Экономика

Чехиялықтар нан өндірудің озық технологиясымен таныстырды

Шығыс Қазақстан облысына еліміздегі Чехия Республикасы елшілігінің кеңесшісі Франтишек Троячек бастаған чехиялық компаниялардың өкілдері келді.

Чехиялықтар нан өндірудің озық технологиясымен таныстырдыЧехия елі мен біздің облыстың нан өндірісі өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық байланысты арттыруды мақсат еткен кездесу барысында шетелдік қонақтар нан өндірумен айналысып жатқан өңір кәсіпкерлерін нан өнімдерін шығаратын құрал-жабдықтар түрінен бастап, өнімдерді өндіру технологиясына дейінгі соңғы жаңалықтарымен таныстырып шықты.

– Сіздердің озық технологияларыңызды өзімізде пайдаланып, нан өндірісі саласында заманауи өндіріс құрал-жабдықтарын қолдансақ деген ниеттеміз. Осы орайда сіздер жақтың іс-тәжірибесіне көңіл аударып, қызығушылық танытып отырмыз. Өнімдерді елімізден тысқары жерлерге шығару үшін біріккен кәсіпорындар құру бойынша сіздерден ұсыныстар күтеміз, – деді Чехия делегациясымен болған дөңгелек үстелде облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев.

Қазақстандағы Чехия Республикасы елшілігінің кеңесшісі Франтишек Троячек та чехиялық өндірушілердің біздің елмен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екендігін жеткізді.

Аудан орталықтары мен Семей, Курчатов, Зырян қалаларынан келген нан өндірушілер Чехияның «МОРОS», «TOPOS», «Agros Almaty», «j4» сияқты нан өндірісі жабдықтарын шығаратын, нан өнімдерін өндіретін компаниялары өкілдерінің өз өндірістері жайында баяндаған ақпараттары мен көрсеткен слайдтары арқылы кәсіпорындар жұмысымен танысты.

Электр қуатын үнемдеп, аз шығын жұмсай отырып үлкен көлемде өнім өндіруге мүмкіндігі бар аса қуатты чехиялық нан өндірісі құрал-жабдықтарының жұмысы бастан-аяқ автоматтандырылған. Екіжақты пікір алмасу кезінде аймақ кәсіпкерлері өздерінің қолы жететіндей әрі қажетті сұранысқа сай өнімді шақтап өндіруге қолайлы келетіндей шағын наубайхана жабдықтарын сатып алсақ деген тілектерін жеткізді.

Аягөз қаласынан келген жеке кәсіпкер Алтай Ақылтаев күніне екі мың бөлке нан пісіреді екен. Шағын наубайханада 45 теңгеден әлеуметтік нан да өндіріліп жатыр. Аудан орталығында 10-нан астам нан өндіруші кәсіпкер бар. Сондықтан кәсіпкер наубайхана өндірісін ұлғайтып, оның қуатын арттырғаннан гөрі өндірісті жоғары сапалы өнім шығаратындай заманауи технологияға бейімдегенді жөн санайды.

Чехиялықтар бұл мәселені кәсіпорындар басшыларымен жеке байланыс орната отырып шешуге болатынын, олардың өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды таңдауға көмектесетіндерін айтты.

Әңгіме барысында облыс Әкімінің бірінші орынбасары шығысқазақстандық кәсіпкерлер мен чехиялық кәсіпкерлердің қарым-қатынасы мен байланысы тек сатып алу, сатумен ғана шектеліп қалмауы қажет екендігін, елімізде жүргізіліп жатқан түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлердің Чехияға барып жаңа технологияларды оқып, білуіне жағдай жасауды, оларды тәжірибеден өткізуді ұйымдастыруды ұсынды. Бүгінгі күні елімізде кәсіпкерлікті өркендетуге, соның ішінде нан өнімдері өнеркәсібін дамытуға орай түрлі қолдаулар көрсетіліп, қаржылай көмектер де жасалып жатыр. Аталған саланы қолдау бағытында биыл біздің облыста ең алғаш рет нан фестивалі өтпек. Ермек Көшербаев бұл бастаманы облыстың нан өндірушілері түгелдей қолдап отырғандарын, аталмыш фестиваль аймақтағы нан өндіруші кәсіпорындар өнімінің сапасын арттырып, оны өңірімізден тыс жерлерге шығаруға, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге өзіндік ықпал ететінін атап көрсетті.

Облыс кәсіпкерлерімен кездесуден соң Чехиядан келген делегация қаладағы «Ақсай» нан өнімдері комбинатының «Ақсай-нан-Өскемен» филиалында, «Каравай» ЖШС-де болды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button