Қоғам

Біздің тәжірибемізді үйренуге келіпті

Біздің тәжірибемізді үйренуге келіпті

Кеше Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың әкімшілік ғимаратының мәжіліс залында облыс әкімдігінің Мәдениет және спорт министрлігінің ұйтқы болуымен «Ішкі саясаттың өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық семинар өтті. Семинарға облыс әкімдігінің орынбасары Жақсылық Омар, барлық облыстардың ішкі саясат басқармаларының басшылары қатысты. Басқосу мақсаты ішкі саясат саласындағы шығысқазақстандықтардың іс-тәжірибесін, жаңа бастамалар жобаларын өзге облыстармен бөлісу болды.
Мәдениет және спорт министрлігінің тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Данияр Таумұрат еліміздің Шығысында өткен басқосудың маңыздылығын алға тартты. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы айтты.
– Шығыс Қазақстан Қытай, Ресей, Моңғолия мемлекеттерімен шектесіп, бұрынғы екі облыстың аумағын алып жатыр. Соған орай ішкі саясат жұмысының өзіндік ерекшеліктері бар. Еліміз бойынша облыста алғашқы болып қолға алынған жобалар бүгінде жемісін беруде. Облыс орталығында Талдау және болжау институты жұмыс істеуде. Мәселен, облыстық қоғамдық кеңес өңірдегі келелі мәселелерді көтеріп, оңды шешілуі үшін тұрақты әрі нәтижелі жұмыс істеп келеді. Оның қала-аудандарда филиалдары құрылған. Еліміз бойынша алғашқы болып ашылған облыстық Достық үйі мен этноауыл, ондағы ондаған ұлттық-мәдени орталықтар Шығыста тұратын 100-ден аса ұлт өкілдерінің береке-бірлігін нығайтып отыр.
Келер жылы тойланатын Қазақ хандығының 550 жылдығына өңірде әзірліктер бастады. Сондықтан келесі жылы аймақтағы барлық шаралар осы атаулы күн аясында өткізілетін болады.
Қазіргі уақытта еліміздің сыртқы және ішкі саясатында болып жатқан басты оқиғалардың бәрі де баршаларыңызға мәлім. Сондықтан бүгінгі семинар өзгеше форматта өтіп, нәтижелі де пайдалы жиын болады деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Семинарда «Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудың басты мәселелері» тақырыбында тренинг ұйымдастырылып, «Ішкі саяси мәселелер картасын әзірлеу», «Еңбек даулары картасын әзірлеу», «Жергілікті атқарушы органдардың нормативтік-құқықтық актілері» жөнінде сөз қозғалды.
Семинарға қатысушыларға Талдау және болжау институтының құрамындағы облыстық ақпараттық орталықтың қызметі таныстырылып, жаһандану заманында қажетті ақпаратқа жылдам қол жеткізу, қажеттісін таңдап ала білу ерекшеліктері айтылып, бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жасаудың автоматтық жүйесінің тұсаукесері өткізілді. Сонымен қатар, Өскемендегі НАЗАРБАЕВ зияткерлік мектебі оқушыларының роботтарға түрлі бағдарламаларды орнатудағы ізденістері нәтижесінде қазақша сөйлеп, қазақша ән айтып, би билейтін «Нао» есімді робот та меймандардың қызығушылығын тудырды.
– Шығыс Қазақстанға, оның орталығы Өскемен қаласына тәжірибе алмасуға келген сапарымызда көп дүниелерді көкейімізге түйіп қайттық. Өзара тәжірибе алмастық. Талдау және болжау институтының атқаратын қызметімен, оның құрамында жұмыс істеп келе жатқан азаматтық сектордың, сонымен бірге, ақпараттық орталықтың қызметімен, ұлтаралық, конфессияаралық келісімдерді нығайтудағы жұмыстармен таныстық. Қоғамдық кеңестің жұмысы жақсы жолға қойылған екен. Шынын айту керек, бұл шаруада Шығыс Қазақстан өзгелерден көш ілгері кеткен. Біздерде, басқа аймақтарда енді қолға алынғалы жатыр. Әсіресе, техникалық мүмкіндіктердің жоғары екендігі ұнады. Жаңашыл бастамалар жетерлік. Енді өзіміздің өңірде де осы озық тәжірибелерді қолданатын боламыз, – дейді Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Исекенова.
