Қоғам

«Біздің №1» белсенді жастардың басын қосты

«Біздің №1» белсенді жастардың басын қосты


Облыста белсенді жастарды жан-жақты қолдауғаерекше мән беріледі. Осы саладағы жұмыстардың қорытындысы «Біздің №1» форумында шығарылды, аталмыш басқосуда үздіктер облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды.

Өскеменде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Тұңғыш Президент күніне орай «Біздің №1» атты XVI аймақтық жастар форумы болып өтті. Ауқымды шараны облыстық ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Оған облыстың беткеұстар жастары қатысты, олардың ішінде жұмысшы және ауыл жастарының үздік өкілдері, жастар ұйымдарының белсенділері, мемлекеттік қызметшілер, тілшілер бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жылы форумды өткізу форматы жас белсенділердің ықыластарын есепке ала отырып өзгертілген. Айталық, іс-шараның бірінші бөлігі шеңберінде оқыту семинарлары мен тренингтері өткізілді, олар ауыл жастарының бос уақыттарын дұрыс ұйымдастыруға және ынталандыруға көмектесіп, кәсіпорындардағы жастар одақтарын заңдық тіркеу және олардың қызметі мәселелерін түсіндірді.

Биылғы форум аясында таңғы сағат 9-дан кешкі 16-ға дейін қала-аудандардағы жастар орталықтары директорларына, «Серпін-2050» бағдарламасы арқылы білім беретін оқу орындарының сардарларына, жоғары және орта арнаулы білім беретін мекемелердегі жастармен жұмыс комитетінің жетекшілеріне және мемлекеттік емес жастар ұйымдары төрағаларына арналған оқыту семинар-тренингтері болды. Төрт тақырыпта өткен. Араға облыстың 300-ден астам белсенді жасы қатысты.

Форумның ресми бөлімі кешке таман «Остров» резиденциясында «Жастар балы»форматында өтті. Шараға облыс аумағындағы түрлі салада қызмет атқаратын 300-ден астам жас қатысты.

Ғажайып бал көйлектерін киген сұлу бойжеткендер мен смокинг киген сымбатты жас жігіттер «Эвент-холл» мейрамханасының ішін жайнатып жіберді. Биыл екінші жыл қатарынан жылдың үздік жастарын марапаттау рәсімі нақ осы Вена балы стилінде өткізілуде. Осы бір форматты жастардың өздері ұнатып, таңдау білдірген көрінеді.

Іс-шара барысында байқаулар да, би де, әзіл-қалжың да көп болды, әлбетте жыл үздіктеріне қошемет көрсетіп, марапаттау осы кештің басты оқиғасы болатын. Дәстүрге сай мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлестері үшін бірнеше аталым бойынша марапаттау рәсімі өткізілді. Олар – «Жылдың жас көшбасшысы», «Жылдың студент көшбасшысы», «Жас кәсіпқой», «Жылдың жастар ұйымы», «Жылдың жас журналисі», «Жылдың жастар акциясы», «Жас отбасы».

Мерекелік кеш барысында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Жеңісов белсенді жастарды
жеті номинация бойынша облыс әкімінің жыл сайынғы «Жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін» сыйлығымен марапаттады.

–Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған бүгінгі Шығыс Қазақстан облысы жастарының он алтыншы форумына қош келіпсіздер! Биыл өткенімізді тағы бір мәрте бағамдап, болашағымызға бағдар жасайтын баршамыз үшін, бүкіл Қазақстан үшін ерекше мерейлі жыл. Осы жылдар ішінде еліміз Елбасының салиқалы саясатының арқасында толағай табыстарға қол жеткізді, барлық атқарылған істер – жастар үшін, яғни сіздер үшін атқарылды, – деді Серік Жеңісов.

«Жылдың жас журналисі» номинациясының жеңімпазы Меруерт Расулователевидениеге небәрі 17 жасында келген-ді. Бірақ жастығына қарамастан ол көрермендерді өзінің алғырлығымен және қабілетімен баурапалды. Бес жылдың ішінде ол облыстық «Қазақстан-Өскемен» телеарнасындағы көптеген танымал бағдарламалардың авторы және жүргізушісі болып үлгерді.

–Өз мамандығымды жақсы көремін. Журналист болып қалыптасуыма үлес қосқан барша жандарға алғысымды білдіргім келеді. Менің ойымша, жастардың бастамаларына қолдау білдіру, ынталандыру жастарды алға жетелейді, олардың шыңдалуына көмектеседі. Бүгінгі кештің форматы өзіме қатты ұнады. Бал түріндегі кеш жастардың бәрінің көңілінен шығып отыр, – дейді Меруерт Расулова.

«Жылдың жас көшбасшысы» титулының иегері Сымбат Рамазанов өңірде жастар саясаты бағытындағы тың идеялардың авторы ретінде жақсы таныс.

– Жастар саясатын іске асырудағы еңбегімнің бағаланғанына ризамын. Бұл салада он жылдан артық жұмыс істеп келемін және осы бағытта бар күш-жігерімді салудамын. Осындай құрметті атақпен марапатталуым жолымның дұрыстығын тағы бір мәрте дәлелдеп тұрғандай. Бұл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай алған ең үздік сыйлығым. Барлық жеңімпаздарды құттықтаймын! Биыл барша номинанттар атақтарына лайық, – деп ой бөлісті Сымбат Рамазанов.

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенті Земфира Мирзаева «Жылдың студент көшбасшысы» атанды. Ол жоғары оқу орнындағы өзін-өзі басқару комитетіне жетекшілік етеді, қоғамдық іс-шараларға белсенді атсалысады. Зайсан ауданында құрылған «Дарынды жастар» бірлестігі «Жылдың жастар ұйымы» болып танылды. Олар өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамытуға септеседі. «Жас отбасы» номинациясы Әлқановтар жанұясына бұйырды. Отағасы Дәурен – мүмкіндігі шектеулі жан, арбаға танылса да өз ісін ашып, табыс тауып жүр. Орлов өндірістік кешенінің бас инженері Константин Новохатний «Жас кәсіпқой» аталымын иеленді. Ол он жылдай байыту кәсіпорында еңбек етіп келеді, осы мамандықты таңдағанына еш өкінген емес.
Жылдың ең ауқымды жастар акциясы болып «Өзің үшін» облыстық экологиялық іс-шарасы танылды, аталмыш акцияға орай өңірде 5 мыңнан астам көшет егіліп, отыз шақты сенбілік өткізіліпті.Сондай-ақ, үздік мектеп және тұрғын үй учаскелерінің сайысы ұйымдастырылған.

Кеште, сонымен қатар, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға үлес қосқан бір топ белсенді жас облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының құрмет грамоталарымен марапатталды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button