Қоғам

Cемейде аймақта жоқ бірегей кәсіпорын іске қосылды

Cемейде аймақта жоқ бірегей кәсіпорын іске қосылды

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Семей қаласына барып, жергілікті жұртшылықпен кездесулер өткізді, сонымен қатар, қалаішілік жолдардың жөнделу барысымен, 14-ықшамаудандағы жылу желілерінің жағдайымен танысты және жаңадан ашылған «ЖҚұрылыс» компаниясында болды.

Көшелерді жөндеу жұмыстары биыл да жалғасады

Аймақ басшысы ең алдымен қала активімен жүздесті. Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінде өткен жиын басында қала әкімі Айбек Кәрімов ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы және қазіргі жағдайы жөнінде халық алдында есеп берді. Шаһар басшысы негізінен өткір мәселелерге кеңінен тоқталды. Семейдің бүгінгі таңдағы басты проблемасы – жолдардың жағдайы. Былтыр қала көшелерін жөндеу мақсатында қазынадан 1 миллиард теңге бөлініпті, биыл да сол шамада. Осы жылы жоспарға сәйкес Аймауытов, Морозов, Железняков, Мичурин, Дальняя көшелері қалпына келтіріледі, ал Би Боранбай көшесі кеңейтіліп, алты жолақты болады. Атап өтерлік жайт, бұл жолдар сонау 80-ші жылдардан бері жөндеу көрмеген. Мұнымен қоса, өзге көшелерге ағымдағы жөндеу жүргізу үшін 70 миллион теңге қарастырылып отыр. Аталмыш жұмыстармен қатар, көшелерді жарықтандыру ісі де жалғасатын болады. Келесі көкейкесті мәселе қаланы жылумен қамтуға қатысты. Атап айтсақ, ескірген құбырлар жиі жарылады, сондай-ақ, «Ғаббасов» қазандығының жұмысында кемшіліктер бар. Қала әкімі азық-түлік бағасын ауыздықтау бағытында атқарылып жатқан іс-шараларды да атап өтті.
– Бірінші қажеттегі тауарлардың бағасы үнемі бақылауда ұсталуы тиіс. Бұл жұмысты бір сәтке де назардан шығармау қажет, негізсіз қымбаттауларға жол беруге болмайды, – деп ескертті осы ретте аймақ басшысы.
Жиында тұрғындар қала әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оларға тұщымды жауаптар алды. Семейліктер жаз мезгілінде ыстық судың өшірілуі, қалалық автобустардың айлық жол жүру билеттерінің қымбаттауы, көше саудасының тыйылмай тұруы жөнінде мәселе көтерді. Айбек Кәрімовтің айтуына қарағанда, ыстық судың болмауына негізгі кедергі тұрғындардың қарызы және құбырлардың тозуы екен. Қазіргі кезде семейліктердің жылу үшін берешегі 500 миллион теңгеден асып жығылады. Ал айлық билеттерге қатысты тексеру жүргізілмек, көшелердегі бей-берекет сауда-саттық алдағы уақытты жойылуы тиіс, бұл мақсатта жаңа сауда орындары көптеп ашылуда.
– Жаз мезгілінде ыстық суды тым құрығанда Сол жағалау тұрғындарына беруді қарастырыңыз. Сонымен бірге, халықпен тығыз жұмыс істеп, қарыздардың қайтарылуын қамтамасыз ету керек. Жаңа жылу орталығын не үшін салдық? Билет құнын көтеруге еш негіз көріп тұрған жоқпын, жанармай бағасы қымбаттаған емес. Өз жұмысын келісімге сәйкес атқару – тасымалдаушы мекеменің міндеті, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы қалада жеңіл өнеркәсіп, сауда саласы ақсап жатқанын, жергілікті жерде өндірілетін кейбір азық-түлік түрлерінің қымбаттауы байқалатынын да атап көрсетті. Тұрғындардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші 38 пайызға дейін құлдырап кеткен. Осы түйткілдерге жіті көңіл бөлген абзал.
– Қалалық әкімдік тұрғындар тарапынан, бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан айтылып жатқан сын-ескертпелерді дұрыс қабылдауы тиіс. Оларға тиісінше жауап беріп, олқылықтарды жою бойынша шара қолдануы керек. Жалпы, Семейде атқарылып жатқан шаруалар аз емес, тек алдағы уақытқа болжам жасай отырып, сол жұмыстардың қарқынын үдете түсу қажет, – деп түйіндеді кездесуді аймақ басшысы.
Бұдан соң облыс әкімі 14-ықшамауданындағы қазандықтың, жылу құбырларының жай-күйіне қанықты. Іргесі сонау 1976 жылы қаланған аталмыш қазандық осыдан үш жыл бұрын жұмысын тоқтатып, аумақтағы тұтынушылар №1 жылу орталығына қосылған. Алайда, ықшамаудан тұрғындары ыстық сумен қамтылмай отыр. Осы мәселені шешу үшін бұрынғы қазандықты жылу бекеті ретінде қайта құру қажет. Жоба құны 544 миллион теңгені құрайды.

