Cемей жылыту маусымына дайын ба?
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Семей қаласының жылыту маусымына дайындық барысын тексеріп, бірқатар жергілікті кәсіпорынның жұмысымен танысты. Сондай-ақ, аймақ басшысы қаланың абаттандырылуына ерекше көңіл бөлді.
Жағдайдан шығудың бір амалы – тарифті өсіру
Ең алдымен облыс әкімі Семейдің мамандандырылған қызметтерімен қаланың жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланған жиын өткізді. Басқосуда қала басшысы Ермак Сәлімов баяндама жасап, бүгінде шаһардағы жылу жүйелерінің 30 пайызы қолданысқа берілуге дайын екенін жеткізді.
– Жалпы алғанда, бұл бағыттағы жұмыс белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Тек бірнеше жайт жұмыс қарқынын ширатуға кедергі болып тұр. Соның бірі – электр энергиясымен қамту проблемасы. Қазіргі кезде «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының түгелдей дерлік жылу бекеті мен қазандығында электр энергиясы жоқтың қасы. Қарыздың көптігінен бұл нүктелерді электр қуатымен қамту жұмысы мамыр айында тоқтатылған. Ал жылыту маусымына дайындық іс-шараларының негізгі бөлігін дәнекерлеу, жону сияқты жұмыстар құрайтынын ескерсек, электр энергиясы ауадай қажет екенін түсінеміз, – деген қала әкімі тығырықтан тұрғындардың коммуналдық қызмет алдындағы берешектерін өтеу арқылы шығуға болатынын айтты.
Жиында белгілі болғандай, бүгінде семейліктер «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнына 600 миллионнан астам теңге қарыз екен. Өз кезегінде кәсіпорынның энергетиктер алдындағы қарызы 890 миллион теңгені құрап отыр. Жалпы алғанда, «Жылукоммунэнергоның» электр энергиясымен қамтитын мекемеге қарызы 1,3 миллиард теңгеден асып жығылады.
– Бұдан былай аталмыш мәселеге бейжай қарауға еш болмайды. Халықты әбден мезі қылған жылыту проблемасын біржолата шешуіміз қажет. Ал ол үшін батыл қадамдар жасауға тиіспіз. Әйтпесе, мына түрімізбен бір-екі жылдың ішінде Семейдің ғана емес, бүкіл облыстың коммуналдық жүйесін етектен тартып, тақырға отырғызуымыз мүмкін. Аталмыш мекеме әлдеқашан банкрот болған, мұны мойындауымыз керек. Бұл аздай, енді олар аймағымыздың тағы екі ірі кәсіпорнын – «Шығысэнерготрейд» пен «Семей су арнасын» тығырыққа тіреуде. Қазір осы бір қиын жағдайдан шығудың бір-ақ амалы бар, ол – жылу энергиясының тарифін өсіру, – деген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ республикалық және облыстық бюджеттерден қаржылық қолдау күтіп отыра беруді қойып, дағдарыстан өз бетінше шығуға тырысу керектігін айтты.
Аймақ басшысы өз сөзінде қарапайым халық коммуналдық қызметтерді төлеуде қиындық көрмеуі үшін қаланың әлеуметтік сала мекемелері аз қамтылған тұрғындарға арнайы жәрдемақы тағайындау жағын ойластыру қажет екенін ескертті.
Қала әкімі Ермак Сәлімовтің айтуынша, биыл Семейге «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 1 миллиард 824 миллион теңгенің қаражаты бөлініп, осының арқасында жыл соңына дейін жылу жүйелерінің 10 нысаны күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Облыс әкімі аталмыш жұмыстарға жауапты мердігер компаниялар басшыларына нысандар жылыту маусымының басына дейін пайдалануға берілуі керек екенін ескертті.
Сондай-ақ, жиында белгілі болғандай, алдағы жылыту маусымына республикалық бюджеттен көмір сатып алу мақсатына 1 миллиардтан астам теңге көлемінде қаржы бөлініпті.
Жиынды қорытындылай келе аймақ басшысы Семей өңірінде ең алдымен энергияны үнемдеу жағына жіті көңіл бөлінуі керек екенін айтты.
– Қазіргі қиын-қыстау заманда энергияны тиімді пайдалану аса маңызды. Дегенмен, біздің мердігерлер бұл мәселеге көп бас ауыртпайтынға ұқсайды. Мәселен, Семей қаласындағы ЖЭО-1 және РК-1 жылу орталықтарының терможаңғыртуына мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінгенін білесіздер. Ал бұл нысандарда орнатылған құрылғылар сапалы, әрі сенімді болғанымен, олардың тиімділігі жақсарған жоқ, сол баяғы қалпында қалды. Сондықтан қазір біз ескі-құсқы ресейлік қазандықтарға жүгірмей, тиімділігі анағұрлым жоғары шетелдік құрылғыларды сатып алуға басымдық беруіміз қажет, – деді аймақ басшысы.
