Бізде жағажайда демалу мәдениеті бар ма?
Бізде өзі жазда жағажайда демалу, суға түсу мәдениеті әлі де төмендеу секілді. Өйткені, былтыр облыс бойынша 59 адам суға кетсе, биыл жыл басынан бері 16 адам ажалын тілсіз жаудан тауыпты. Мұндай көрсеткіштің себебі неде?
суға түсу қауіпсіз?
Маусым айында апталап тұрып алған аптап ыстық өскемендіктерді Үлбі мен Ертістің жағасына жылдағыдан ертерек тықсырды. Мамандарды осылайша қауырт басталған шомылу маусымының беталысы шошытып отыр. Бір айдың ішінде облыс бойынша 13 ересек пен бір бала қара судан ажал құшыпты. Сақтық шаралары жайлы әңгіме үдегенімен нәтиже мардымсыз. Жаздың қалған екі айын дәл осы «қарқынмен» өткізсек, былтыр талай үйді қан жылатып кеткен қайғылы сан тағы оралып соғатындай.
Біз дәл осы іске тікелей қатысы бар болғандықтан, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке қарасты суда құтқару қызметінің мамандарына жолыққан едік. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жасақшы-құтқарушыларды даярлайтын, одан қалса демалыс орындарының талапқа сәйкестігін қадағалайтын осы қызметтің бастығы Алтай Тезекбаевтың сөзіне сенсек, өңір бойынша алты бірдей құтқару стансасы жұмыс істейді екен. Оның екеуі облыс орталығында, қалғандары Күршім, Алакөл, Бұқтырма өзендерінің бойында болып шықты. Ал Семей қаласында станса және Курчатов қаласында құтқару бекеті ашылыпты. Алтай Тезекбаев бұл стансалар мен бекеттердің бүкіл облыс аумағын қамти алмайтынын айтады.
– Мәселен, Күршімдегі станса көршілес аудандардағы Тұғыл өзені мен Зайсан көлдерінде де қызмет көрсетуі тиіс. Сол сияқты Үржардағы станса Алакөл жағалауындағы демалыс орындарын, Бұқтырма бойындағы станса «Көгілдір шығанақ» демалыс орнын, Зырян, Катонқарағай аудандарын, Өскемендегі екі станса Ұлан, Глубокое, Риддер, Шемонайха сынды жақын аудандарды қоса қамтуы қажет. Бірақ адам өміріне қауіп төнгенде оның тағдырын бар болғаны 5-10 минут қана шешетінін ескерсек, құтқарушы матростар көмекке келіп үлгереді дегенге сену қисынсыз. Өкінішке қарай, көбінесе сүңгуірлер жіберіп, іздестіру жұмыстарына ғана қол ұшын созып жатамыз, – дейді ол.
Ұққанымыз, құтқару қызметі кез келген жерде суға түсіп жүрген адамға көрсетілмейді. Суға шомылып, демалу барысында өзіңді қауіпсіз сезінгің келсе, тек ресми тіркелген демалыс орындарында рахаттан! Өйткені, ереже бойынша арнайы шомылу орындарының маңында құтқарушы матростар қарауылдап жүруі тиіс.
А.Тезекбаевтың айтуынша, облыс көлемінде 143 ресми тіркелген шомылу орны бар көрінеді. Солардың үшеуі ғана Өскеменде орналасқан екен. Оның сөзін тыңдап отырып Өскеменнің маңында суға кету оқиғаларының жиі орын алуына шомылу орындарының аздығы себепкер ме деген де ойға қалдық. Егер арнайы шомылу орындарының саны көп болған жағдайда және олардың барлығы құтқарушылармен қамтылса, кісі өлімі осынша жиі тіркелмес пе еді…
Маманнан сол санаулы ғана орындардың жағдайы туралы сұрағанбыз. Бақсақ, ол орындарда да түйіні тарқамаған түйткілдер бар екен.
