Қоғам

«Цифрлық Шығыс», «Қоғамдық қабылдау» порталы-бірегей жоба

«Цифрлық Шығыс», «Қоғамдық қабылдау» порталы-бірегей жоба


Кеше Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтің жұмыс сапарымен облысымызда болды.Төраға облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге өңірде ашылған Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының жұмысымен танысты.

Академия филиалы Өскемен қаласында мемлекеттік қызметшілерді оқытудың бірыңғай орталығын құру аясында ашылып отыр. Ол өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби даму орталығына айналуы тиіс. Орташа алғанда филиалдажыл сайын 2500 мемлекеттік қызметші даярлықтан өтіп, біліктіліктерін арттырмақ. Сондай-ақ филиал мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджмент мәселелері бойынша кеңес беру қызметін ұсынады.
Танысу кезінде қонақтар филиал тыңдаушыларымен сұхбаттасты. Облыс әкімі филиалда заманауи оқу құралдары бар бірегей білім беру алаңын құруға қолдау көрсететінін атап айтты.

Бұдан соң Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевоблыс активімен кездесті.Жиынды ашқан аймақ басшысы Даниал Ахметов Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының өңірдегі орындалу барысына тоқталды.

Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Ринат Омаров «Шығыс Қазақстандағы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру» жобасын, ақпараттық технологиялар бөлімінің меңгерушісі Марина Гагарина «Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қоғамдық қабылдауы» цифрлық порталын құру» жобасын таныстырды.

Мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру бірнеше бағыт бойынша іске асырылуда. Ол денсаулық сақтау, білім беру, коммуналдық шаруашылық, жолаушы тасымалы сияқты бірнеше басты бағыттарды қамтиды.

– Мәселен, облыстың барлық медициналық мекемелері Интернет желісіне қосылған. 1 қыркүйекке дейін компьютерлермен жарақтануы 100 пайызға жетпек. Тұрғындардың смартфон арқылы «Дамумед» қосымшасын қолдану мүмкіндігі бар. Сол арқылы дәрігерге жазылуға болады. Жыл басынан бері 100 мың жазылу осы қосымша арқылы жүргізілген, – деді баяндамасында аппарат жетекшісі. Ол сондай-ақ қоғамдық көліктерге электронды билеттендіру жүйесін енгізу, мектептерде ІТ-сыныптарын ашу, Өскемен мен Семей көшелеріне «ақылды» бейнекамералар орнату жөнінде атқарылып жатқан шаралар туралы маңызды мәліметтер беріп өтті.

Өңірдегі негізгі жұмыстың бірі – «Қоғамдық қабылдау» порталы. Ол осы жылдың 1 қарашасында іске қосылмақ. Бұл – елімізде баламасы жоқ бірегей жоба. Әр облыс тұрғыны осы сайт арқылы өзін толғандырған мәселеге жауап алып, шеше алады. Бұл мемлекеттік органдардың қызмет тиімділігін арттырып, жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мекемелердің қаншалық қарқынды жұмыс істеп жатқанын да көрсетеді.

Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев «Мемлекеттік қызметті дамытудың заманауи аспектілері: өңірлік аспект» тақырыбында баяндама жасады. Төраға өз сөзінде мемлекеттік қызметті дамытудағы қазіргі заманғы ақпараттық технологиялардың маңызына кеңірек тоқталып өтті. Азамат пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара қарым-қатынасты азайту, яғни сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерінің алдын алу бағытында цифрлық технологияларды дамытудың маңызы аса зор.

–Қазақстан қазіргі кезде мемлекеттік қызметтерді электронды нұсқаға көшіруді мықтап қолға алып отыр. Бұл салада біздің жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Айталық, Азия елдерінің мемлекеттік қызметті цифрландыру бойынша рейтингісінде біздің ел 7 орынды иеленеді. Тізімнің басында Оңтүстік Корея, Сингапур және Жапония секілді Азияның «жолбарыс» елдері тұр, – деді өз сөзінде Алик Шпекбаев.

Расында да тәуелсіздік алғаннан бері еліміз Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен барлық мемлекеттік қызметтерді электронды нұсқаға көшіруді мықтап қолға ала бастады. Нәтижесінде, Қазақстан қазір цифрландырылу дәрежесі жөнінен әлемде 33 орынға табан тіреп отыр. Бұл бағытта көш басында Ұлыбритания келеді.

Барлық көрсетілген мемлекеттік қызметтердің ішінде электронды нұсқада көрсетілген қызметтер үлесі артып келеді. Үкіметтің алға қойып отырған негізгі мақсат-міндеті – 2022 жылға қарай мемлекеттік қызмет көрсету саласын толықтай дерлік, яғни 100 пайыз автоматтандыру.

Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысының жеткен жетістіктері көңіл көншітерлік. Оны агенттік төрағасы айрықша атап өтті. Нақтырақ айтар болсақ, өңірімізде қолға алынған «Цифрлық Шығыс» бағдарламасы және қазіргі кезде құрылып жатқан «Қоғамдық қабылдау» порталы осы сөздерге айқын дәлел бола алады.

Кездесу соңында «Шығыс Қазақстан облысында жергілікті өзін-өзі басқару: оқыту тәсілдерін өзгерту» қанатқақты жобасы таныстырылды. Оған осы жоба бойынша оқытылған аудандық маңыздағы қалалардың, ауылдық округтердің, кенттердің әкімдері қатысты.Биыл осы әкімдер бюджеттік бағдарламалармен және электронды үкімет порталымен қалай жұмыс істеу керектігін үйренген болатын. Себебі, биылдан бастап халық саны 2000-нан асқан округтерде өз бюджеті болады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button