Біздің жолдарды жөндеуге басымдық берілмек
Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пшембаев біздің өңірге жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановпен бірге арнайы жиын өткізді. Оған тиісті сала басшыларымен қатар, жол жөндеуші компаниялардың өкілдері қатысты.
Биыл облысымызда жол жөндеу жұмыстары былтырғыдан да қарқынды жүретін түрі бар. Комитет төрағасы М.Пшембаев ол үшін қомақты қаржы бөлінетінін де мәлім етті.
-Өткен жылы бұл өңірде жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүрді. Әсіресе орташа деңгейдегі жобалар жемісті жүзеге асты. Осыны ескере отырып, биыл Шығыс Қазақстанға «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша былтырғыдан екі жарым есе көп қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Тек игеру керек, – деді комитет төрағасы.
Өткен жылы республикалық маңыздағы жолдардың талайы орта деңгейдегі жөндеуден өткені белгілі. Сол жұмыстардың қаншалықты сапалы орындалғанын «Шығысжоллаборатория» РММ директоры Нұржан Жұмаділов баяндады.
Жыл бойында республикалық трассалардың төртеуінде күрделі жөндеу, 22-сінде орта деңгейдегі қайта жаңғырту жобалары жүзеге асқан. Зертханалық ұйымның тексерулері осы нысандардан ұзын саны 449 ауытқу фактілерін анықтаған. Оның ішінде жол құрылыс материалының құрамына қатысты ескертулер де бар.
-Күрделі жөндеуге түскен Ауыл және Уба суағарларын жаңалау жұмыстары сол күйі аяқталып бітпей, үстіміздегі жылдың еншісіне қалды. Өйткені, ең көп ауытқулар осы екі нысанда тіркелді. Басқаны қойып, төсеніштердің қалыңдығы талапқа сәйкес жасалмаған. Біздің тарапымыздан көрсетілген кемшіліктердің барлығын жойғанда ғана бұл нысандар қолданысқа берілетін болады. Сондай-ақ, Мұқыр және Жартас өзендерінің суағарларын да биыл күрделі жөндеу күтіп тұр, – дейді Н.Жұмаділов.
Орта деңгейдегі жол жөндеу жұмыстарына қолданылған материалдардан 92 сынама алынып, соның тоғызынан талапқа сәйкессіздік табылған. Өскемен-Семей, Аягөз-Бұғаз, Қалбатау-Өскемен бағыттарындағы жол бөліктерінде шұңқырларды бітеу және жиектерді көмкеру жұмыстары сапасыз жүргізілгені анықталып, кемшіліктер жойылған екен. Ал Аягөздегі «Гордорстрой» мекемесіне қарасты битум зауыты өндірген материалының сапасыздығына байланысты жұмысын тоқтатқан.
«Қазавтодор» мекемесіне тиесілі жолдарға төселген материалдардан 103 сынама алынып 13 сәйкессіздік анықталған. Мұның ақыры Семей қаласында тағы бір зауыттың өндірісті тоқтатуына түрткі болған.
-Өткен жылдың қарашасы жолдарды күтіп ұстауға жауапты компанияларды да біраз әуреге салғаны белгілі. Дегенмен, Шығыста қыстың қиындықсыз өтпейтінін білетін мердігерлер өз міндеттерін орындап үлгеруде, – дейді Н.Жұмаділов.
Комитет төрағасы Мереке Пшембаев 2010 жылғы қыстың қаһарын еске алып, көктемге қазірден бастап дайындалу керектігін ескертті.
«Шығысжоллаборатория» РММ тарапынан Шемонайха-Секисовка бағытындағы жол мен Семей қаласының көшелерінде күздің жауынды күндерінде асфальт төсеген компанияларға да тиісті шаралар қолданылыпты. Бұл нысандар биыл жер кепкен соң қайта аршылып, жаңа асфальт төселеді.
«Қазавтожол Ұлттық Компаниясы» АҚ филиалының директоры Нұрланбек Өмірбаев 2017 жылы қай бағыттағы жолдар жөнделетінін тізіп шықты. Оның айтуынша, биыл облыс бойынша 1436 км жол қайта жаңғыртылады. Атап айтсақ, Омбы-Майқапшағай жолының 166 шақырымы, Өскемен-Зырян жолының 32 шақырымы, Таскескен-Бақты жолының 20 шақырымы, Талдықорған-Өскемен жолының 763 шақырымы, Қалбатау-Өскемен жолының 102 шақырымы қайта жарақталады. Ал күрделі жөндеу Катонқарағай ауданында Берел-Өрел бағытындағы жолдың 19 шақырымында жүзеге асады. Орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстары Өскемен-Семей жолының 42 шақырымына, Өскемен-Шемонайха жолының 49 шақырымына, Өскемен-Зырян-Рахман жолының 34,6 шақырымына, Семей-Қайнар жолының 16 шақырымына, Омбы-Майқапшағай-Қалжыр-Теректі жолдарының 11 шақырымына, Аягөз-Бұғаз-Қарағанды жолының 10 шақырымына жасалмақ. Осы және өзге жұмыстар үшін «Қазавтожол Ұлттық компаниясы» АҚ арқылы ғана 25 млрд. теңге бөлініп отыр.
Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсет Сұлтанов өңірлік маңыздағы жолдардың жөнделу сапасы жөнінде ақпарат берді. Комитет басшысы өткен жылда басқарма тарапынан жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеу бойынша жобалар сирек ұсынылатынын сынға алды.
Биылдан бастап Өскемен және Семей қалаларының көшелеріне қиыршық тасты асфальт төсеу қолға алынбақ. Мұндай бетбұрыстың облыс орталығында қалай жүзеге асатынын қала әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев тарқатып айтты. Былтыр Өскеменнің ішкі
жолдарының сапасына талдау жасалып, ірілі-ұсақты 45 көшені жөндеу керек деген ұсыныс айтылған екен. Ең бірінші кезекте Ахмер ауылы мен Ертістің «Қалқыма көпірі» аралығындағы жолға жаңа технология қолданылмақ. Мереке Пшембаев аталмыш технологияны енгізбес бұрын, тас алатын орындарды анықтап, зауыттардың техникалық базасын қайта жарақтау керектігін ескертті.
2017 жыл өскемендіктер үшін Ертістің негізгі көпірінің кеңеюімен есте қалмақ. Е.Қоңырбаевтың айтуынша, көпір жөндеуден өткен соң сегіз жолақты қозғалыс пайда болады. Кейін бұл жолақтар Жібек жолы көшесімен қиылысар тұсқа дейін ұзартылуы тиіс. Көпірдегі кептелісті сейілту үшін болашақта Ертістің екі жағынан үш деңгейлі жолайрық жасау да жоспарда бар.
Жиынды қорытындылаған М.Пшембаев биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Шығысқа басымдық берілетінін атады.
-Бұған дейін Оңтүстіктегі өңірлердің жолын жақсартуға баса мән берсек, биылдан бастап сіздердің өңірге басымдық бергелі отырмыз. Сондықтан жақсы жобалар ұсынып, ағымдағы конкурстық шараларды кешіктірмей өткізіңіздер, – деді комитет төрағасы.
Есімжан Нақтыбайұлы