– Өскемендегі үш орынның бірі Сол жағалау мұражай-қорық кешенінде орналасқан. Бұрын бұл орын дербес демалыс жағалауы болатын. Мұражайдың балансына кірген соң басшылығына жағалаудың талапқа сай келмейтін тұстарын нұсқап, қатынас хат жазғанбыз. Олар бұл ескертуімізге құлақ асып, жағалауды уақытша жауып қойды. Бірақ оған мән беріп жатқан жұрт жоқ. «Суға түсуге тыйым салынады» деген белгіні көре тұра жайбарақат демалып жүргендер жетерлік. Адамдар өмірлерін тәуекелге тіге отырып, демалуға бар, – деген Алтай Тезекбаев құтқару қызметінің құзыры да шектеулі екенін жасырмады. – Біз шомылу маусымы басталмас бұрын шомылу орындарының қауіпсіздік ережелеріне сәйкестігін тексеріп шығамыз. Ескертпе белгілердің қойылуын, су астының тазалығын, денені жарақаттайтын қатты және үшкір заттардың болмауын, құтқару қызметімен қамтамасыз етілуін мұқият есепке аламыз. Мұндай тексерулер маусым барысында бірнеше рет жүргізіледі. Дегенмен, кемшіліктер анықталған жағдайдың өзінде өз тарапымыздан әкімшілік шаралар қолдана алмайтынымыз өкінішті. Тек орын алған ағаттық жайлы нысан иесін құлақтандырамыз. Ал жай ғана ескертпеге екінің бірі құлақ аса бермейді. Қолымызда айыппұл салатындай пәрмен болса, сөзіміз өтімді, ісіміз тындырымды болар еді.
Өңірдегі су қоймаларының санитарлық талаптарға сәйкестігі жөнінде білу үшін облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне хабарластық. Департамент директоры Тоқтасын Ерубаевтың айтуынша, жыл сайын Алакөл, Сібе, Дулығалы, Шыбындыкөл көлдері мен Бұқтырма, Шүлбі, Тайынты су қоймаларының жағалауларына санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі. Биыл Зайсан ауданы мен Семей қаласының аумағында микробиологиялық көрсеткіштер бойынша су сапасының төмендеуі орын алса, санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша Зайсандағы Кендірлік өзені мен Өскемендегі Октябрь жағалауында талапқа сай емес жағдайлар байқалған.
Құзырлы орынның мәліметіне сенсек, Өскемен қаласы тұсындағы Ертіс өзенінде жұрттың жазғы демалуын ұйымдастыру мәселесі өз шешімін тапқан екен. Осыған көзімізді жеткізу үшін ресми тіркелген Земснаряд ауданындағы қазаншұңқыр мен Комсомол аралындағы келесі жылы жаңа келбетпен ашылуға тиіс «Голубые озера» қазаншұңқырын аралап қайттық. Соңғысы талапқа сай болмағандықтан, уақытша жабық екені жоғарыда айтылды. Алтай Тезекбаевтың айтқаны рас болып шықты. Тыйым салынғаны туралы ескертпені елеп жатқан ел шамалы. Жайбарақат шомылуға бара жатқандарды да, ескертпені оқып, кері қайтқандарды да ләм-мим демей жанарларымен ұзатып салып, күзетшілер тұрды.
Ал «Земснаряд котлованы» аталып кеткен шеткергі шомылу орнында тірлік қайнап жатты. Құлақ тұндырар әуендер, қараусыз қалған балалар, адам көлеңкелеуге арналған шатырлардың түбін «паналаған» қымбат көліктер, топтасып тост көтеріп жатқан көңілді топтар…
Жағажайдағы демалушылар біздің алдымызда ғана бір адамның мүрдесін шығарып әкеткенін айтты. Оқиғаның анық-қанығын білмек мақсатпен сонда жүрген құтқарушыларды іздедік. Таптық та. Аузынан ішімдік мүңкіп тұрған құтқарушылардың бірін көріп: «Сіздің өзіңізге құтқарушы керек қой» деген уәжімізге ол: «Кеше демалыста болғанмын. Соның исі кетпеген ғой» деп жайбарақат тіл қатты.
