эпидемиологиялық шаралардың жаппай бұзылуының алдын алу, карантиндік тәртіпті сақтаудың маңыздылығын түсіндіру мақсатында құрылып, жұмыс істеп жатқан мониторингтік топтардың кәсіпкерлерге, тұрғындарға қатысты орынсыз, негізсіз шешімдер шығарып,  жағдайды ушықтырып жатқанын жеткізді.

Олардың кейбірінің әрекеті «Шаш ал десе, бас алатынның» кері болып барады. Мониторингтік топтар санитарлық талаптарды тексеру барысында кәсіпкерлерді  бірден әкімшілік жауапкершілікке тартуға құштар. Облыс кәсіпкерлері палатасының өкілі Бақытжан Майжерінов орын алған осындай мәселелерді шешуге  облыс прокуратурасының кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі мобильді тобы  үлкен қолдау көрсетіп жатқандығын айтты.

«Санитайзер жоқ болғаны үшін немесе маска кимегені үшін бірден  638 940 теңге айыппұл салмай, бірінші жолы түсіндіріп, ескерту жасаған жөн. Біз санкциялар мен шектеу шараларының адекватты болғанын қалаймыз. Мысалы, Тарбағатай ауданындағы кішкентай ғана дүкенге тізіліп он адамнан тұратын мониторингтік топтың бірақ кіруінің өзі карантиндік шараны бұзу болып саналады. Кезекте екі-үш адам ғана болуы керек деп талап қойып алып,  соны өзіміз бұзамыз. Кәсіпкерлік субьектілеріне  қандай талаптарды сақтау керектігін түсіндіру   үшін, нысанды қандай қажеттіліктермен қамтамасыз ету керектігін айту үшін бір адам да жетеді»,-дейді кеңес төрағасы Игорь Шацкий.

Палатаның кәсіпкерлер құқығын қорғау бөлімінің сарапшысы Рауан Абдуллин соңғы кезде ауыл, қала кәсіпкерлерінен айыппұл санкцияларына қатысты арыз, шағымдардың жиі түсіп жатқандығын айтады.

«Коронавирус жұқпасының таралу кезеңінде аудан, қалалалардың санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары ҚР ӘҚБТ Кодексінің 425-ші бабын белсенді түрде қолданып жатыр. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы тіркеу комитетінің мәліметтеріне сәйкес облыста қазан айында ғана 501 адам, оның ішінде 55 кәсіпкер  осы бап бойынша жауапкершілікке тартылған.   ӘҚБТ Кодекстің бұл  425 бабының 1 бөлімі  бойынша салынатын айыппұл 638 940 теңге. Бұл айлық сауда айналымы 500 мың теңгенің айналасындағы ауыл дүкені үшін қалта көтере алмайтын ақша!», -дейді Рауан Абдуллин. Кеңес қорытындысында палата өкілдері айыппұл санкциясы көлемін 230 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін төмендету немесе  тәртіп бұзу деңгейін  «өрескел, айтарлықтай, аздаған бұзу»   деген сияқты  анықтаулармен айқындап айыппұл мөлшерін шектеуге байланысты  «Атамекен» ҰКП-на өз ұсыныстарын жолдады.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button