Қоғам

Cайлаушылармен кездесті

  Cайлаушылармен кездесті

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының жұртшылығымен кездесті.
Әбілғазы Құсайынов кездесу қатысушыларына экологияның қазіргі проблемаларын қозғайтын сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.
«Қарқынды өнеркәсіптік қызметі барысында адамдар табиғатқа үлкен залал келтіріп, салдарынан «бумеранг әсері» туындады: енді табиғи ортаның құртылуынан таяқтың екінші шеті адамның өзіне тиіп отыр. Қоғам мен табиғаттың үйлесімсіз байланысы үлкен экологиялық проблемалар туындатты. Ол аздай, экологиялық құлдырау үдерісі күрделі экологиялық дағдарысқа ұласып барады. Табиғатты қорғау мәселесі адамзатты аман алып қалу мәселесіне айналып отыр. Табиғи апаттардың орын алу жиілігі 2000 жылдан бері, бұған дейінгі онжылдықтармен салыстырғанда, 6 жылдың ішінде 187%-ға артқан. Жаһандық экологиялық түйткілдердің туындап, ушыға түсуіне табиғат қорын өлшеусіз тұтынып, қоршаған ортаға антропогендік кері ықпал ету, жаппай қырып-жою қаруын пайдалану себеп болды», – деді Ә. Құсайынов.
ОҚО-дағы сайлауалды штабының жетекшісі Болат Рысқұлбеков қазір қалыптасқан жағдай қоршаған орта сапасының құлдырауынан туындағанын атап өтті. Ауа, өзен-көлдер, теңіз-мұхиттар ластанып, топырақ құнарсыздануда, жануарлар мен өсімдік әлемінің бірнеше түрі жойылды.
Мәселен, шөл даланың жалпы аумағы 27 миллион гектарға кеңіген. Осының кесірінен адамзат жыл сайын 25 миллиард тоннаға жуық құнарлы топырағынан айырылып отыр. Әлем бойынша барлық ауылшаруашылық жерлердің 63%-ы эрозияға ұшыраған. Жыл сайын жер бетінен 13 миллион гектар орман алқаптары жойылуда.
Табиғат ресурстарын мақсатты әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылаудың, табиғат ресурстарын дұрыс пайдалану, қорғау және қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралардың жоспарлы жүйесін енгізу Ә. Құсайынов қызметінің ең басты міндетіне айналуы тиіс.

Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайыновтың аймақтық штабтары сайлаушылармен белсенді жұмыс жүргізуде.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы сенімді тұлғалары оның сайлауалды тұғырнамасы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үгіт материалдарын таратумен айналысады.
Оңтүстік Қазақстан облысында 19 сенімді тұлға бар. Оның бәрі алдағы сайлау жұмыстарына қызу дайындалып жатыр. Үгіт-насихат материалдарын таратып, плакаттар мен үнпарақтарды іліп, ауылды жерлерде билбордтар орнатуда. Тағы бір мәселе – кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын насихаттау. Белсенділер үгіт-насихат науқанының заңға сәйкестігін қатаң бақылауда ұстайды.
ҚР Президенттігіне үміткер Әбілғазы Құсайыновтың сенімді тұлғасы Айгүл Бекбосынның айтуынша, штабта үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Шымкент қаласында 2 билборд орнатылды. Жергілікті атқару органдары белгілеп берген аудандар мен қалаларда үгіт-насихат материалдары, плакаттар ілініп жатыр.
Кандидаттың Ақтөбе облысындағы сайлауалды штабында 16 сенімді тұлға жұмыс істейді. Оның үшеуі Ақтөбе қаласында, қалғандары аудандар бойынша белсенді үгіт жұмыстарын жүргізуде.
Қалада арнайы бөлінген жерлерге кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы жазылған 2,5 мың бағдарлама ілінді. Тұрғындар арасында 150 үнпарақ таратылды. Сондай-ақ облыстың бірқатар аудандарына үгіт материалдарын жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
ҚР Президенттігіне үміткер Ә.Құсайыновтың аймақтық штабының өкілі Н.Дуля атап өткендей, қызметкерлер барлық тиісті жұмыстарды орындап жатыр. Яғни, Ақтөбеде қажетті ақпараттың бәрі қолжетімді.
Жалпы алғанда, ҚР Президенттігіне үміткер Ә. Құсайыновтың сайлауалды штабтарында жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр.

