Руханият

Біздің облыс көш бастап тұр

Біздің облыс көш бастап тұр


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы болашаққа нық қадам басқан елдің бағдарын айқындап бергені шындық. Рухың, санаң жаңғырмай, әлемдегі отыз озық елдің қатарына қосылу әсте мүмкін емес. Осы орайда мәні зор бағдарламалық мақаланың жарық көргеніне бір жыл толуына байланысты Астана төріндегі Ұлттық музейде үлкен көрме өтіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикада атқарылған істердің есебі тыңдалды. Оған ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, аймақтардағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселерінің өкілдері қатысты.

Қоғам санасына сілкініс әкелген бағдарламалық мақаланың жарық көргеніне де бір жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қандай іс тындырдық? Қолымыздағы барымызды түгендеп, жоғымызды таба алдық па? Асылымызды қазірден бастап ардақтап, киелімізді қастерлемесек, жаһанданудың құрбанына айналып кетуіміз де әбден мүмкін-ау. Астанадағы Ұлттық музейде өткен көрме-тұсаукесердің мақсаты да осы.
Бір жылда атқарылған істерге есеп беріп, алдағы шаруалардың мән-жайын көп болып ойласу. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басы-қасында жүрген игі жақсылар қатысқан көрме-тұсаукесерді Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева ашып, Мемлекет басшысы мақаласының өзектілігіне ерекше тоқталды.

– Бағдарламаға еліміздің әр азаматы қатысса ғана, оның нәтижесі тиімді болады. Осыны Елбасымыздың өзі де жиі айтып отырады. Алда әлі атқарылар жұмыс көп. Ең бастысы, үлкен нәтиже бар. Енді осы бағдарламаны елге жеткізу, насихаттау – сіз бен біздің басты міндетіміз, – деген Аида Ғалымқызы бағдарламаның әр жобасының бөлек-бөлек мемлекеттік бағдарламаға тең екенін де ерекше атап айтты.

Жалпы, бағдарламаның басты жобаларының бірі – «Туған жер» жобасы. Жиында бұл жоба шеңберінде атқарылған жұмыстар туралы Президент Әкімшілігі мемлекеттік басқару және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Мақсат Мұханов жиналғандарға жан-жақты ақпарат берді. Өткен жылы осы жоба аясындағы жұмыстарға республика бойынша 1700-ден астам меценат қатысып, 51 млрд. теңгеге 700-ге жуық нысан салынып, жөнделген. Ал үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында меценаттармен тартылған сома 4 млрд. теңгені құраған екен. Жалпы, 2018 жылы құны 61 млрд. теңгені құрайтын 450 нысан салу мен жөндеу жоспарлануда.

Ал өзіміздің өңірге оралсақ, «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалық кеңсесінің өкілі Ольга Шабалинаның айтуынша, «Туған жер» арнайы жобасына 20 млрд. теңгеден астам қаражат тартылыпты. Облыста шағын және орта бизнес өкілдерінің қолдауымен 929 жоба жүзеге асырылған. «Туған жер» жобасына «Парыз» қоры арқылы өңірдегі ірі кәсіпорындар да атсалысқан. Бұл жұмыстар Шығыста биыл да жалғасын таппақ.

Мысалы, семейлік кәсіпкер Арман Машимов өзінің достарымен бірге өзі білім алған Восточный кентіндегі №12 мектепке шағын стадион салып беріпті. Аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын шағын стадионда футбол алаңы, жүгіру жолағы, баскетбол ойнайтын жер мен турниктер бар. Өзінің айтуынша, шағын-стадионға заманауи қуат үнемдейтін шамдар қойылып, тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау орнатылған. Осынау әмбебап шағын стадионды салуға ол 18 млн. теңге қаражат жұмсапты. Оның 17,5 миллион теңгесін өз қалтасынан шығарса, 500 мың теңгедей қаржыны достары жинап беріпті. 17,5 миллион теңге – Арманның бір жарым жылдық табысы. Бірақ Арман Ертұрсынұлы оған титтей де өкініп тұрған жоқ.

