Қоғам

Чемпиондар ауылдан шығады

Чемпиондар ауылдан шығады


– Тос! Тос!
– Қолын байла!
– Ішке кір!
– Жаса!- деп жан ұшыра айғайлап отырған бапкердің дауысынан көрермен болған біздің де делебеміз қозды.

Бозкілемнің үстінде арпалыс. Қарсыласының қос қолын қапсыра ұстап, оң аяғымен алдыға қадам басты да жалт беріп, жерге алып ұрды. Қарсыласы да осал емес екен, айналып түсіп, ұршықша ойнаған күйі төрттағанға жата кетті. Ыршып барып сыртына шыққан балуан да белінен құшақтады.

– Айнал!-деп айқайлады бапкер. Сол-ақ екен балуан бала боз кілемде қарсыласын өзінен асыра екі айналдырды. Қас қағым сәтте осындай шеберлік көрсеткен оған жұрт дүр сілкініп, шапалақ соқты. Оң қапталдағы төреші төрт ұпай көтерді.Таблода 8:2 саны жарқ етті.

Аягөз ауданы, Мамырсу ауылында жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен ашық республикалық турнир өз мәресіне жетті. «Жастар жылы» аясында өткен дәстүрлі турнир Ауған соғысының қаһарманы, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Қайрат Оспановты еске алуға арналды.

Бұл бәсекеге Ақмола, Алматы, Түркістан облыстарымен қатар, Нұр-Сұлтан, Тараз, Талдықорған, Семей, Өскемен қалаларынан 2004-2005 жылдары туған 362 балуан қатысты. Жалпыкомандалық есепте Мамырсу құрамасы бірінші орынды иеленсе, нұр-сұлтандық балуандар екінші, Алматы қаласы үшінші орындарға тұрақтады.

Екі күн бойы бозкілем үстінде атой салған балғын балуандар жанкүйерлерге тартысты белдесулер сыйлады. 32 келі салмақта Сарыағаштан келген Нұртілек Кеңесов, 38 келі салмақта мамырсулық Асылбек Кәттебаев, 41 келі салмақта тағы бір Мамырсу ауылының өкілі Айбек Айтбеков, 60 келі салмақта үржарлық Әмір Темірғали жеңімпаз деп танылса, 70-тен жоғары салмақта Нұр-Сұлтаннан келген Бағлан Қуаныш жеңіс тұғырына көтерілді.

Елордадан келген Мамырсу ауылының мақтанышы, халықаралық дәрежедегі төреші Айдын Сәрсекеев үзіліс кезінде шеберлік сабағын өткізді. Жас балуандар зейін қойып тыңдады. Сондай-ақ белгілі самбошы Марат Жахит пен Мамырсу ауылында алғаш грек-рим күресінен секция ашып, қаншама спорт шеберін жаттықтырған бапкер Азамат Көкебаевтың құрметті қонақ болуы да жас балуандарға ерекше рух бергені сөзсіз.

11-ші жыл қатарынан өтіп келе жатқан бұл турнирдің деңгейінің республикалық дәрежеге көтерілгендігін ерекше атап өткен елімізге еңбек сіңірген бапкер, Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының грек-рим күресінен мемлекеттік жаттықтырушысы Мейірхан Рахметов өз сөзінде келесі ойындарды республикалық чемпионат деңгейінде өткізуді ұсынды.

– Оған барлық алғышарт бар, – деді Мейірхан Рахметов. – Бұл турнир ауылды жерде өтті демесеңіз, үкілеп қосқан кейбір жеңімпаздардың өзі іріктеу кезеңінен өтпей қалды. Өйткені чемпиондар ауылдан шығады. Балуандардың дайындығы өте жоғары. Келесі жылы Әлем және Азия чемпионаттарына іріктеуді даңқты балуандары бар Аягөз өңірінде өткізсек пе деген ойымыз бар.

Жалпы, Қазақстанда 13 мыңға жуық балуан грек-рим күресімен айналысады. Мұндай жарыстар ауылды жерлерде осы спорт түрінің кеңінен насихатталып, дамуына ықпал етеді.

Айта кетер болсақ, турнирдің өтуіне ең бірінші Ауған соғысының батыры Қайрат Оспановтың ағасы Ғалым мен інісі Қанат Оспановтар дәнекер болды. Аудан әкімшілігі мен Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы қолдау көрсетіп, Нарын ауылының «Рысбек», Мамырсу ауылының «Қос», «Ардагер» шаруа қожалықтары, сондай-ақ Қазығұл емдеу мекемесі демеушілік жасады.

Тілеукен ТІЛЕУБЕРДІҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button