Қоғам

Бұзылған қазандық апта соңында іске қосылады

Бұзылған қазандық апта соңында іске қосылады


Өскемендегі Согра жылу электр орталығы қазандықтарының бірі істен шығып, кәсіпорында төтенше жағдай орын алды. Апаттың салдарын Согра кентіндегі 68 үйдің тұрғындары мен осы маңдағы Өскемен титан-магний комбинатының қызметкерлері айқын сезінді. Қалыптасқан жағдайға байланысты оқиға орнына кеше кешкісін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жетіп, істің мән-жайын білді, жылу электр орталығы мен қала басшылығына апатты жою жөнінде тиісті міндеттер жүктеді.

Естеріңізге салайық, Согра жылу электр орталығындағы техногендік апат бейсенбіден жұмаға ауған түні сағат 2:30-дар шамасында орын алды. Кенеттен кәсіпорындағы №1 қазандық істен шығып, осының салдарынан маңайдағы үйлерге жылу беру мөлшері екі есеге дейін азайды. Қала әкімі Ерлан Аймұқашевтың айтуынша, негізінен орталықтан сыртқа шығарылатын судың температурасы 105 градусты құрайды. Алайда, апаттың кесірінен оның қуаты 40 градусқа дейін төмендеп кеткен.

Оқиға орнына шұғыл жектен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ орталық басшылығымен кездесіп, істен шыққан қазандықты өз көзімен барып көрді.

– Негізі бұл апаттың алдын алуға болар еді. Бірақ жылу электр орталығының иесі америкалық AES компаниясы қойған жергілікті басшылар тағы бір мәрте өздерінің біліксіздіктерін көрсетті. Компания басшылығы биыл кәсіпорында 300 миллион теңгенің жөндеу жұмыстарын жүргізгенін айтып ақталуда. Мұндай алып кәсіпорынға 300 миллион теңге деген тым аз сома. Нәтижесін өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Қазір орталықта бар үш қазандықтың біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Қалыптасқан жағдай өте қауіпті. Себебі, қақаған аязда кейбір үйлерге жылу жетпей қалу қаупі бар. Осыған байланысты, менің тапсырмам бойынша бұған дейін жөндеуде тұрған №2 қазандықты тез арада іске қосу жұмыстары басталды. Шамамен алты сағаттық су жылыту процесінен кейін энергия сыртқа шығарыла бастамақ. Сенбі күні таңғы сағат 8:00-ден кешіктірмей екінші қазандық іске қосылуы тиіс. Бұл іске жылу электр орталығының басшылығы мен қала әкімі Ерлан Аймұқашев жауапты. Оқиға орнында тәулік бойы күзет ұйымдастырылмақ, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, істен шыққан №3 қазандық та тез арада қалпына келтірілуі тиіс.

Өз кезегінде коммуналдық кәсіпорын басшылығы қираған қазандық апта соңына дейін жөнделіп, іске қосылатынын, ЖЭО дүйсенбіден қалмай толық қуатта жұмыс істей бастайтыны айтып сендірді.

– Біздің міндеттеріне салғырт қарайтын AES компаниясының басшылығына қояр сұрағымыз көп. Осындай ірі коммуналдық кәсіпорынға ие бола тұрып, жөнді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алмауы ақылға сыймайды. Біз бұл мәселені аяқсыз қалдырмаймыз. АҚШ-тың еліміздегі елшісіне шығып, кәсіпорын басшылығының жауапсыздығына қатысты мәселе көтеретін боламыз. Қажет болса, Америкадағы басшыларды шақыртамыз, – деп кесіп айтты облыс әкімі.

Айта кетейік, бұл күні Өскемен жылу электр орталығында да бір қазандық істен шығып, төтенше жағдай қалыптасқан болатын. Шұғыл қабылданған шаралар арқасында орталықтағы №11 қазандық жұмысы көп кешіктірмей қалпына келтірілді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button