– Стадион ешқандай да коммерциялық мақсатта пайдаланылмайды. Ал балалар үшін қашан да есігі ашық. Жалпы, табыс деген ақшамен өлшенбейді ғой. Табыс деген не? Ең алдымен, табыс дегенді мен даму деп білемін. Егер біз өз ақшамызды балаларымыздың рухани, физикалық тұрғыдан дамуына жұмсасақ, онда оның босқа кетпегені. Бұл дегеніңіз – болашаққа салынған инвестиция. Біз оларға бүгін барынша мол инвестиция салатын болсақ, ертең оның қайтарымы да мол болады, – дейді кәсіпкер Арман Машимов.

Аудиогид көмекке келеді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған жобалардың тағы бірі – «Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасы. Ұлттық музейдің жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали айтуынша, осы жоба аясында республика бойынша жалпыұлттық маңыздағы 185 қасиетті нысан мен жергілікті маңыздағы 463 нысанның тізімі жасалыпты. Осынау жиында сөз алған Берік Әбдіғалиұлы еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен «Бозоқ», «Ботай», «Сарайшық» секілді үш мемлекеттік қорықтың ашылғалы жатқанын көпшілікке сүйіншілей жеткізді.

– Өзге аймақтарға қарағанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобаларды қаржыландыру бойынша Шығыс Қазақстан облысы көшбасында тұр. Әрине, Алматы, Астана қалалары мен әр облыс іске өзінше атсалысуда. Десе де Шығыс Қазақстанда археологиялық қазба жұмыстарына ерекше мән беріліп отырғанын атап айтқым келеді. Берел, Шілікті, Қоңыр әулие секілді басқа да киелі орындар мен халық жиі баратын басқа да туристік аймақтарға апаратын жолдар жөнделіп, туристік инфрақұрылымды қалпына келтіруге зор мән берілуде, – деді бізге берген сұхбатында Берік Әбдіғали.

Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ж.Сәрсебаевтың айтуынша, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы бойынша өңірімізде үш үлкен жоба іске асырылып жатқан көрінеді. Биыл балаларға арналып өңірдегі киелі орындар туралы «Шығыс Қазақстан ертегілері мен аңыздары» атты кітап жарық көріп, өңірдегі киелі орындардың туристік маршруттары әзірленген. Оның мақсаты – әрине, болашақта киелі орындарға баратын туристердің санын арттыру. Ж.Сәрсебаев қазірдің өзінде сол киелі орындардың туристік инфрақұрылымын жақсартуға облыстық бюджеттен қаражат бөлініп отырғанын да айтты. Былтыр Қоңыр әулие, Ырғызбай, Аблайкит нысандарының инфрақұрылымын жақсартуға көп көңіл бөлінсе, үстіміздегі жылы бұл жұмыстар жалғасын табады.

Біздің облыс көш бастап тұр

– Негізі, Қазақстандағы туристердің көбін еркін туристер деп айтуға болады. Олар туроператорлардан киелі орындарға жолдама алмайды. Көбіне олар киелі орындарға таныстары, туыстары арқылы өздері барғанды қолайлы көреді. Ал өзіңіз білесіз, өңіріміздегі киелі орындардың кейбіреулері шалғайда жатыр. Кейбірінде тіпті барғандарға бәрін түсіндіріп беретін гид жоқ. Міне, осындай туристердің тобына арнап қазіргі күні біз аудиогид әзірлеп жатырмыз. Егер ондай туристер өңіріміздегі киелі орындарға өздері барып жатқан болса, олар аудиогидтің көмегіне жүгініп, сол өзі барған киелі жер туралы ақпарат ала алады. Оның бәрі тегін. Тек интернеттің көмегімен біздің toureast. kz сайтынан аудиогидті телефондарына жазып алса болды, – дейді басқарма басшысы Ж. Сәрсебаев.

Жерлесіміз «Италия Жұлдызы» атанды

Жиында шетелде қазақстандық мәдениетті дәріптеу бойынша жүйелі жұмыстарды орнықтыруға бағытталған «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы туралы мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлованың есебі де тыңдалды. Вице-министр семейлік жерлесіміз, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Медет Чотабаевтың таяуда Италияның «Италия Жұлдызы» орденімен марапатталғанын қуана жеткізді.