Еуропалық қазандықтарға басымдық берген жөн
Қаладағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысымен танысу мақсатында аймақ басшысы бірқатар мекеменің қазандықтарында болды. Сондай нысанның бірі – қаладағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасының қазандығы. Естеріңізге салайық, 325 орынға шақталған медициналық мекеме 2013 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде 50 мың шаршы метр аумақты алып жатқан зәулім ғимаратты электр қуатымен жылыту үшін ай сайын 70 миллион теңгенің қаражаты жұмсалады екен. Сол себепті, аурухананың іргесінен қосымша шағын қазандық салу жөнінде шешім қабылданған. Қатты отынмен жылытылатын аталмыш қазандық аурухана ғимаратын толық жылумен қамтып, электр қуатына жұмсалатын қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді деп жоспарлануда.
– Тек ең қымбат қазандықты алып қажеті жоқ. Ақшаны үнемдеп, орынды жұмсау жағын өзіміздің кәсіпкерлерден үйреніңіздер. Ондай әріптестеріңіз осы Семей қаласында да жетеді. Бұл кәсіпкерлердің бар артықшылығы – олар әрі сапалы жасалған, әрі тиімділігі жоғары еуропалық қазандықтарға басымдық берген. Қалалық жедел жәрдем ауруханасына да дәл сондай қазандық қажет, – деді нысан басында болған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Аймақ басшысы жаңа қазандықтың жобалық-сметалық құжаттамасы 1 қыркүйекке дейін әзірленіп, құрылыс жұмыстары суық түспей басталып кетуі керектігін ескертті.
Дәл осындай тапсырмаларды облыс әкімі РК-1 жылу орталығында болғанда жүктеді. Аталмыш нысанда қазір қазандықты жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аймақ басшысы жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу кезінде іске қосу және жөндеу жұмыстары ескерілмей қалатынын, соның салдарынан бұл шаруаға қосымша қаражат бөлінетіні түбегейлі дұрыс емес екенін айтып, бұл мәселені міндетті түрде ел Премьер-Министрі мен құзырлы министрліктер назарына жеткізетінін хабарлады.
– Әзірге РК-1 жылу орталығындағы іске қосу және жөндеу жұмыстарына қажетті қаражатты облыстық бюджеттен қарастыратын боламыз, – деді облыс әкімі нысандағы жұмыстармен таныса келе.
Естеріңізге салайық, қазір Семей қаласындағы ең ірі қазандықтың бірі саналатын РК-1 жылу орталығындағы турбинаны іске қосу үшін 20 миллион теңгедей қосымша қаражат керек. Егер қажетті жұмыстар тез арада қолға аланбаса, қазандық жылыту маусымына дейін пайдалануға берілмей қалуы әбден мүмкін.
Қала әкімі Ермак Сәлімов пен мердігер компаниялардың басшылары ЖЭО-1 және РК-1 орталықтарындағы қосымша жобаларға кеткен шығынның орнын толтыру үшін шамамен 186 миллион теңге қажет екенін айтты. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бұл мәселені мұқият талдау үшін келесі аптада мердігерлермен арнайы кездесу өткізетінін хабарлады.
Жас дзюдошылар шеберліктерін
Жапонияда шыңдайды
Семей қаласына сапары барысында аймақ басшысы шаһардың абаттандырылуына да ерекше көңіл бөлді. Атап айтқанда, облыс әкімі қаланың орталық алаңын көркейту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жерде болашақта музыкалық түрлі-түсті субұрқақ пайда болып, қаланың ажарын айшықтай түспек. Субұрқақтың құжаттамасын «СемСтройПроект» серіктестігі әзірлеуде. Жаңа нысанның құны 160 миллион теңгеге бағаланып отыр.
– Бұл жерде біздің балаларымыз бен немерелеріміз демалатын болады. Сондықтан алаңды абаттандырып, субұрқақ салуда, қаланы көркейтуде аянып қалмаңыздар. Өз тарапымыздан сіздерге барынша қолдау көрсететін боламыз, – деді аталмыш жұмысты қолға алған құрылыс компаниясының басшылығымен кездескен облыс әкімі.
Аймақ басшысы жаңа субұрқақта орындалатын әуендердің дені ұлттық музыка мен Шәмші Қалдаяқов сияқты композиторларымыздың туындылары болуы керектігін айтып, шетелдік классиктердің шығармаларын қосуды да ұмытпауды назарға салды.
Сондай-ақ, облыс әкімі Ертіс жағалауының абаттандырылуымен танысып, осыған қатысты құзырлы мекемелер мен мердігер компания басшылығына бірқатар тапсырма жүктеді. Құрылысшылар жағалаудағы абаттандыру, қалпына келтіру жұмыстары тамыз айының ортасына дейін аяқталатынына сендірді.