Бұдан соң «Алтай» технопаркінде облыстық қоғамдық кеңестің отырысы болып өтті. Оның жұмысына республикалық семинарға қатысушылар да атсалысты. Отырысты ашқан облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Владимир Лопаткин жиналған қауымға қоғамдық кеңес институты туралы толық мәлімет берді. Ол облыс аумағындағы барлық үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партия бөлімшелерінің басын қосып отыр.
Владимир Лопаткин бүгінгі таңдағы қоғамдық кеңестің жұртшылыққа берер пайдасы, әлеуметтік өмірімізге ықпалы жайында әңгіме өрбітті. Төрағаның сөзіне сүйенсек, бүгінде қоғамдағы түрлі мәселелердің шешімін табуы жолында кеңес мүшелері біршама жұмыстар атқарған. Сонымен бірге, бұл тараптағы жұмыстар алдағы уақытта біршама ширай түспек.
Кеңес құрамына түрлі салаларды қамтитын сараптама топтары енеді. Қоғамдық кеңестің әрбір кезекті отырысы осы топтардың көмегімен әзірленіп, ұйымдастырылады. 2006 жылы негізі қаланған кеңесте экология, медицина және тағы да басқа ауқымды мәселелермен шұғылданатын комиссиялар бар, олардың құрамына ғалымдар, білікті сала мамандары кіреді. Сол себептен олар әрбір мәселені кәсіби тұрғыда әрі егжей-тегжейлі қарастырады.
Жуырда облыстық қоғамдық кеңес өкілдері Риддер қаласы мен Шемонайха, Жарма аудандарында көшпелі мәжілістер өткізген. Ол отырыстарда өңір тұрғындарын алаңдатқан өзекті деген тақырыптар қаузалыпты. Атап айтар болсақ, ол жиындарда медицина қызметінің сапасы, елді мекендердің ауызсумен қамтылуы, жастар арасындағы нашақорлық, алкоголизм сынды өткір проблемалар қозғалған. Тағы бір ескеретін жайт, облыстың барлық дерлік аудандары мен қалаларында да жергілікті қоғамдық кеңестер құрылып, табысты жұмыс істеуде. Олардың қызметі облыстық кеңес тарапынан үйлестіріліп тұрады.
Отырыста сөз сөйлеген қоғамдық кеңестегі денсаулық сақтау саласы жөніндегі эксперттік жұмыс тобының төрайымы Татьяна Чернышова семинарға қатысушыларға медициналық қызмет мәселелері жөніндегі сараптамалық комиссияның жұмысы туралы баяндап берді. Басқосуда аймағымыз үшін аса көкейкесті болып табылатын экология тақырыбы жан-жақты талқыға салынды. Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Медет Нұрғалиев өңірдің экологиялық мәселелері, оларды шешудің жолдары жөнінде баяндады. Бұл бағытта, басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қоғамдық кеңестің тигізіп отырған пайдасы орасан зор. Олар билік органдары мен жергілікті тұрғындар арасындағы пікір алмасу алаңын орнатуға мүмкіндік береді. Облыстық қоғамдық кеңестегі экология жөніндегі эксперттік комиссияның жетекшісі Геннадий Корешков өз кезегінде осы ойды қуаттап, отырыстарда экология проблемалдарын шешудің нақты жолдары қаралатынын жеткізді. Жиында, сонымен қатар, қоғамдық кеңес мүшелері Зейнолла Сұлтанбеков, Анатолий Чурсин, Наталья Соловьва да сөз алып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Дәурен Аллабергенұлы,
Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button