Қоғам

«Чоң көжө» ішер күн келді

Бір туған қырғыз елі де Наурыз мерекесін тойлайды. Біз сияқты олар да жеті түрлі дән азығынан арнайы ас әзірлеп, оны «чоң көжө» (үлкен көже) деп айтады, бір аптадай өндірілген дәнді дақылдардан жасалған дәмді «сүмөлөк» жейді.

Тамақ жеген соң ән айтып, жыр жырлап, отты айнала билеп, жаратқаннан жақсылық сұрайды. Қырғыздар Наурызды «Жыл ажыратыш» деп те атаған. «Ескі жыл ажырады, жаңа жыл жалғады» деген. Бұл күні қырғыздар арша не адыраспанды тұтатып, үй ішін бәле-жаладан аластаған.

Қырғыз елінде Наурыз аптаның қай күніне тұспа-тұс келсе, сол жылдың қандай болатыны туралы жорамал да бар. Мәселен, Наурыз жексенбі күні келсе, тоқшылық болады, дүйсенбіде келсе, жаңбыр көп жауып, жыл аяғында қар жауып тез еріп кетеді, сейсенбіде келсе, астық мол болады, сәрсенбіде келсе, көкөніс көп болады, бейсенбіде не сенбіде келсе, жеміс көп болады, ал жұма күнге келсе, қатты суық болып, егін кеш піседі.

Қырғыздар Наурызды 1990 жылдан бастап үлкен сән-салтанатпен атай бастады. Республика тәуелсіздігін алған соң мереке ұлттық дәрежеге көтерілді. Бүгінде Наурыз мейрамын жөн-жоралғысымен атап өту қырғыз қоғамында дәстүрге айналған. Той-думанды өткеруге мемлекеттік билік мекемелері де мұрындық болып келеді.

Бейсенғазы Ұлықбек

Осы айдарда

Back to top button