Ескі құбырлар ауыстырылып жатыр

Сондай-ақ, аймақ басшысы қалалық мәдениет сарайына жиналған қала жұртшылығымен жүздесті. Қала әкімі өз есебінде негізгі экономикалық көрсеткіштерге кеңінен тоқталды. Жалпы алғанда, Семейдің әлеуметтік-экономикалық саласы дамып келеді, қоғамдық-саяси жағдай да тұрақты қалпында. Тек өндіріс көлемі өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 4,6 пайызға төмендеген, сондай-ақ, жалпы қылмыс, оның ішінде ұрлық саны өскен.
Бұл жиында да тұрғындар белсенділік танытып, облыс, қала басшыларына өздерін алаңдататын сұрақтарын қойды. Залға жиналған халық «Орленок» саяжайына қатынайтын автобус билетінің қымбаттауы, құс фабрикасының жабылуы, Восход ықшамауданын ауызсумен, балабақшамен қамту, көшелерін жөндеп, жарықтандыру сынды мәселелерді алға тартты. Қала әкімі «Орленок» саяжайы қаладан 20 шақырым жерде, Бесқарағай ауданының аумағында орналасқанын айтты, ал қаладағы құс фабрикасы жұмыс істеп тұр, тек ол жұмыртқа өндіруді тоқтатқан, етті бройлер балапандарын өсірумен шұғылданады. Восход ақшамауданының барлық проблемалары да қала әкімдігінің назарында және олар шешімін табатын болады.
– Семей экономикасының негізі – жеңіл және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ, шағын бизнес. Қазір кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде, түрлі бағдарламалар бар, жеңілдетілген несиелер беріледі. Осы мүмкіндіктерді мүлт жібермей, пайдаланып қалған жөн, – деген облыс әкімі қазір қалада жылу құбырларын жаңарту жұмыстары жүріп жатқанын, олардың кеңес заманынан бері жөнделмегенін атап өтті.
– Семей көшелерін қалыпқа келтіру үшін бюджеттен бір миллиард теңге қаржы берілді. Басқа қай қалаға жол жөндеу үшін осынша қаражат бөлінуде? Біз ең алдымен негізгі көшелерді ретке келтіреміз, біртіндеп барлық жолдар жөнделеді, – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін аймақ басшысы Аймауытов, Морозов және Шугаев көшелерінде болып, онда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Бұл жолдарды «Семей жолдары», «Гордорстрой» серіктестіктері екі-бес айдың ішінде қалыпқа келтіруі тиіс. Іске енді кіріскен мердігерлер құрылыс материалдарының облыстағы кәсіпорындардан алынып, жұмыстар барлық талаптарға сай атқарылатынын айтады. Облыс әкімі оларға өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарап, ең алдымен сапаға баса назар аудару қажеттігін қадап айтты.
Әбден тозығы жеткен Аймауытов көшесінің ұзындығы бір1 жарым шақырымды құрайды екен. Жөндеу жұмыстары 1 мамырда басталған, тамыз айында аяқталуы тиіс.
Іссапар соңында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «ЖҚұрылыс» компаниясының өндіріс орнына барып, оның технологиялық процесімен танысты. Бұл кәсіпорын автокөлік дөңгелектерінен резеңке ұнтақтар және жаяу жүргіншілер жолына арналған төсемелер шығарады, сонымен бірге құрылыс материалдарын, сан алуан темір дуалдар мен есіктерді жасайды. Компания басшысы Жұмағазы Маратбаевтың айуынша, ескі көлік шиналарын ұнтаққа
айналдыратын кәсіпорын облысымызда жоқ. Бұл – алғашқысы. Аталған ұнтақтарды асфальт өндіруде қолдануға болады. Резеңке қоспа тасжолдың беріктігі мен төзімділігін күшейтетін көрінеді. Мұнымен қоса, сол ұнтақтардан түрлі тротуарлық плиталар жасалады. Ондай төсемелер жеңіл әрі ұзаққа шыдайды.
Цех жылына 2 мың тонна резеңке қалдығын өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорында қазіргі кезде 15 жұмыс орны ашылып отыр. Еңбеккерлердің орташа айлықтары 50 мың теңгенің шамасында. Шикізат, яғни, пайдаланылған көлік дөңгелектері облыс аумағынан жеткізіледі. Тағы бір атап өтерлік жайт, осы кәсіпорынның кеңсесі электр қуатын күн батареяларынан алады екен. Яғни, компания «жасыл экономикаға» нақты қадам басып отыр.

Cемейде аймақта жоқ бірегей кәсіпорын іске қосылды

Сонымен қатар, аймақ басшысы қалада жаңадан ашылған «Қазына» сауда-көңіл көтеру орталығына бас сұғып, көпшілік игілігі үшін ашылған демалыс орнының жұмысын көрді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button