Қоғам

Цифрландыру: қолжетімді және қолайлы

Цифрландыру: қолжетімді және қолайлы


Қарттық шақта қамсыз өмір сүру үшін қандай қарекет жасау керек? Зейнетақы шотымда қанша қаржы жиналды? Зейнетақы активтерінің табыстылығы қандай? Бұл сауалдар зейнетақы қорына жылдар бойы жарна жинап жүрген әрбір азаматты толғандыратыны анық. Тұрғындардың осы тектес сұрақтарына жан-жақты жауап беру үшін Өскемендегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының аймақтық филиалында «Зейнетақы жинақтары. Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы хабарлау әдістері» тақырыбында ашық есік күні өтті.

Өскеменде ашық есік күнінің жүйелі өткізіліп келе жатқанына екінші жыл. Зейнетақының қалай есептелетін, осы салаға қатысты заңнамалық өзгерістер жайлы «Дидар» газетінде бұған дейін егжей-тегжейлі жазылған-ды. Кең ауқымды түсіндірмелік жұмыстарға қарамастан, халықтың зейнетақы қорына қатысты сауалдары әлі де баршылық.

Ашық есік күні жұртшылықтың зейнетақы жарналары туралы мағлұмат алып қана қоймай, өздеріне қатысты жеке сұрақтары бойынша білікті мамандардан кеңес алуына да мүмкіндігі болды.

Жаңа электрондық сервис түрлері енгізілді

Аймақтық филиалдың жаңа басшысы Мамыралы Мамбетов айтып өткендей, қазір зейнетақы жарналарының үш түрі бар. Біріншісі – міндетті зейнетақы жарналарын жұмыс беруші жұмыскердің айлық табысының 10 пайызы көлемінде аударып отырады. Екіншісі – міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын жұмыс беруші зиянды жағдайда жұмыс істейтін қызметкерлердің есепшотына айлық табысының 5 пайызы көлемінде аударады. Ал үшінші – ерікті зейнетақы жарнасы өзінің зейнет кезеңін жоспарлап, қарттық жасындағы қажеттіліктеріне қаражат жинауға дайын азаматтарға арналған. Жарнаның бұл түрінің сомасын салымшы өз ықтиярына қарай белгілей алады.

– Өкінішке қарай, азаматтар зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтіні туралы толық біле бермейді. Осының салдарынан кей азаматтарымыз зейнеткерлік шағын дұрыстап жоспарлай алмайды, ал кейде тіпті бұл кемшілік олардың құқықығның шектелуіне әкеліп соғады. Сондықтан ашық есік күні аясында біз бұл тақырыпқа ерекше тоқталып өтуді жөн санадық,-дейді Мамыралы Жұмабекұлы. -Азаматтарды өз зейнетақы шотында қанша қаражат жиналғаны, олардың қаншалықты тиімді инвестицияланғаны алаңдатады, әрине. Зейнетақы қоры салымшылары мен алушыларын бұл туралы әрдайым құлақтандырып отырады.

Цифрландыру – қай салада болмасын қызметті қолайлы ететін уақыт талабы. Сондықтан соңғы жылдары ақпараттандыру тәсілдері айтарлықтай кеңейген. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры уақыт талабына сай дамып келеді. Қашықтықтан қызмет көрсетуге арналған жаңа электрондық сервис түрлері қолданысқа енгізілді. Енді кеңсеге барып, кезекте тұрмай-ақ, қажетті қызметті алып, уақыт, үнемдеуге болады. Зейнетақы шотының жағдайын үйде отырып-ақ, тіпті ұялы телефон арқылы да қадағалауға болады. Қазір мұндағы электрондық операциялардың көрсеткіші 52 пайызға жеткен. Мұндай қызмет түрлерін одан әрі жетілдіре бермек.

Үзінді-көшірме алудың қандай түрлері бар?

Бұл – ең көп сұранысқа ие қызмет түрлерінің бірі. Қазір тек жеке зейнетақы шотынан көшірме алу ғана емес, қордың көптеген қызмет түрлері электрондық нұсқаға көшірілген. Зейнетақы қоры салымшылары мен алушыларына өз жарналары туралы ақпаратты қашықтан алуға мүмкіндік беретін ыңғайлы әдістерін ұсынып отыр. Енді салымшыларға жеке зейнетақы шоттарының жай-күйі туралы білу үшін, қор кеңсесіне бару немесе дәстүрлі пошта байланысын пайдалану міндетті емес. Бұдан былай көптеген қызмет түрлерін электрондық сервистер арқылы да алуға болады.

