Біздің облыс үздіктер қатарынан көрінді
Айбек Нұғымаров жыл спортшысы, Серік Қоржыкенов жылдың үздік бапкері, Шығыс Қазақстан облысының денешынықтыру және спорт басқармасы аталған саладағы жылдың үздік басқармасы атанды. Бұл туралы Астанадағы Ұлттық музейде өткен «Жыл спортшысы – 2014» жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде белгілі болды.
Жылқы жылында жоғары жетістіктерге қол жеткізген спортшылар мен сала мамандарын салтанатты марапаттау рәсіміне Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қатысып, дүбірлі додаларда ел намысын қорғаған отандастарымызды алқалады. Осы кеште қазақ күресінің майталманы, түйе балуан Айбек Нұғымаровпен бірге «Жыл спортшысы – 2014» атағын даңқты спортшыларымыз Илья Ильин, Геннадий Головкин, Зульфия Чиншанло, Денис Тен, Жасұлан Қыдырбаев, Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин, Назым Қызайбай, Зарина Диас иеленді.
Ал есімдері аталған мықтыларды жаттықтырған білікті мамандар Т.Бектеміров, Д.Әдіғазин, М.Елеусінов, В.Ни, А.Казаков, С.Қоржыкенов, Ж.Өмірзақов, Ф. Кэролл жылдың үздік бапкері атанды.
Сол сияқты жылдың үздік федерациялары, жылдың үздік спорттық ұйымдары, жылдың үздік меценаты деген мәртебелі атақтардың иелері де анықталды.
Еліміздегі үздік спорт басқармалары арасында Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының мерейі үстем шықты.
Бұдан бөлек көптеген спортшылар мен жаттықтырушыларға, спорт басшыларына, облыстық, аудандық басқармаларға ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.
Сондай-ақ, осы спортшылардың жетістігін халыққа жеткізіп жүрген журналистерге дәстүрлі Сейдахмет Бердіқұлов сыйлығы тапсырылды. Жылдың үздік спорт журналистеріне диплом, қаржылай сыйлық берілді.
Серік Әбілхан