Біздің полицейлер үздіктер қатарында
Соңғы 25 жылда шығысқазақстандық тәртіп сақшылары 13 мың қылмыскерді құрықтап, із-түзсіз жоғалған 20 мыңға жуық адамның үйлеріне аман-есен оралуына септігін тигізген. Өскемендегі облыстық драма театрында Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында облыс әкімі Даниал Ахметов осындай дерек келтірді.
Айта кетейік, елімізде полиция мерекесі 2007 жылдан бері 23 маусым күні аталып келеді.
Жалпы, соңғы жылдар шығысқазақстандық полицейлер үшін ерекше табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, жергілікті тергеу бөлімдері осымен төрт жыл бойы республика үздігі атануда. Сол сияқты, Риддер қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкері, полиция лейтенанты Асхат Ахметов 2016 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің үздік тергеушісі атағын иеленді.
Салтанатты жиында аймақ басшысы Даниал Ахметов облысымыздың гүлденуіне құқық қорғау органдарының мамандары да айрықша зор еңбек сіңіргенін атап өтті.
– Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ішкі істер қызметкерлері алдына бірнеше негізгі міндет қоюда. Олар –азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, конституциялық құқықтарын қорғау, қоғам тыныштығын сақтау. Аса маңызды да жауапты міндетті орындау Сіздерге халық тарапынан көрсетілген үлкен сенім деп біліңіздер. Еліміздің барлық тарихи жетістігі мен жеңісіне, халықтың бірлігі мен берекесінің нығаюына тәртіп сақшыларының қосып отырған үлесі орасан зор. Сондықтан ішкі істер органдары қызметкерлері мен ардагерлеріне зор денсаулық, мол бақыт және отбасы қуанышын тілеймін! Қызметтік парыздарыңызды абыроймен атқара беріңіздер! – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы өз сөзінде бұл мереке қоғам қауіпсіздігі, ел тыныштығы үшін жанын пида етіп, бейбіт күннің батырлары атанған полицейлерге құрмет көрсету мақсатында аталып келетінін жеткізді. Бір мысал, ширек ғасырда қызметтік парызын орындау кезінде облыстық ішкі істер органдарының 38 қызметкері көз жұмған. Тоғыз полицей басын қатерге тігіп, батырлық жасаған, оның бесеуі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Бүгінде елімізде Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында құқық қорғау жүйесі де жаңғыруда. Соның бір дәлелі ретінде 2015 жылы облыста құрылған жергілікті полиция қызметін келтіруге болар. Аталмыш полиция қызметі тікелей жергілікті атқарушы билік органдарына бағынышты. Жиында белгілі болғандай, былтыр қызметті қаржыландыруға бес миллиард теңге бөлінсе, биыл оның көлемі 6,3 миллиард теңгеге жетпек.
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, былтыр жергілікті полиция қызметінің пайдалануына 107 автокөлік, бес автобус, эвакуатор мен өзге де техникалық құралдар берілген. Ағымдағы жылы полицейлер тағы 101 машинаға ие болмақ. Осындай қолдаудың арқасында 2017 жылдың бес айында облыста тіркелген қылмыстар саны біршама азайған.
Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын барысында құқық қорғау органдарының бірнеше қызметкері облыс әкімінің қолынан марапатқа ие болды. Артынша, драма театрының үлкен залына жиналған қауым танымал эстрада әншілері мен өңірдің өнер ұжымдары орындауындағы концертті тамашалады.
Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