* * *

  Cайлаушылармен кездесті

ҚКХП атынан ұсынылған ҚР Президенттігіне үміткер Тұрғын Сыздықов «Лифт» ЖШС-ның жұмысшы ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында Тұрғын Сыздықов жиын қатысушыларын өз сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды.
«Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының қызметі ғылыми социализм идеясына, марксизм-ленинизм іліміне және прогрессивті қоғамдық ой-санаға негізделген.
Біз ғылыми коммунизмді сақтап қалу үшін үлкен қадам жасадық. Дамудың көпдеңгейлі кезеңінен өттік.
Партияда партиялық бұқараны бақылау, оны бюракратияландыруға жол бермеу, даму үрдістерін болжау, ауыспалы жағдайда дер кезінде әрекет етудің тұрақты механизмдері жұмыс істейді.
Мұның бәрі күнделікті қажеттіліктерден туындап, бұқараның шынайы шығармашылығына сүйенген», – деді кандидат.
Т.Сыздықовтың айтуынша, партия батыстық мәдениет пен құндылықтардың теріс ықпалы сынды мәселелерге баса назар бөледі.
«Батыс адами құндылықтар дағдарысын бастан кешіп отыр. Қоғам санасын тұтынушылық стандарттар, рухани жұтаңдық, зорлық-зомбылыққа негізделген идеялар билеп алған.
Төзімділік, мейірімділік, үлкенге құрмет, отбасылық өнеге, дәстүр, адамгершілік сынды қарапайым адами қасиеттер мүлде бөтен болып барады», – деген сөздерден бастады өз баяндамасын ҚР Президенттігіне кандидат.
Бұдан әрі Тұрғын Сыздықов жастар тәрбиесіне қатысты өз пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, әлем бойынша жастар сапалы классикалық шығармаларды оқудан қалды, есесіне зорлық-зомбылыққа толы голливудтік фильмдермен, боевиктермен, компьютерлік ойындармен, қатыгез музыкамен, азғындаған киім кию мен тәрбие сәніне санасын улауда.
«Мұның соңы неге алып келеді? Зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке тәрбиелеп, жеке қасиеттерін дамытып, оқуға, еңбектенуге, отбасы құруға деген құлшынысты жояды.
Бүгінде теледидар арқылы мультфильмдерден бастап, түрлі блокбастерлерге дейін батыстық өмір сүру салтын жаппай жарнамалап жатыр. Ол дегеніңіз – қорлау, қатыгездік, еріншектік, жауапсыздық, өмірге деген құлшыныстың жоқтығы», – деген пікірімен бөлісті кандидат.

ҚКХП ұсынған ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың Тараз және Ақтөбе қалаларындағы аймақтық сайлауалды штабтары өткізген іс-шаралары туралы баяндап берді.
«Бүгінде Жамбыл облысындағы сайлауалды штабы қала тұрғындары үшін ҚР Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықовты қолдауға арналған іс-шаралар өткізуде», – деп мәлім етті партия облыстық комитетінің жетекшісі Ж.Мамашева.
Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының идеяларын насихаттап, марксизм-ленинизм идеяларына негізделіп құрылған.
Қоғамдық идеалдарды батыстық тұтынушылық стандарттардың алмастыруы жастарды «тоғышар тұтынушыға» айналдыруы мүмкін.
Тұтынушылыққа құрылған бағдар жастардың бағытын өзгертеді. Осындай ықпалға тап болғандар не нәрсеге өз күшімен қол жеткізуден бас тартып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді әдетке айналдырады.
Кандидаттың сенімді тұлғасы Г.Жұмабаева үгіт-насихат науқаны кезінде партияның басты назары батыстық мәдениет пен құндылықтардың кері әсеріне бөлініп отырғанын мәлім етті.
«Батыстық үлгінің ең негізгі қауіпті көріністері – компьютерлік ойындар, фильм-блогбастерлер, сапасыз әдебиет арқылы кең тараған зорлық-зомбылық, қаталдық культтері.
Шектеулі тұтынушылыққа тәрбиелейтін жаппай зорлық-зомбылық насихаты жастарды өз торына түсіріп, ақыл-есінен, адамгершілік қасиеттерінен айыруда. Сол арқылы адам өмірі құнсызданып барады.
Әрбір екінші батыстық фильм, бейнеклиптің немесе әуеннің астарында қатыгездік, енжарлық, немқұрайдылық, іс-әрекетке деген жауапсыздық белгілері жатыр», – дейді штаб мүшесі ҚКХП ұсынған кандитаттың бағдарламасына сілтеме жасай отырып.

Осы айдарда

Back to top button