Біздің қыз Чинчанлодан ғана ұтылды
Талдықорған қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан ел чемпионатында облыстың құрама командасының өкілдері екі бірдей медальды олжалады. Лидия Ануфриева күміс жүлдемен марапатталса, Мәдина Астамирова қолаға қол жеткізді.
Бір қызығы, 58 келі салмақта сынға түскен Лидиядан тек Олимпиада чемпионы Зульфия Чинчанло ғана озды бұл жарыста. Дегенмен, мықтының аты мықты, қоссайыстың нәтижесінде әйгілі зілтемірші өскемендік қыздан 50 келідей артық салмақ көтеріп, алтын медальды алқынбай-ақ алды. Ал жерлесіміз болса аталған біріншілікке біраз уақыт үзілістен соң қайта шығып отыр. Соған қарағанда, Лидияға өз көрсеткішін әлі де жақсарта түсуге мүмкіндігі бар.
Есесіне екінші орын үшін талас өте тартысты жағдайда өрбіді. Біздің қыздың басты қарсыласы алматылық ауыр атлет Әйгерім Аулбек те қарап қалған жоқ. Жергілікті жанкүйерлердің қолпаш-қолдауынан рухтанып барын салды. Серпе көтеру жаттығуында ол бәсекелесінен бір келі артық көтергенмен, жұлқа көтеруде Лидия басым түсті. Нәтижесінде қоссайысты қорытындылаған төрешілер күміс медальды Шығыстан келген спортшының мойнына тақты. Ануфриеваның бағындырған салмағы – 180 (82+98) келі.
Қола жүлдегер семейлік Мәдина Астамирова (бұрынғы тегі – Ташкембаева) 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Сәбиін дүниеге әкелген соң біраз уақыт демалыс алған ол бабына енді келе бастаған сияқты. Осы жолғы чемпионатта жоғары нәтиже көрсетпесе де, алдағы жарыстарда жарқырап көрінуге шамасы бар екенін байқатты. Мәдина қоссайыс қорытындысында 170 (75+95) келі көтерді.
Талдықорғандағы біріншілікте ешкім күтпеген жайт болды. Владимир Седов дейтін ауыр атлет кезегі келгенде көпшілік алдына шығып, зілтемірді көтерудің орнына үстіндегі жейдесін шешіп алып жанкүйерлерге қарай лақтырып жіберді. Онымен қоймай, жұртқа қарап: «Міне, нағыз чемпион!» деп әлгі жейдеде бейнеленген ресейлік ауыр атлет Александр Ивановтың суретін көрсетті.
Айта кетейік, Александр Иванов Лондон Олимпиадасында біздің батыр ұл Илья Ильиннен ұтылып, күміс жүлдегер атанған болатын.
Серік Әбілхан