Тұрғындарға ашық есік күні барысында айтылғандай, қазір жеке зейнетақы шоттарының жай-күйі туралы хабарлаудың алты тәсілі бар. Қордың жеке қызмет көрсету орталықтарына бару немесе сенімді өкіл жіберу, пошта байланысы арқылы. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының енгізілуі мүмкіндіктерді одан әрі кеңейте түсті. Электрондық қызмет бағытында жасалған алғашқы қадам – электрондық пошта болса, қазір қор салымшылары мен алушылары www.enpf.kz сайтында «жеке кабинет» ашуына болады немесе «e-mail-ге ЖЗШ-дан үзінді-көшірме алу» қызметін, Android, iPhone, iPad және Windows Phone операциялық жүйелеріне арналған ENPF мобильді қосымшасын және EGOV.KZ электронды үкімет порталын пайдалана алады. Әрине, ақпарат алудың белгілі бір тәсіліне жүгіну үшін, аймақтық филиал кеңсесіне келіп өтінім жазу, электронды цифрлық қолтаңбаға жүгіну сынды белгілі талаптар бар. Дегенмен, бұл бұрынғы қызмет түрлерінен әлдеқайда қолайлы екені анық. Мамандар ашық есік күні жұртшылықты осы жаңа қызмет түрлерімен кеңірек таныстырды.

Биылғы ақпаннан бастап зейнетақы қорының сайтында жаңа қызмет – «Жеке зейнетақы шотын ашу жөніндегі өтінішті/зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жаңа редакцияда алу» немесе «Көшірме нұсқалар» қызметі іске қосылған. Қазірге дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бөлімшелерінде шарттардың 2,9 миллионнан астам «көшірме нұсқасы» берілген екен. Сонымен қатар жинақтаушы зейнетақы қорының сайтында электронды цифрлық қолтаңба арқылы ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу жүзеге асырылады. Қордың ресми сайтына кіріп, «Жеке кабинет» бөлімі арқылы міндетті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шотын ашу, зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беру, сол өтініштердің орындалу барысын қадағалау, жеке деректемелерге өзгерістер енгізуге болады.

Цифрландыру: қолжетімді және қолайлы

Тегін қосымшаларды жүктеп алыңыз

Аймақтық филиал басшысы Мамыралы Жұмабекұлы жинақтаушы зейнетақы қоры сайтты жаңарту және цифрлық қызметтерді дамытумен ғана шектеліп қалмай, ұялы байланыс операторларымен де белсенді ынтымақтастық орнатып жатқандығын айтты. Ондағы мақсат – тұрғындарға ENPF ұялы қосымшасын трафикті есепке алмай пайдалануға мүмкіндік беру. Қазірдің өзінде Tele2 және Altel бірлескен компаниясының абоненттері өздерінің шоттарында теңгерімнің бар-жоғына қарамастан жинақтаушы зейнетақы қорының ұялы қосымшасын пайдалана алады. Жуықта басқа да операторлармен осындай келісімдер жасауды жоспарлап отыр.

Ашық есік күніне зейнетақы шотының жай-күйін білгісі келген әжесін алып келген Динара Тілеубекқызы: – Зейнетақы қорының жұмысын жете түсінбеуші едім. Бүгін мұнда заманауи технологиялар жан-жақты енгізілгенін көріп, таңданып қалдым. Енді әжеме оларды қолдануға көмектесемін. Үйде отырып-ақ зейнетақы қорының қызметін алуға болады екен,-дейді.

Ашық есік күнінің тағы бір қатысушысы, өскемендік Мерей Әшімбекұлы көп жылдан бері жеке құрылыс компаниясында қызмет етеді екен.

– Мен зейнетақы шотым туралы ақпаратты электрондық пошта арқылы алып отырамын. Соңғы үзінді-көшірме келгенде, жұмыс беруші жарнамды уақтылы аудармағанын, бірақ мұны бізден жасырғанын түсіндім. Жарнаның уақытында аударылмауы несие алуыма кедергі болды. Жалғыз мен емес, бүкіл мекемедегі жағдай осындай болып шықты. Біздің талабымыздан кейін жарна аударылды. Енді мен зейнетақы қорының сайтында жеке кабинет ашып, жағдайды әрдайым қадағалап отыру керек деп шештім. Басқаларға да осындай кеңес беремін. Ғаламтор арқылы қызмет алудың еш қиындығы жоқ, керісінше ыңғайлы екен, – дейді ол.

– Ақпараттық технологияларды ең алдымен электрондық сервистер саласында дамыту – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қызметінің басты бағыттарының бірі,-дейді облыстық филиалдың білікті маманы Қарлығаш Байділдаева. – Қазіргі кезде электрондық байланыс арналары арқылы көрсетілетін қызметтердің үлес салмағы 52 пайызды құрайды. Қордың корпоративтік стратегиясына сәйкес, 2021 жылға дейін бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button