– Бұл менің өзім үшін де күтпеген марапат болды. Қуанышымда шек жоқ. Бұл – менің ғана емес, менің елімнің, менің жерлестерімнің де жеңісі, – дейді Медет Шотабаев. Айта кетейік, ол 2003 жылы Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы музыкалық колледжді бітірген.

3D кітап көпшілікті таңғалдырды

«Рухани жаңғырудың» бір жылдығына арналған көрмеде көпшіліктің қызығушылығын тудырып, жоғары бағасын алған – «Мой родной край» және ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған 3D кітаптар болды. Шығыс Қазақстан білім берудегі жаңа технологиялар аймақтық орталығының директоры Сергей Коваленконың жетекшілігімен жарық көрген бұл 3D-кітаптардың бір қарағанда, қарапайым кітаптардан еш айырмашылығы жоқ сияқты. Десе де қолыңыздағы смартфонның немесе планшеттің көмегіне жүгіне отырып артықшылығын байқауға болады. Ол үшін Google Play-ден қажетті қосымшаны қондырғыңызға жүктеп алғаныңыз жөн. Сонда бағанағы қарапайым кітап нақтылықпен толықтырылып сала береді. Жаңағы ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптан ақынның өлеңдері мен əндерін тыңдауға болады.

– Біздің кітаптарымыз үлкендердің ғана емес, балалардың да үлкен қызығушылығын тудыруда. 3D технология оқу үрдісінде оқушылардың материалды толық меңгеруіне көмектеседі. Бағдарлама аясында əзірге екі кітапты əзірледік. Қазіргі кезде өңірімізде тұратын ұлттар мен ұлыстардың салт-дəстүріне арналған тағы бір кітапты дайындап жатырмыз, — дейді Сергей Коваленко.

Латын әліпбиіне төте жол

Сондай-ақ көрмеде Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет ғалымдарының «Латын әліпбиіне төте жол» атты әдістемелік еңбегі де назардан тыс қалмады.

Біздің облыс көш бастап тұр

– Латын әліпбиі қабылданды. Енді жазуды бастауымыз қажет. Латын әліпбиін қанша уақытта тез үйреніп кете аламыз? Бұл – қазір үлкенді де, кішіні де толғандырып отырған мәселе. Осыған орай біз арнайы оқу-әдістемелік құралын әзірледік, – дейді Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті меңгерушісі Арай Жүндібаева. Бұл әдістемелік еңбектің ерекшелігі – аудио дискілер мен бейнеқұрылғылардың пайдаланылуы. Ол жаңа әліпбиді үйренушілерге айтарлықтай көмек болады екен.

Жалпы, Шығыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ерекше қарқынмен жүзеге асқанын бізге сұхбат бергендердің қай-қайсысы болмасын атап айтып жатты. Солардың бірі – Астанадағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басқармасы кеңсесіндегі «Атамекен» кіші бағдарламасының бас менеджері Нұрлан Өтешов.

– «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында Қазақстан бойынша 2,5 мыңнан астам жоба іске асырылды. Десе де Шығыс Қазақстан облысы көшбасында тұр. Өткен жылы 800 жоба жүзеге асырылса, биыл аймақтағы барлық мектептер Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарты бойынша жабдықталмақ. Бұл – теңдесі жоқ акция, – дейді ол. «Атамекеннің» өзге жобалардан ерекшелігі – бұған бюджет қаржысы емес, демеушілердің қаржысы тартылады.
Осылайша, Астанадағы көрмеде шығысқазақстандықтар күннің Шығыстан шығатыны секілді, рухани жаңғырудың да Шығыстан басталатынын дәлелдеп қайтты. Мұны өзге өңірлерден келгендер де мойындағандай. «Шығыстан үйренеріміз көп екен» деді олар бір ауыздан.

Мейрамтай Иманғали
Өскемен- Астана -Өскемен

Осы айдарда

Back to top button