Қоғам

Чемпионаттың бас жүлдесі шығыста қалды

Чемпионаттың бас жүлдесі шығыста қалды

Волейболдан еліміздің жасөспірімдері арасында өткізілетін дәстүрлі чемпионатының қысқы маусымы биыл Өскеменде өтті.
Жылдың төрт мерзімінде үзіліссіз өткізіліп келе жатқан бұл сайыста бұл жолы 1998-1999, 2000-2001 және 2002-2003 жылы туған жасөспірімдер шеберлік сынасқан. Бұл жолы да еліміздің 13 облысынан «Бәйгені біз аламыз!» деп, бақ сынаған 35 команда (қаңтардың 5-і мен 10-ы аралығы) Алтай төрінде өткен байрақты бәсекеде жан алысып, жан берісті деуге болады. Алты күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша үш команда жасақтаған шығысқазақстандық жасөспірімдер (суретте) екі алтын, бір күміс медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте чемпионат жеңімпазы атанды. Нақтырақ айтсақ, 1998-1999 жылғы спортшылардан жасақталған ойыншыларымыз 13 команда арасындағы финалдық кездесуде шымкенттіктерге ғана жол беріп, екінші орынға табан тіресе, 2000-2001 жылғы өрендеріміз 13, ал 2002-2003 жылғы қол добының шеберлері 9 команда арасында қарсыластарынан қара үзіп, чемпион болды.
– Облыс құрамасының 50-60 пайызын Өскемендегі мектептер мен колледж студенттері құраса, қалған бөлігін Семей қаласының, сондай-ақ, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай және Катонқарағай аудандарының спортшылары толықтырады. Өкінішке қарай, облысымыздың өзге аудандары бұл спорт түріне әзірге атсалысар емес. Бұл жайында тиісті орындарға наразылығымызды білдіріп хат жазған едік, әзірге жауабы болмай жатыр, – дейді жасөспірімдер командасының бас бапкері Болатбек Наумов.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button