Қоғам

Чех кәсіпкерлері облысқа инвестиция құюға әзір

Чех кәсіпкерлері облысқа инвестиция құюға әзір

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен Чех Республикасы Пльзень өлкесінің және Шығыс Қазақстанның іскер топтары қатысқан дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Чехиялық ресми делегацияны Пльзень өлкесінің гетманы (басшысы) Вацлав Шлайс бастап келді.
2012 жылдың қазанында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Чех Республикасына жасаған ресми сапары аясында облыс әкімдігі мен Пльзень өлкесі әкімшілігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылған болатын. Осы сапар кезінде «Ромат» серіктестігі мен «Фавеа Еуроп» кәсіпорны, сонымен қатар Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы университет пен Карлов университеті арасында келісімшарттар жасалған-ды.
Қазіргі кезде облысымызда Пльзень өлкесі басшылығымен серіктестік қарым-қатынастар орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, туризм, көліктік инфрақұрылым салаларында ынтымақтаса еңбек ету, екі өңір кәсіпкерлері арасында тікелей байланыстар орнату негізгі бағыттар ретінде қарастырылып отыр.
Осы жылдың наурызында чех тарабының шақыруы бойынша облыс делегациясы жұмыс сапарымен Пльзень өлкесіне барып қайтқан болатын. Аталмыш кездесулер өнеркәсіп, көлік, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы өңіраралық байланыстарды нығайту және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуді мақсат тұтты.
– Осыдан екі жыл бұрын Пльзень өлкесі мен Шығыс Қазақстан облысы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған-ды. Аталмыш құжат екі өңірдің де экономикасына серпін беруі тиіс, – деген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Шығыс Қазақстанның индустриялды, аграрлық әрі пайдалы қазбаларға бай өңір екенін атап өтті.
Облыс аумағында «Қазцинк», «Қазақмыс», «ТМК», «ҮМЗ» сынды алпауыт кәсіпорындар жұмыс істейді. Өткен жылы аймақтық жалпы өнім көлемі 11 миллиард долларды құрады. Оны облыс халқына шақса әр тұрғынға 10 мың доллардан келеді. Жыл сайын облысқа 2,5 миллиард доллардың инвестициясы тартылады.
– Біз түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамыту мақсатымен келіп отырмыз. Қазіргі кезде екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Бұл аз емес, алайда біздің мүмкіндіктеріміз өте көп. Сондықтан бұл көрсеткіштерді әлі де ұлғайта түсу қажет, – деген Вацлав Шлайс Чехияның ең дамыған өлкесі Пльзень туралы қысқаша мәлімет беріп өтті.
Жиын барысында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Манарбек Сапарғалиев сөз сөйлеп, корпорация жанынан құрылған «Инвесторларға қызмет көрсету ортылығының» жұмысы туралы айтты және чех кәсіпкерлерін бірлескен жобаларды қолға алуға шақырды.
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ чехиялық іскер азаматтар тарапынан шағын су және жел электр стансаларын салуға, ағаш өнімдері мен тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуге, тау шаңғысы туризмін дамытуға, сыра өндіруге қатысты ұсыныстар күтетінін жеткізді.
– Облыс басшылығы қарым-қатынастарымыздың нығаюына мүдделі. Себебі, бұл экономикамыздың дамуына күшті серпін бермек. Сонымен қатар, біз барлық екіжақты байланыстарға жан-жақты қолдау білдіретін боламыз. Облыста 4 индустриялдық аймақ бар, ел заңнамасына сәйкес инвесторлар бірқатар салықтардан босатылған, – деп түйіндеді кездесуді облыс әкімі.
– Байқағаным, қос өңірдің де экономикалары бір-біріне ұқсас әрі шамалас, сонымен қатар бірлесе қолға алуға болатын тиімді жобалар жетерлік. Бүгінгі іскерлік кездесулердің нақты нәтижесін алдағы 2-3 жылда-ақ көретін боламыз. Біздің кәсіпкерлер осында бірлескен кәсіпорындар ашуға, өңір экономикасына инвестиция құюға, технологияларымен бөлісуге дайын. Мен өз атымнан және бүкіл Пльзень өлкесі жұртшылығы атынан Қазақстан халқына, оның ішінде облыс тұрғындарына өсіп-өркендеу мен береке-бірлік тілеймін! – деді Пльзень өлкесінің гетманы Вацлав Шлайс.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button