Біз патриоттар тәрбиелеп жатырмыз
Шілденің ортасында «Анатолий Иванов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп – балабақша» Выдриха кешенінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Білім ошағы жаңа оқу жылына толығымен дайын.
Кешен директоры Наталья Бурцеваның айтуынша, ғимарат толықтай әктеліп, сырланған. Бөлмелерге тіпті перделер де ілініп үлгеріпті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қарқынды жүзеге асырылып жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында ғимараттың қасбетіндегі үшінші қабатта 16 пластик терезе орнатылды. Үлкен, әдемі, су жаңа терезелер химия, қазақ тілі, бейнелеу өнері пәндері өтетін бөлмелерге салынған. Бұл мақсатқа бюджеттен 2 миллион 119 мың теңге бөлініпті. Жарияланған байқау қорытындысы бойынша жұмыс тендерін өскемендік «Маржан» ЖШС жеңіп алған екен.
– Мердігер серіктестік тиісті жұмыстарын өте жауапкершілікпен
орындады,- дейді әңгімесін жалғастырған Наталья Михайловна,- алдымен кәсіпорын мамандары келіп, әр терезенің өлшемін алды. Соңына дейін өз жұмыстарын сапалы атқарып шыққанына қуаныштымыз.
Директордың сөзіне қарағанда, байқау өткеннен кейін 714 мың теңге көлемінде қаржы үнемделіпті. Үнемделген бұл қаражатқа ғимараттың тағы бірнеше терезелерін жаңарту жоспарланып отыр.
Соңғы бірнеше жылда аталған оқу орнын абаттандыруға, сонымен қатар, тірек ауылды көгалдандыруға мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенін ерекше атап өткен жөн. Мәселен, 2012 жылы облыстық және аудандық бюджеттерден мектеп шатырын күрделі жөндеу үшін 43 миллион теңге бөлінген. Ол кезде де ғимарат қасбетіндегі терезелердің басым бөлігі жаңаланған болатын. Жаңа терезелер жылуды сақтайтындықтан сынып бөлмелері бұрынғыдай салқын емес, анағұрлым жыли түсті. Сол жұмыстарды орындаған мердігер фирма «Өскемен-пласт» сыйлық ретінде ғимараттың кіреберісін жасап, бір қуантқан еді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мектеп аумағындағы волейбол-баскетбол алаңын жабдықтауға 8 миллион теңге бөлінді. Осы кезеңде ғимарат электрмен жылытуға көшірілді (бұған дейін мектеп сұйық отынмен жылытылатын).
2013 жылы аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 миллион теңгеге мектеп – балабақша орналасқан Центральная және Иванов көшелерінің жолы жөнделді. 5 миллион қаражатқа кешен мен санаторий маңында тротуарлар орнатылды.
Сонымен қатар, 4 жыл бұрын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Выдриха» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Э.В.Циглер» шаруа қожалығының қаражаты есебінен мектептегі өлкетану мұражайына толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, төрт пластик терезе салынып, соңғы үлгідегі керілмелі төбелер орнатылған.
Осындай игі істердің нәтижесінде мектеп-балабақша мен оның аумағы айтарлықтай жаңарып, көз қуантады. Дегенмен, шешімін таппаған тағы браз мәселе бар. Мәселен, спорт залы күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, ағын сулар ғимаратты бүлдірмес үшін арнайы құрылғы орнату қажет. Кәріз жүйелері мен су құбырларын да жөндеу керек. Мектеп-балабақша директорының айтуынша, бұл мәселелер үнемі бақылауда және болашақта шешілер деп сенеді.
– Мемлекеттің қамқорлығы ауылымыз үшін өте маңызды,-дейді
Выдриха ауылдық округінің әкімі Любовь Ступенько. – Выдриха күннен-күнге гүлденіп келеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының шарттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жергілікті тұрғындар да тартылады. Мәселен, мектепке 16 терезе орнату жұмыстарына ауыл тұрғыны Виктор Пухарев те атсалысты. Бұған дейін ол жұмыссыз болып, жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған еді. Өзіне тиесілі жұмысты ол жауапкершілікпен атқарған соң, «Уба» санаторийіне тұрақты жұмысқа қабылданды.
Енді міне, мектептегі жөндеу жұмыстары да аяқталып, ғимарат жарық, мұнтаздай таза болды. Кешеннің балабақша орналасқан жағынан бүлдіршіндердің көңілді дауыстары мен сыңғырлаған күлкілері естіледі. Жөндеу жұмыстары кезінде уақытша жабылған сүйікті балабақшаларын, достарын сағынып та қалғандай. Бүгінде балабақшада 46 бүлдіршін тәрбиеленуде. Шағын ауыл болса да, Выдриха жылдан-жылға көркейіп келеді. Қалаға қашқан жастар жоқ, керісінше, туған жердің түтінін түтетіп, бала-шағаларын оқытып, тәрбиелеп отыр.
Жаңа оқу жылының басталуына бір айдан астам ғана уақыт қалды. Бірінші қыркүйекте білім ордасы 270 оқушыға есігін айқара ашады. Олардың ішінде мектепке дейінгі даярлық сыныбының бүлдіршіндері де бар. Жаңа оқу жылында оқушылар ғана емес сонымен қатар, ұстаздар қауымы да жаңа жетістіктер мен табыстарға қол жеткізеді деп сенеміз. Себебі, Выдриха ауылы қашанда білімді шәкірттерімен, білікті ұстаздарымен мақтана алады. Мәселен, мектеп мұғалімдері биылғы мамыр айында Түркістан қаласында «Үздік педагогикалық ұжым-2016» тұңғыш республикалық форумы аясында өткен «Ұстаз – дос және тәлімгер» байқауында өздерінің кәсіптік шеберліктерін көрсетіп, жүлделі үшінші орынды иеленді.
Мектептің мұражай жұмысына қатысып жүрген оқушылар Барнаул қаласында өткен мұражайлар туралы жедел репортаждардың халықаралық байқауына қатысып, табыспен оралды.
Былтырғы оқу жылында жоғарғы сынып оқушысы Марина Шотт облыстық Абай оқуларында жүлделі екінші орынды алды. «Лад» шығармашылық бірлестігі өткізген байқауда Анжелика Агеева мен Света Васильеваның шығармалары да жоғары бағаланып, жүлделі орындарды жеңіп алды. Мектептер мен колледж оқушылары арасында өткен сайлау құқығын білу облыстық байқауында Даша Молокова үшінші орынды иеленді. Оқушылардың мұндай жетістіктерін әлі де көптеп келтіруге болады.
– Біздің педагогикалық ұжым ұйымшыл әрі білім-білігі жоғары,-дейді Наталья Бурцева, – «мектеп-балабақша» кешенінде 68 адам жұмыс істесе, оның отызы – мұғалімдер. 11 сыныпты тәмамдаған түлектеріміз өз елімізде ғана емес, көршілес Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруда. Барлығы да ұстаздарын жерге қаратпай, бастаған істерін соңына дейін жеткізіп, сүйікті мамандықтарының иесі болып жүргенін мақтан етеміз.
Наталья Малюкевич
Шемонайха ауданы