CoronaVac вакцинасының 38 мың дозасы жеткізілді
Облыстың медициналық ұйымдарына коронавирусқа қарсы Қытайдың Sinovac биофармацевтикалық компаниясы әзірлеген CoronaVac вакцинаның алғашқы партиясы – 38 мың доза вакцина жеткізілді. Қазіргі уақытта дозалар барлық медициналық ұйымдарға таратылды. Бұл туралы баспасөз конференциясы барысында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ельмира Рахымбаева хабарлады.
Ельмира Жанатқызының сөзіне қарағанда, бұл партия өңірдің 19 мың тұрғынына егіледі. Өскемен мен Семей өңірінің әрқайсысына 9 500 доза препарат бөлінді. CoronaVac вакцинасын Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат еткен. Сонымен, бұл – коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау үшін еліміздегі қолжетімді төртінші вакцина.
Маманның түсіндіруінше, CoronaVac препараты 14 – 28 күн аралығында екі кезеңмен салынады. Коронавирусқа қарсы басқа дәрі-дәрмектер сияқты, қытай вакцинасының да салуға болмайтын уақытша және тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар. Вакцина бұрын вакциналарға ауыр аллергиялық реакциясы бар адамдарға, онкологиялық науқастарға, ауыр неврологиялық аурулары бар адамдарға, жүкті немесе бала емізетін әйелдерге, 18 жасқа дейінгі балаларға егілмейді. Иммундық статусқа байланысты аурулары бар, АИТВ/ЖИТС дертіне шалдыққандарға CoronaVac екпесін сақтықпен алу керек. Процедурадан бұрын учаскелік дәрігермен кеңескен дұрыс.
Ельмира Рахымбаеваның мәліметінше, бүгінгі күні облыс тұрғындары қалалар мен аудандардың барлық медициналық мекемелерінде екі вакцина – “Спутник V” және CoronaVac препараттарының кез келгенін таңдай алады.
– Ақпан айының басынан бастап біз отандық QazVac вакцинасының алты мың дозасын, 38 мың доза CoronaVac, шамамен 82 мың доза “Спутник V”алдық. Тағы 82 мың доза Hayat-Vax болды, бірақ қазір бұл препаратпен вакцинация процедурасы аяқталды. Барлығы 208 мың доза. Бізде ресейлік препараттың 59 мың дозасы бар. Кеше “Спутник V” екінші компонентінің 40 мың дозасын алдық, – деп атап өтті Ельмира Рахымбаева.
Бүгінгі таңда 198 мың шығысқазақстандық коронавирустан қорғалды. Қазан айына дейін 747 мың тұрғынды екпемен қамту жоспарланған. Халық үшін қолжетімділік пен жайлылықты арттыру үшін өңірде екпе пункттерінің саны үнемі артып келеді. Мысалы, өскемендіктерде АДК-River, “Император” және “Евразия”сауда үйлерінде орналасқан медициналық кабинеттерде вакцина салдыру мүмкіндігі пайда болды.
– Барлық егу пункттерінде вакцина жеткілікті. Біз созылмалы аурулары бар адамдарды вакцинациялаумен барынша қамтуды көздеп отырмыз, өйткені бұл санаттағы адамдарда коронавирус өте ауыр өтеді, – деді Ельмира Рахымбаева.
Басқарма басшысының орынбасары қазірдің өзінде өңірде аурудың азайғаны байқалатынын, сол себепті КВИ науқастарға арналған төсек қорын қысқартып жатқандарын ескертті.
–Жаппай вакцинациялаудың нәтижесінде науқастардың саны азайды, Қазақстан ковид таралуы бойынша «жасыл» аймаққа өткенін білесіздер. Біздегі 28 мың ковидпен ауырғандар да ұжымдық иммунитеттің бір қабатын құрайды. Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтағы инфекциялық стационардағы соңғы екі пациент кеше жазылып шықты. Зайсандағы 258 төсек орынды жүзге дейін қысқарттық. Өңірдің стационарларында ковид жұқтырғандар саны айтарлықтай азайды, – деп атап өтті Ельмира Жанатқызы.
Өскемен қаласындағы №2 емхананың учаскелік қызметінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Шәріпованың айтуынша, вакциналау басталғаннан бері емхананың егу пунктінде тоғыз мыңға жуық адам иммундаудан өтті.
– Алдымен біз медицина қызметкерлерін, педагогтарды, полиция мен әскери қызметкерлеріне екпе салдық. Қазір қала тұрғындарымен белсенді жұмыс істейміз. Адамдар бізге сенбі және жексенбі күндері де келеді. Ыңғайлы болу үшін егу пункті күн сайын 20.00-ге дейін ашық. Қазір CoronaVac вакцинасының бірінші және екінші компонентін алдық, – деген ақпаратпен бөлісті Әйгерім Шәріпова.
Бір қызығы, мамандар қазірдің өзінде тікелей пропорционалды байланысты бақылап отыр – вакцинация қанша көп болса, аймақта коронавирустық аурулардың саны соғұрлым аз болады. Сондықтан да медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері кәсіпорындарда екпе алу қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, өйткені бұл өз денсаулығына және жақындарына деген қамқорлық.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев біз балаларымызды осы аурудан барынша қорғауымыз керек екенін атап өтті. Жақында мұғалімдермен сөйлестік. Оларды ешкім мәжбүрлемейтінін атап өткім келеді, өйткені вакцинация ерікті болып табылады. Бұл мұғалімнің азаматтық ұстанымы, – деді Ельмира Рахымбаева. – Біз ковидпен ауырған адамдарда қандай салдары болатынын бақылаймыз. Байқағанымыз, кейбіреулерінде өкпенің көп мөлшері зақымданады, реанимацияда 30-40 күн жатқандары бар. Ауырғаннан кейін денсаулықты толық қалпына келтіру үшін кемінде бір жыл қажет. Өйткені вирус өте қауіпті, ол иммундық жүйені қатты зақымдайды. Адам ауруды жеңген күннің өзінде оның барлық созылмалы аурулары асқынып кетеді. Менің ойымша, вакцина салдырып, осындай зардаптардан қорғану керек. Тіпті сіз жұқтырсаңыз да, жеңіл түрде өтеді.
Айна Ескенқызы