Қоғам

Бізді жарқын болашақ күтіп тұр

Бізді жарқын болашақ күтіп тұр

Өскемендегі Республика алаңында алдағы Президент сайлауына Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ кандидатурасын ұсынған «Нұр Отан» партиясы XVI съезінің шешімін қолдау мақсатында «Бір толқында» атты митинг-акция өткізілді.
Бұл шараға негізінен облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, мектеп оқушылары, жастар ұйымдарының өкілдері, ұзын саны бес мыңға жуық адам қатысты. Митинг түрінде өткен акцияны өткізуге облыстық этномәдени бірлестіктер ерекше атсалысқанын айта кеткен жөн. «Нұр Отан» партиясының ұсынысын қуана қолдаған қала жастары сахнада ой-тілектерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді. Сахна төрінде түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері ән шырқап, мың бұрала би биледі. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенті Арыстанбек Жеңіс Елбасына жүрекжарды жыр шумағын арнады.

Бізді жарқын болашақ күтіп тұр

– Бүгін біз ерекше бір тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. «Нұр Отан» партиясының халықтың арман-тілегімен ұштасып жатқан бастамасын бір ауыздан қолдаймыз. Жастардың таңдауы – ынтымақ, бейбітшілік пен тыныштық. Бізді жарқын болашақ күтіп тұр, – деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ магистрі Әйгерім Естаева.
– Мен Қазақстанда туып-өстім, осы жерде білім алып жатырмын. Сондықтан өз елімнің болашағы баянды болғанын қалаймын. Отаным – Қазақстан Республикасын, біздің елдің бірегей мәдениетін және де ана тілімдей болып кеткен мемлекеттік тілді ерекше қастерлеймін, – деді тағы бір белсенді жас буын өкілі, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті Юлия Миронова.
Жиында облысымыздағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері де сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Солардың бірі – әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі Жамал Әскеров болды. Ол өз сөзінде 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда жүздеген ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде, осының бәрі еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ арқасы екенін атап өтті.
Акция барысында, сонымен қатар, қатысушылардың кеуделеріне ел Тәуелсіздігінің 23 жылдығы мен қазақстандықтардың бірлігін паш ететін ұлттық нақыштағы арнайы ленталар тағылды.
Тағы бір айта кетер жайт, акцияға орай бұл күні Өскемендегі «Азия Авто» зауытында жасалған көліктер еліміздің көк байрағын желбірете қала көшелерімен жүріп өтті. Автошеруге қатысушы жастар халық көп шоғырланған орындарға аялдап, тұрғындарға туымыз іспеттес ленталарды таратты.
«Бір толқында» акциясы аясында мұндай іс-шаралар облысымыздың өзге өңірлерінде де өткізілгенін айта кету керек. Мәселен, Өскемендегідей автошерулер Семей, Риддер, Зырян қалаларында да болып өтті.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button