Осы демалыс орнындағы қауіпсіздік пен қолайлылыққа жауапты «Өскемен-Тәртіп» МКМ-ның серіктесі саналатын жеке кәсіпкер Р.Байжұманованың сенімді өкілі Жанар Орынбаева құтқарушының адам мүрдесін судан алып шыққан соң стресті түсіру үшін алкогольге жүгінгенін, ал табылған адамның суға кетер алдында «жақсы ішіп, демалып» отырғанын айтып, болашақта құтқарушылардың санын көбейтсек деген жоспарымен де бөлісті.
Биыл бұл демалыс орнында алғаш рет адамның суға кетуі тіркеліп отырса керек. Ал белгіленген аумақтан асып, алысқа кеткен адамды қайтарып немесе құтқаруға арналған қайық жөндеуге жіберіліпті.
Мұндағы басқа жасақшыларды әңгімеге тарттық. Виктор Кузнецов жұмысқа сақадай-сай келіпті. Ол демалушылармен байланыс орнатып, ескерту жасаудың күннен-күнге қиындап бара жатқанын айта берді. Ол адамдардың ары қарай жүзуге болмайтыны жайлы ескертетін қалқыманың өзін тоқтатпайтынын жеткізді. Демалушылар тіпті, жанжалдасуға дейін баратын көрінеді. Осындай көріністерден кейін біз демалушының дені өзінің немесе бауыр еті – баласының өміріне немқұрайлы қарайтынын көзімізбен көріп, құтқарушының да бәрі міндетін мінсіз орындап жүргеніне шүбәланып қайттық.
Шілденің басында Өскемен жұртының арасында баланы құтқарып, өзі жан тапсырған жігіт жайлы әңгіме тараған еді. Құрмет Ахметов есімді 23-ке де толмаған жігіт Ұлан өзенінің жағасында туыстарымен бірге демалып жүреді. Ағасы Қуанышпен бірге судан шығып келе жатып, батып бара жатқан баланы байқаған ол көмекке ұмтылады. Жастайынан балықша жүзетін Құрмет баланы құтқарып, жағаға 5 метрдей қалғанда ағасының қолына ұстатады. Ал баланы жағаға шығарып, кері бұрылған Қуаныш інісін таппай қалады. Тәуекелге бел буғандар да Құрметті таба алмайды. Құтқарушылар болса Құрметтің денесін баланы құтқарған жерден, қолын созған қалпында тауып алады. Ал Құрмет құтқарған Глубокое ауданы, Верх-Березовка ауылының 12 жасар тұрғыны Нұрбол Мырзақұлов аман қалды.
Батыс елдерінде мысықты шатырдан аман түсіргендерді де батырға балап жататынын естіп, біліп жүрміз. Ал Құрметтің көзсіз ерлігі біздің құзырлы орындар тарапынан ешбір ескерусіз қалып отыр.
– Менің жаныма кейбіреулердің «суға кеткен жігіт мас болыпты» деген суық қауесеттері батады. Екі ұлым да ішімдікті ұрттап алмайтын. Ұлымның ажалын абыроймен келген ақ өлімге балап жүргенімде, осындай қаңқу сөздер көңіліме қатты келді, – дейді батыр ұлдың әкесі Әділхан Ахметов.
Байғұс әке ғаламтордағы ақпараттарда ұлының аты Ермек деп бұрмаланып берілгенін және құтқарылған баланың өлі-тірісі белгісіз деген ақпараттарды оқып, одан әрмен қапаланыпты. Әділхан Ахметовтің баласының бұл ерлігі әлі де болса тиісті бағасын алып, еленсе деген тілегі бар…