Аймақ басшысы сонымен қатар, қалада салынатын дарынды балаларға арналған спорт мектебінің жобасымен танысты. Бұл нысан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жанынан орын теппек. 200 орындық спорт мектебінің құрылысына бір жарым миллиард теңге жұмсалады деп жоспарлануда.
Облыс әкімі кезекті рет Семейде дзюдо спортын дамытуға көп көңіл бөлінуі керектігін ескертті.
– Дзюдодан болашақ әлем және Олимпиада чемпиондарын дайындау үшін жас спортшыларымызды осы спорттың отаны – Жапонияға жіберуіміз керек. Ұл-қыздарымыз сол елде жаттығып, ең мықты бапкерлерден тәлім алса, ертең-ақ байрақты бәсекелерде тұғыр биігінен көрінері хақ, – деген аймақ басшысы осы ретте Жапон еліне алғашқылардың бірі болып талай жарыста көзге түсіп жүрген семейлік Зере Бектасқызы баруы керек екенін айтты.
Облыс әкімі ат басын тіреген келесі нысан қаладағы радиологиялық орталық болды. Естеріңізге салайық, орталық құрылысы барысында нысанда бірқатар заңбұзушылық анықталып, осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылған.
Мердігер фирманың директоры Александр Изотовтың айтуынша, нысанның желдету жүйесіндегі ақаулар екі айдың ішінде жойылады. Сондай-ақ, сұйық радиоактивті қалдықтарды қайта өңдейтін құрылғыға қатысты туындаған мәселе де бірнеше айдың ішінде шешімін таппақ.
Аймақ басшысы құзырлы органдар мен мердігер фирма басшылығына аталмыш құрылғыға байланысты жаңа жоба таңдап, түйткілдің түйінін шешуге он күн уақыт берді.
Ирандықтар шұжық жасайтын кәсіпорын ашпақ
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қаладағы «Өндіріс» бизнесті дамыту индустриялық аймағында да болды. Бұдан бұрынырақта жазғанымыздай, болашақта дәл осы жерде ет комбинаты мен ет өнімдерін өңдейтін жаңа зауыт іске қосылмақ. Халал шұжық шығаратын аталмыш кәсіпорынның өнімдері мұсылман елдеріне экспортталады деп күтілуде. Жобаға қаржылай қолдау көрсетуге Иран елінің инвесторлары қызығушылық танытып отыр.
Аймақ басшысы ирандық тараппен кездесу барысында бірқатар маңызды мәселелер төңірегінде сөз қозғап, өз ой-пікірін білдірді.
Сонымен қатар, облыс әкімі «ГорДорСтрой» өндірістік аймағында болып, мұндағы асфальт шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Бүгінде аталмыш компанияның асфальт бетон шығаратын жеті құрылғысы – Семейде, үшеуі – Аягөзде, біреуі Қалбатауда орналасқан. Өткен жылдың өзінде ғана кәсіпорында 200 мың тонна асфальт өндірілген. Зауыт басшылығы өндіріске жаңа технологиялар енгізуге ерекше басымдық беруде. Жылдан-жылға кәсіпорын шығаратын өнімнің ассортименті де өсіп келеді.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жауапты қызметтерге кәсіпорын өніміне жан-жақты талдау жасауды тапсырды. Оның нәтижесі көңіл көншітерліктей болса, «ГорДорСтройдың» асфальты облыс жолдарын жөндеуде көптеп пайдаланылмақ.
– Биыл облыс жолдарын жөндеуге екі миллиард теңге бөлініп отыр. Келер жылы да аталмыш бағытқа айтарлықтай мол қаражат қарастырылады деп ойлаймын. Алдағы уақытта Өскемен мен Семей қалаларының көше жолдарын, сондай-ақ, бірқатар трассаны қалпына келтіруді жоспарлаудамыз. Егер де өнімдеріңіз сапалы, әрі бағасы жағынан қолжетімді болса, онда сіздермен жұмыс істейтін боламыз, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі Семей машина жасау зауытында болып, мұндағы өндіріс қарқынымен танысты. Қазір мұнда МАЗ көліктеріне арналған тіркемелер мен жартылай тіркемелер шығарылуда. Зауыт басшылығы болашақта ресейлік жүк көліктерін толықтай өз кәсіпорнында құрастыруды жоспарлауда. Сонымен қатар, Семей машина жасау зауытымен қытайлық HOWO компаниясы да әріптестік орнатуға мүдделілік танытып отырған көрінеді.
Өндіріс орнының жұмысымен таныса келе, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ зауытқа аймақ басшылығы тарапынан қажетті қолдаудың барлығы жасалатынын жеткізді.
Нұржан Кенжеұлы