Қоғам

Біздің облыстың балуандары екінші орыннан көрінді

Біздің облыстың балуандары екінші орыннан көрінді

Өскеменде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған 1996-1998 жылдары туған жастар арасындағы дзюдодан Қазақстан біріншілігі мәресіне жетті. Еліміздің барлық облысы мен Астана және Алматы қалаларының спортшылары қатысқан дүбірлі додада жерлестеріміз тамаша нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.
Жалпы, облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында үш күн бойы жалғасқан жарысқа ұзын саны 440 спортшы қатысқанын айту керек. Қатысушылар санының осыншама көп болуын ұйымдастырушылар соңғы жылдары дзюдо күресінің елімізде, әсіресе кейінгі буын арасында кеңінен насихатталуымен байланыстырады. Мәселен, Шығыс Қазақстанда бүгінде штаттық негізде ғана жұмыс істейтін 174 секция бар екен. Оларда 2015 жылдың дерегі бойынша екі мыңнан астам бала жаттығыпты.
Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк пен республикалық дзюдо федерациясының атқарушы директоры Самат Жылқыбаев, дзюдодан еліміздің мемлекеттік жаттықтырушысы Ержан Байжұманов та соңғы жылдары Шығыстан шыққан дзюдошылардың үлесі еселеп артқанын ерекше атап өтті.
Ал енді жарыстың өзіне келетін болсақ, бірінші күні татамиге ең жеңіл салмақ дәрежесінде сынға түсетін балуандар шықты. Айта кету керек, биылғы жарысқа Қызылорда облысының командасы тас-түйін дайындықпен келіпті. Бұл күні бес салмақ бойынша сарапқа салынған 20 жүлденің алтауын Сыр өңірінен келген спортшылар еншіледі. Ал шығысқазақстандықтар болса, бірінші жарыс күнін бір алтын, бір күміс медальмен аяқтады.
Екінші күнгі бәсекелерде де қызылордалықтарға тең келер ешкім болмады. Сондай-ақ, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының дзюдошылары жақсы нәтижелер көрсетіп, бірнеше жүлдені қанжығаларына байлады.
Жарыстың үшінші, соңғы күнінде негізгі тартыс Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Атырау және Қызылорда облыстары мен Алматы қаласының дзюдошылары арасында өтті. Нәтижесінде қарсыластарына қарағанда сәл де болса сәтті өнер көрсеткен қызылордалықтар мен боз кілем иелері қорытынды есепте жүлделі бірінші және екінші орынға көтерілді. Ал үздік үштікті Алматы қаласының спортшылары түйіндеді.
Жарыста жүлдегер атанған жерлестеріміздің аты-жөнін келтіре кетуді жөн санадық. Атап айтқанда, 55 және 100 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде тиісінше Қанат Рамазанов пен Жасұлан Мұхамедханов жарыс жеңімпаздары атанса, Ескендір Юсбеков (60 келіге дейін), Мадияр Сембаев (73 келіге дейін) және Алмас Әкрашев (90 келіге дейін) тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Тағы бір спортшымыз, 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде белдескен Ілияс Қалидолда чемпионаттың қола жүлдесіне ие болды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button