Қоғам

Біздің жігіттер қарсылас шақ келтірмеді

  Біздің жігіттер қарсылас шақ келтірмеді

Облыс орталығындағы заманауи спорт кешені – Жекпе-жек сарайында өткен хан батыры Қаракерей Қабанбай бабамызды еске алуға арналған халықаралық «Жекпе-жек» турнирі өз мәресіне жетті. Аралас жекпе-жек түрлерінен болған бұл сында жүлденің басым бөлігі жарыс қожайындарының қоржынына түсті.
Әуелі қуанышты хабарды жеткізейік. Осы турнирдің жеңімпаздары атанған өскемендік төрт спортшы жекпе-жектен Әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Егер алдағы өтетін іріктеу сайыстарында осы беттерінен таймаса жаһан біріншілігіне апаратын жолдама қалтамызда дей беріңіз.
Сонымен жарыс қорытындысы бойынша 65 келі салмақ дәрежесінде бірінші және екінші орындарды сәйкесінше облыс орталығындағы «Антей» клубының өкілдері Сымбат Есімбаев пен Рүстем Қажиев иеленсе, 70 келі салмақта жүлделі үш орынды сәйкесінше өскемендік Диас Ерланұлы, Раджан Әбілқасымов, Александр Иванов жеңіп алды. Айта кетейік, бұл салмақта екінші орынды біздің жерлесімізбен бірге алматылық Нұржан Тұқаев та иеленді. Өйткені, Нұржан жартылай ақтық бәсекеде Раджаннан басым түскен-ді. Алайда, осы жекпе-жекте оның қолы сынғандықтан финалда өнер көрсете алмай қалды.
Сонымен қатар, 75 келі салмақта бірінші орынды «Антей» клубының тағы бір спортшысы Думан Абдол еншісіне жазса, 80 келіде екінші және үшінші орындарды сәйкесінше жарыс қожайындары Дмитрий Шехматов пен Нұрболат Мұхтаров олжалады.
Бәрінен де біріктірілген, яғни, 85, 90 және 90 келіден жоғары салмақтағы алыптар арасындағы төбелес тартысты өтті. Бұл сында қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионы атанған жерлесіміз Райхан Мадиновқа қарсы тұра алар ешкім болмаса, екінші орын тағы бір өскемендік Ерболат Есеновқа бұйырды. Ал үздік үштікті риддерлік Владимир Фоминых түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Облыс орталығында тұңғыш рет өткізілген бұл турнир мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Жарыс кезінде ешқандай келеңсіз жайттар болған жоқ. Төрешілер де әділ төрелік етті. Ең бастысы, жауапты шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Өскемен қаласы тамыздың 3-і күні тағы бір ірі турнир өткізу құқығына ие болды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button