Бізде туризмді дамытудың кластерлік жоспары бар
Өскемендегі «Үлбі» орталық мәдениет үйінде Дүниежүзілік туризм мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Аталған жиынды облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев ашып, ұзақ жылдар бойы біздің өңірдегі туризм индустриясын дамытуға белсенділікпен қатысып, елеулі үлестерін қосып жүрген бір топ азаматтарды марапаттады.
– Туризм біздің аймақтағы экономиканың негізгі құрамдас бөлігіне айналып отыр. Ал сіздер өз істеріңізде нақтылы табыстарға жетіп жүрсіздер, – деді Ермек Көшербаев.
Салтанатты жиында облыс Әкімінің орынбасары «Алтай экспедициясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Андрей Юрченко мен «Әйгерім» демалыс үйінің бас директоры Исағали Омарәлиновтің Шығыс Қазақстан облысы туризмін дамытуға қосқан еңбектерін атап өтіп, грамоталар тапсырды. Облыс әкімінің Алғыс хатымен «Катонқарағай бұғы паркі» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Тоқтаров, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті менеджмент және маркетинг кафедрасының меңгерушісі Ғайни Қойшынова, сондай-ақ «Алтай Альпісі» тау шаңғысы базасының құрылтайшысы Алексанр Чиликин, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Ерлан Мұстафин, «Империя туризма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Наталья Волкова және басқалары марапатталды.
Сонымен қатар, облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының Құрмет грамотасын осы басқарманың бастығы Әбіл Дөңбаев Қ.Нұрғалиев атындағы колледж директорының орынбасары Әсем Садықоваға, «Үздік экскурсия жетекші» атанған жоғары санатты экскурсия жетекшісі, туристік-экскурсиялық қызмет саласының оқытушысы Людмила Лычеваға, «Өз ісінің үздік шебері» атанған облыстық қол өнері ресурсы орталығының бас үйлестірушісі Раиса Мұхамеджановаға, ағаштан түйін түйген шебер Владимир Ляпуновқа, зерлерлік бұйымдар жасаушы Бейболат Дәлентаевқа және басқаларына тапсырды.
Мерекеге орай Өскеменде облыстың алғашқы туристік ақпарат орталығы ашылды. Мұнда біздің өңірдің туристік әлеуеті туралы ақпараттар жинақталып, облыс қонақтары мен тұрғындарына насихаттау іс-шаралары ұйымдастырылып өткізіледі.
Бұған қоса облыстың туризм саласындағы мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде әйгілейтін ақпараттық өнімдерді бастырып шығару жүйесі қадағаланып, шетелдерде өткізілетін көрмелерге танымдық дүниелерді апарып, насихат жұмыстарын жүргізеді. Туризм саласы мамандарының кәсіби деңгейін, туристік қызмет көрсету сапасын арттыруға көп көңіл бөледі.
Сондай-ақ С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бесінші корпусында біздің облыста туризмді дамытудағы шебер-жоспарының алғашқы кезеңдік нұсқасын талқылауға арналған семинар болды. Бұл жиынға облыстық басқармалардың басшылары, туризм құрылымдарына мамандар даярлайтын жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары, қалалық және аудандық әкімдіктердің қызметкерлері, туристік компаниялардың өкілдері қатысты.
Семинарға қатысушылар облыстың туристік кластерін қалыптастыру тетіктерін талқылап, жергілікті және шетелдік кәсіпкерлер өз қаржыларымен аймақтың туристік инфрақұрылымдарын дамытуларына және осы бағытта әртүрлі қажетті нысандарды салуларына қолайлы жағдай жасау жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Шығыс Қазақстан облысының туризмді дамытудағы кластерлік шебер-жоспары туризмнің әр саласын табыс көзіне айналдыруға арналған стратегиялық маңызы бар құжат екені де белгілі. Біздің облыс әсем табиғатымен ерекшеленеді және тарихи орындар да жетерлік. Экономикамыз жылдан-жылға дами түсуде. Осының бәрі облысымызда туризм имиджіне оң әсерін тигізеді. Семинарға қатысушылар туризмді дамытуға инвестициялар тартып, осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану жөніндегі өздерінің пікір-ұсыныстарын білдірді.
Өскеменде «Алтын күз» деп аталатын жүргіншілер туризмінен чемпионат өтті. Оған облыстың аудандары мен қалаларынан он команда қатысты. Бұл турнирге қатысушылар экологиялық қауіпсіздік дағдыларына ден қойып, өздерінің экологиялық білім деңгейлерін көрсетіп, толықтыра түсті. Сондай-ақ туристік әндер байқауына қатысып, өздері әзірлеген плакаттары мен стендтерін көрермендер назарына ұсынды. Командалар мүшелері экологиялық соқпақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартудағы атқарған жұмыстарын бейнетүсірілімдер арқылы баяндады.
Бұл чемпионат «Эко-Тур-Эстафета – 2012» байқауына ұласып, біздің облыста өсетін шипалы өсімдіктерді қорғау және қажетіне қарай пайдалана білу, жарақаттанғандарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, қандай жағдайда болсын тұрған жерлерін бағдарлай білу, от жағу және басқа да қажеттіліктердің алғышарттары көрсетілді.