Біз өркениетті халықтың ұрпағымыз

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы ахеологтардың күнделікті атқарып жүрген шаруаларына серпін берді. Мақалада көрсетілген тапсырмаларды абыроймен орындайтынымыз сөзсіз.
Мақаланың хронологиясы бойынша айтар болсам, әуелі кен орындары мен металл өңдеу технологиясы туралы сөз болады. Шығыс Қазақстан, Алтай өңірінің жерасты байлықтары өте мол. Сондықтан Елбасы мақаласына арқау болған негізгі дүниелердің көбі осы өңірге байланысты.
Осыдан 3500-4000 жыл бұрынғы қола дәуірі металл өңдеудің ең дамыған тұсы болды. Тау-кен өндірісі де осы тұста ерекше дамыды. Қазірдің өзінде қарапайым адамдарды тау-тастың арасына жіберіп, алтын-күміс іздетсең, таба алайтыны шындық. Ал қола дәуірінің адамдары мұндай іске жүйрік болған. Бүгінде өткен дәуірдің адамдарын жабайы, ақыл-ойы кемшін көретін түсінік қалыптасқан. Шынында олардың ой-өрісі, технологиялық ойлау амалы бізден әлде қайда биік болған. Тіпті, олар тастың түсіне, жердің бедеріне қарап тұрып, қай металдың қай жерде жатқанын айыра алған. Олардың металл балқыту үшін мал сүйектерін қосып жасаған пештері, пештердің арақашықтығы, тасты қалау техникасы бүгінгілер үшін әлі жұмбақ болып келеді.
Осыдан 4000-5000 жыл бұрынғы Ботай мәдениетінің тұсында далада жүрген жабайы жылқыны қолға үйрету тарих бедерінде үлкен өзгеріс әкелді. Атты қола дәуірінің тұсында мініске пайдаланған жоқ, олар әуелі қос доңғалақты арбалар сүйретуге кірісті. Біздің эрамызға дейінгі екінші мың жылдықтың аяғы, бірінші мың жылдықтың басында мініс құралы ретінде пайдалана бастады. Адам атқа мінген соң, еуразия кеңістігіндегі адамзат тарихында үлкен өркениет, үлкен үрдіс пайда болды. Экономикалық, мәдени қарым-қатынастарда, әсіресе, соғыс кездерінде үлкен рөл атқарды. Атқа мінген соң соғыс құралдары да өзгере бастады. Қазіргі адамдар садақты айтсаң, оның симметриялық пішінін ойлайды. Шын мәнінде ат үстіндегі садақтың астыңғы жағы үстіңгі бөлігінен бір жарым есе қысқа болған. Ол ат үстінен нысана дәледеуге ыңғайлы. Ерте темір дәуірінде серіппелі садақтар мен қармақ басты жебелер жасалды.
Қорыта айтқанда, біз жаңа мемлекет құрып жатырмыз, өркениетті елміз. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен тереземізді теңестіреміз деп отырмыз. Ол үшін басқаларға өзіміздің кім екенімізді түсіндіруіміз керек қой. Тарихы болмаған елдің ондай аренаға шыға алмасы белгілі. Құдайға шүкір, сол бағытта біздің алғышарттарымыз толық. Адамзат баласының ұлы өркениетінің бастауы болған ат үйрету – біздің бабалардың еңбегі. Тау-кен өндірісі мен маталл өңдеу технологиямыз ерте кездің өзінде-ақ дамып үлгірген. Мұндай тарихымызбен, өркениетімізбен біз алдыңғы ондықтың қатарына кіруге қақылымыз. Елбасы мақаласының негізгі идеясы да, құндылығы да осы. Біз бұл бағытта ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келеміз, бұл ісі жалғастыра береміз деген ойдамыз.
Зейнолла Самашев,
археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор