Біздің аймақ – чемпиондар ұстаханасына айналды
2017 жыл шығысқазақстандық спортшылар үшін ерекше табысты басталды. Жерлестеріміз елішілік қана емес, талай халықаралық бәсекеде топ жарып, Универсиада мен Азия ойындарында үздіктер қатарынан көріне білді. Облысымыз бен еліміздің намысын абыроймен қорғаған саңлақтарымыз қандай да құрметке лайық. Кеше Өскемендегі облыстық драма театрында дүбірлі додалардың жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты жиында аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ осылай деді.
Рас, 2017 жылы Шығыс спортшылары жанкүйерлеріне айрықша көп қуаныш сыйлады. Әсіресе, қысқы спорт түрлерінде өнер көрсететін жерлестеріміз ерледі. Тұңғыш рет елімізде, Алматы шаһарында жалауын желбіреткен дүниежүзілік Универсиада мен Жапонияның Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарында шаңғышыларымыз, фристайлшыларымыз бен биатлоншыларымыз ел қоржынына ондаған жүлде салды. Сонысымен Шығыс Қазақстан облысы қысқы спорт түрлері бойынша елімізде көшбасшылық орынға ие екенін тағы бір мәрте аңғартты. Мұны өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те ерекше атап өтті.
– Кезінде бір журналист бұрынғы АҚШ Президентінен «еліміздің атын қалай шығаруға болады?» деп сұрағанда, Президент «Мемлекеттің атын әлемге танытудың екі жолы бар: біріншісі – айға ұшу, екіншісі – Олимпиада чемпионы атану» деп жауап берген екен. Осыған қарап-ақ, спортшылардың жеңістері елі үшін қаншалықты маңызды екенін бағамдай беруге болады. Шүкір, біздің ел де, біздің облыс та мұндай саңлақтардан кенде емес. Шығыстан республикаға ғана емес, бүкіл әлемге танылған спортшылар шыққан және әлі де шығуда. Сіздер облысымыз еліміздегі чемпиондар ұстаханасы саналатынын тағы бір мәрте дәлелдедіңіздер. Шығысқазақстандықтар сол үшін сіздерге, спортшыларға дән риза. Сіздер болсаңыздар, өз тараптарыңыздан жерлестеріңіздің сенімдерін дүбірлі додалардағы жеңістеріңізбен ақтап келесіздер. Облыс халқы атынан сіздерге мың да бір алғыс айтқым келеді. Бүгінгі кеш сіздердің құрметтеріңізге арналады, – деген аймақ басшысы осыдан кейін бір топ спортшымызды марапаттауға кірісті.
Айта кетейік, бұл күні аймақ басшысының қолынан алғыс хаттары мен сыйлықтарға Универсиаданың екі дүркін, Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы, биатлоншы Галина Вишневская, дәл солай, Универсиаданың алтынына екі мәрте қол жеткізген, сондай-ақ, Азиада мен Әлем чемпионатында жүлдегер атанған фристайлшы Юлия Галышева сияқты қысқы спорт түрлерінің жеңімпаз өкілдерімен қатар, үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы, даңқты жерлесіміз Ольга Рыпакова да ие болды.
Хоккейшілеріміз бен волейболшыларымыздың да жетістіктері бір төбе. Салтанатты жиында Ресейдің Жоғары хоккей лигасы регулярлық чемпионатының жеңімпазы атанған, плей-офф кезеңінің финалында өнер көрсеткен өскемендік «Торпедоның» хоккейшілері мен соңғы екі жылда ел біріншілігін екі мәрте жеңген «Алтай» волейбол клубының қыздар командасына да зор қошемет көрсетілді.
– Бізге қашан да қолдау білдіріп жүретін облыс басшылығына ерекше алғыс айтқымыз келеді. Әрине, жанкүйерлеріміздің ыстық ықыласын да атап өтпеске болмайды. Біздің жеңістеріміз сіздерге арналады. Бұдан былай да сенімдеріңізді ақтауға тырысамыз, – деді «Алтай» қыздар волейбол командасының капитаны Инна Матвеева.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ алдағы мамыр айында Өскеменде волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионаты өтетінін еске салып, жерлестерінің сенімін ақтау үшін алтайлықтар сол байрақты бәсекеде жеңіс тұғырынан көрінуі керектігін айтты.
Салтанатты жиын барысында шаңғышылар Иван Люфт, Елена Коломина, Сергей Черепанов, Ердос Ахмадиев, фристайлшылар Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, биатлоншы Василий Подкорытов пен зілтемірші Дарья Павлова, сондай-ақ, спортшылардың бапкерлері сахна төріне шығып, жиналған қауымның қошеметіне бөленді. Чемпиондар ардақталған жиын концерттік бағдарламаға ұласып, соңында спортшыларға облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.
Нұржан Кенжеұлы