Біздің бірлігімізді ешқандай арандатушылық бұза алмайды
Ашық хат
Кейінгі уақытта ғаламтор кеңістігінде Қазақстан халқына қатысты арандатушылық пиғылдағы материалдардың көрініс табуы қоғамда жағымсыз әсер қалдыруда. Әлемде болып жатқан шиеленісті оқиғаларды: сепаратистердің әрекеттері, тұрғын аумақтардағы әскери қимылдарды алға тарта отырып еліміздің сүттей ұйыған тыныштығын бұзғысы келетін сыртқы күштердің жоқ еместігіне көзіміз жетті.
Шығыс Қазақстанға кейінгі екі-үш айда батыстық БАҚ өкілдерінің ат басын бұруы жиілеп кетті. Олар келгенде де тек жүрмей, «облыста өзге ұлттар өкілдеріне қысымшылық көрсетіліп жатыр» деген жалған ақпараттарын тықпыштап, бейбіт жатқан елдің ішіне от тастауға барынша тырысып бағуда. Елді мекендерді аралайды, адамдарды сөзге тартып, қисынсыз сұрақтар қояды, былайша айтқанда, тырнақ астынан кір іздеумен айналысады…
Жақында Өскеменге Илья Азар дейтін тілші келді. Бізбен кездесуге ниет білдірді. Ұсынысын жерге тастамай, келістік. Кездестік.
Кездесу барысында ол осындағы орыстардың жағдайы, мемлекеттік тіл туралы сұрады. Біз өз тарапымыздан Қазақстанда тұрып жатқан орыстардың жағдайы, біздің ортақ тарихымыз, мемлекеттік тілдің рөлі, бәріміз бір шаңырақ астында қалай өмір сүріп жатқанымыз жөнінде тәптіштеп тұрып айтып бердік.
Алайда, біз «Өскемен халықтық республикасы. Қазақстанда орыстар «сыпайы адамдарды» күте ме? Илья Азардың репортажы» атты мақаланы оқығанда, жағамызды ұстадық. Мақала авторы айтылғандардың бәрін тонын аударып, басқаша жеткізген. Осы орайда журналистің бізді орыс шовинистері етіп көрсетуге тырысқан арсыздығынан бұрын, елімізге, оның ішінде қазақ халқына деген ащы өшпенділігі қатты ашуымызды туғызды. Сонда бізге Қазақстанда берік орнаған татулық пен тыныштықты бүлдіретіндей не көрінді?
Үлкен жауапкершілікпен айтамыз: мақал авторы жазғандарының бәрі жалған, ашық арандатушылық! Ойдан шығарылған әңгіме.
Құрметтен жұрдай болған Илья! Қазақстанда жерді, билікті және тілді дұрыс бөлмеген деп бізді сендіруге әрекеттенудің қажеті жоқ. Өйткені, біздің елде бәрінің құқығы бірдей. Мемлекетіміздің экономикасы да өсіп-өркендеу үстінде. Біздің елде ешқашан ұлтаралық шиеленістер болған емес. Болмайды да. Себебі, оған ешқандай негіз жоқ. Ең бастысы, жүзден астам ұлт өкілдері ауызбіршілікте, ынтымақта ың-шыңсыз тұрып жатырмыз. Егер қандай да бір мәселе болса, ол біздің ішкі шаруамыз, өзіміз шешіп аламыз. Оған араласудың қажеті жоқ.
Мемлекеттік тілді мәжбүрлеп үйретіп жатқан ешкім жоқ, тілді білу әрбір азаматтың еркіне, ар-ұяты мен қадір-қасиетіне байланысты. Ал орыс тіліне келсек, оған ешқандай қысым көрсетілмейді. Өскеменде барлығы 45 мектеп бар болса, соның 19-ы орыстілді білім ошақтары, 8-і мемлекеттік тілде сабақ береді. Қалғандары – аралас мектептер. Біз балаларымызды қазақ мектептеріне мәжбүрліктен емес, олардың болашағын ойлағандықтан өз еркімізбен саналы түрде беріп отырмыз.
Сонымен қатар қалалық мәслихаттағы депутаттардың, мекемелер мен кәсіпорындар басшыларының басым бөлігі – орыстар. Сондықтан жалған ақпараттарға құрылған бұл мақала Қазақстандағы орыстардың үні емес, тапсырыс бойынша сырттан тықпышталған арандатушылық идеология екенін жақсы түсінеміз және жауапты органдар тарапынан бағасын алуы тиіс деп есептейміз.
Украинадағы жағдай туралы айтар болсақ, әрине, біз олардың тағдырына алаңдаушылық білдіреміз. Себебі, онда біздің бауырларымыз, достарымыз бен таныстарымыз тұрып жатыр. Сондықтан тыныштықтың сақталуын қалаймыз.
Біз, Қазақстандағы орыстар жүзден астам ұлт өкілдерін бауырына басып, дос тұтқан қазақ бауырларды аса құрметтейміз. Тілімізді, дініміз бен ділімізді, салт-дәстүрімізді жоғалтпай сақтауға, кейінгі ұрпаққа жалғастыруға барынша мүмкіндік туғызып отырғандығы үшін шексіз ризамыз. Оның дәлелі ретінде елімізде бірінші болып Өскеменде ашылған Достық үйі мен этноауылды мақтанышпен айтуға болады. Ал баз бір арам пиғылды күштердің бірлігімізге сызат түсіргісі келген әрекеттері біздерді бір-бірімізге одан сайын жақындастырып, ұйыстыра түседі. Қадап тұрып айтамыз, біздің шырқымызды Азарлар да, бәтуасыз «Медузалар» да бұза алмайды!
О.Навозов,
«Лад» республикалық славян
қозғалысы» ҚБ-ның ШҚФ-ның жетекшісі,
О.Масленников,
«Қазақстанның орыс қауымдастығы»
ШҚФ-ның жетекшісі,
Н.Плахотин,
«Лад» республикалық славян
қозғалысы» ҚБ-ның белсендісі,
«Орыс әлемі» қорының өкілі,
В.Чмутов,
Ермак Тимофеевич атындағы
казак жерлестігінің атаманы