Қоғам

Чемпиондар жеткіншектерді есірткіге қарсы тұруға шақырды

Чемпиондар жеткіншектерді есірткіге қарсы тұруға шақырды

Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында облыстық есірткі бизнесімен күрес басқармасы «Өз өміріңді көркемде» ұранымен өтіп жатқан республикалық акция аясында нашақорлыққа қарсы күрес және жас жеткіншектердің бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Шараға Олимпиада чемпионы, 2010 жылғы Әлем чемпионы, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, жеңіл атлетикадан спорт шебері Богдан Весельский және 2015 жылғы полицейлер арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы, гір көтеру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, облыстық ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкері Айдын Алпысов қатысты. Осындай белгілі жерлестеріміздің жеке үлгі-өнегесі, айтқан ақыл-кеңестері мен әңгімелері кез келген үгіт-насихат жұмыстарынан әлдеқайда құнды екені даусыз.
– Иә, біз чемпион болдық. Еліміздің, туған қаламыздың тұрғындары бізді мақтан тұтады. Ал біз болсақ, халықаралық жарыстарда еліміздің Әнұраны орындалып, көк байрағы желбірегенін, соған үлес қосқанымызды мақтан тұтамыз. Алайда, біз чемпион болып туған жоқпыз, біз алдымызға үлкен мақсат қойып, көп тер төгіп, жеңіске жеттік. Спорт біздің бойымызға күш беріп, үлкен шыдамдылыққа тәрбиеледі. Менің ойымша, нашақорлық мәселесіне барлығымыз бірлесіп қарсы тұрсақ, бұл проблеманы шешуге болады. Бастысы, аталған әлеуметтік кеселге немқұрайлы қарамау. Нашақорлықтың басты қарсыласы, салауатты өмірдің көзі – спорт болып табылады, – деді Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова.
Жасөспірімдердің алдында өнер көрсеткен «X-Фактор» телевизиялық конкурсының жеңімпазы Евгений Выблов та нашақорлыққа қатысты өз көзқарасын білдіріп, тыңдармандарын тамаша әндерімен тамсандырды.
Қазақстанның спорт шебері Борис Аксенов жетекшілік жасайтын кекушинкай каратэ мектебі жас жеткіншектерінің сахнада көрсеткен іс-қимылдары жиналғандарға спорттың басты артықшылықтарын паш етті. Жас өрендер үшін ең қызықтысы – облыстық ішкі істер департаментінің кинологиялық орталық қызметінің қызметкерлері арнайы қызметтік-іздестіру иттерімен көрсеткен көрсетілімдер болды. Кинолог Анель Болгумбаева кинологиялық қызметтің тарихы жайында баяндап, төртаяқты әріптестерінің көмегімен құқықбұзушыларды ұстау және есірткі құралдарын іздеу әдістері мен тәсілдерін көрсетті.
Жиналғандарға нашақорлықтың алдын алуға бағытталған бейнефильм және бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар ағайынды Абдуллиндер атындағы облыстық өнер колледжінің жас өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарлама да көрермендердің көңілінен шықты.
– Жастарға көптеген жолдар ашық. Солардың арасында дұрыс таңдау жасау және зиян келтіретін ықпалдарға қарсы тұру – сіздердің өз қолдарыңызда. Біз, өз тарапымыздан жастарды және жалпы тұрғындарды есірткі заттарынан қорғау үшін барлық мүмкін шараларды жүзеге асырудамыз. Алайда, өкінішке қарай, басқа адамдардың қайғысынан жеңіл табыс табам деген теріс пиғылды жандар аз емес. Ағымдағы жылы есірткі бизнесімен күрес қызметінің мамандары заңсыз айналымнан 150 келіден артық түрлі есірткі заттарын тәркіледі. 250-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті облыстық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Эдеш Рақымжанов.
Есірткі заттарының зияны туралы естіп, білген жастарды кеш соңында тағы бір қуанышты мезет күтіп тұрды. Олар акция соңында облыстың әйгілі тұлғаларымен естелік суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button